Квазимемлекеттік секторды реформалау мәселесі өзекті тақырыптардың тізімінен түскен емес. «Мемлекет ішіндегі мемлекет» аталып кеткен құрылымның компаниялары бізге қаншалықты керек деген сұрақ та жиі қойылады. Президент те квазимемлекеттік компанияларды корпоративтік басқару ісін жақсарту мәселесін шешу маңызды міндет екеніне бірнеше рет тоқталған болатын. Тіпті, реформалау мүмкін емес болса, құрылымдағы кейбір компаниялардың экономикамызда мүлде болмағаны жөн деп кесіп айтқан еді.
Мәселен, 2020 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы тұтас квазимемлекеттік секторды реформалау ісін жалғастыру қажет екенін айтты.
– Елімізде ондаған ұлттық компания және он мыңдаған мемлекеттік кәсіпорын бар. Бұл ретте ірі квазимемлекеттік мекемелер акционерлік қоғам ретінде жұмыс жүргізеді, яғни олардың мақсаты – пайда табу. Егер мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі оларға берілсе, мұндай компаниялардың жұмысы азаматтарға және экономикаға нақты қызмет көрсетуге арналып, қосымша сипатқа ие болуы тиіс. Көптеген акционерлік қоғамда қалыпты түсініктер ауысып кеткен. Корпоративтік басқару қосымша бюрократиялық рәсімге айналып отыр. Тұтас квазимемлекеттік секторды реформалау ісін жалғастыру қажет, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал 2022 жылғы қаңтардағы Мәжілістің жалпы отырысында Президент «Самұрық-Қазына» қоры қаншалықты тиімді деген мәселені көтерді. Президенттің айтуынша, бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды.
– Осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторын айқындайды. Осы тұста қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма? Яғни, ұлттық байлықты еселей алды ма? деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? – деді Мемлекет басшысы.
Президент қызметі өте қымбат консталтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма деп сұрақ қойды.
– Сондықтан Үкіметке стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер қорды реформалау мүлде мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн, – деді Қ.Тоқаев.
Дегенмен жақында, нақтырақ айтқанда, 12 маусымда «Самұрық-Қазына» өткізген брифингте қор басшысы Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызын құрайды» деген мәліметке қатысты өз уәжін айтты. Қор төрағасының мәліметіне қарасақ, Қазақстанның 2024 жылғы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемі –134 трлн теңге.
– Сол кезеңдегі «Самұрық-Қазына» АҚ табысы 16,5 трлн теңге болды, бұл ЖІӨ-нің тек 12 пайызы ғана. Алайда аталған көрсеткіш ЖІӨ-дегі нақты үлесті емес, табыс көлемінің салыстырмалы шамасы, – деп толықтырды қор басшысы.
Маусымның басында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» компаниясының қазақстандық өндірушілерден тауар сатып алу көрсеткішін сынаған болатын. Ал «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтылып жатқан сын мен ұсыныстардан хабардар екенін айтқан еді. Ол «аудиторлық тексеріс аяқталғаннан кейін қажетті ақпарат жарияланады» деген болатын. Қазір жоғарғы аудиторлық палата «Самұрық-Қазынаға» аудиторлық тексеріс жасап жатыр. Оны аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов та растады. Қор басшысының сөзінше, тексеріс шілдеде аяқталады.
Қозғаушы күш емес, кедергі
Президент, Үкіметпен қатар Парламентте де қордың мәселесі талай рет «майшаммен қаралған». Өткен аптада Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Әділ Жұбанов Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қазіргі жұмысындағы олқылықтарды жіпке тізіп, түбегейлі институционалдық реформа қажет деп мәселе көтерді.
Депутаттың айтуынша, 2008 жылы құрылған «Самұрық-Қазына» қоры Temasek Holdings (Сингапур) үлгісіндегі экономикалық өсу драйвері ретінде ұсынылғанымен, арада он жылдан астам уақыт өтсе де, Қор өзінің бастапқы мақсатына сай қызмет атқарып отырған жоқ.
– Қоғамда бұл қорға деген сенімсіздік күшейіп келеді. Тиімділік, ашықтық және есеп беру мәселелері шешілмеген күйде қалды. Бұған қоса, Қордың еншілес компаниялары нарықтық экономикаға артық араласу арқылы бәсекелестікке нұқсан келтіріп отыр, – деді Әділ Жұбанов.
Оның дерегінше, 2023 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының мемлекеттік сатып алуларының 60 пайыздан астамы бір көзден жасалған. Ал «Бәйтерек» холдингінде бұл көрсеткіш шамамен 50 пайыз болған. Депутат мұны ашық нарық қағидаттарына қайшы келетін, жемқорлық қаупін арттыратын және монополия тудыратын тәжірибе деп бағалады.
– Біз Temasek моделін бейімдеуге тырыстық, бірақ ол нәтиже бермеді. Өйткені Қазақстандағы институционалдық бақылау тетіктері әлсіз, ал сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары. Transparency International ұйымының 2023 жылғы индексі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 93-орында тұр, – деді ол.
Сондай-ақ депутат активтердің шамадан тыс шоғырлануы (ЖІӨ-нің 50 пайызына дейін), сыртқы аудиттің болмауы және негізгі компаниялардың қаржылық көрсеткіштерінің нашарлауы басқару жүйесінің тоқырағанының белгісі екенін айтты. Мысал ретінде «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «KEGOC» сияқты ірі ұлттық компа-
ниялардың кірісі азайғаны мен қарыз жүктемесі өскенін атап өтті.
Осыған байланысты депутат нақты ұсыныстарын да айтты. Біріншіден, Қор мен оның еншілес компанияларына кешенді, тәуелсіз сыртқы аудит жүргізу қажет. Аудит инвестициялық саясатты, корпоративтік басқаруды, сатып алу процестерін және мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін қамтуға тиіс. Нәтижесі бойынша нақты ұсыныстар әзірленуі керек.
Екіншіден, бейінді активтерді (логистика, құрылыс, телекоммуникация, жер қойнауын пайдалану, өңдеу өнеркәсібі және т.б.) біртіндеп бәсекелі ортаға беру қажет. Стратегиялық маңызы бар активтер (көлік және энергетика инфрақұрылымы, қорғаныс, ядролық және су қауіпсіздігі) мемлекеттің бақылауында қалуы керек.
Үшіншіден, Қорды трансформациялаудың нақты жол картасын әзірлеу және бекіту. Онда мыналар қарастырылға тиіс: бейінді емес активтерден арылу; бір көзден сатып алуды азайтып, ашық электронды тендерлер жүйесін енгізу; директорлар кеңесіне халықаралық деңгейдегі тәуелсіз мамандарды тарту.
Төртіншіден, «Самұрық-Қазынаның» қазіргі форматта сақталу тиімділігін қайта қарау. Егер ұсынылған реформалар іске аспайтын болса, Қор активтерін салалық ми-
нистрліктерге тапсырып, оны орталықтандырылған холдинг ретінде кезең-кезеңімен тарату қажет.
– Мемлекет экономикадағы өзінің үлесін қысқартуға, Қордың жеке сектордың функцияларын қайталауын тоқтатуға тиіс. Тек осындай жағдайда ғана біз инвестициялық тартымдылықты арттырып, халықтың ұлттық компанияларға деген сенімін қалпына келтіре аламыз, – деді ӘділЖұбанов.
«ЭЫДҰ қағидаттары – басты бағыт болуға тиіс»
Квазимемлекеттік секторды басқару моделін реформалағанда әлемнің дамыған елдері ұстанатын корпоративтік басқару стандарттарын басшылыққа алу керек. Атап айтқанда, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қағидаттары институционалдық реформалардың басты бағыты болуға тиіс. Осындай пікірді Halyk Finance сарапшылары айтқан болатын.
2023 жылдың аяғында Үкімет Қазақстанның болашақта ЭЫДҰ-ның мемлекеттік кәсіпорындарды басқару жөніндегі жетекші қағидаттарын қолдануға әзір екенін мәлімдеді. Бұл – елдегі корпоративтік басқаруды халықаралық деңгейге жақындатуға бағытталған алғашқы саяси мәлімдемелердің бірі.
Алайда Halyk Finance сарапшылары зерттеу жұмысында айтып өткендей, бұл ниеттің жүзеге асуы тек мәлімдемемен шектелмеуі керек, оны жүйелі әрі нақты институционалдық өзгерістер арқылы бекіту қажет. Сарапшылардың тұжырымынша, қазір Қазақстандағы мемлекеттік кәсіпорындарды басқару жүйесі ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибесінен айтарлықтай алшақ. Ең басты құрылымдық проблема – квазимемлекеттік секторды басқаруға арналған бірыңғай мемлекеттік саясаттың жоқтығы. Мемлекеттік активтердің қайсысының стратегиялық маңызы бар, қайсысын жеке секторға беру тиімді болады, міне осы секілді мәселелердің нақты экономикалық негіздемесі жасалмаған. Нақтылықтың болмауы мемлекет меншігінің тиімділігіне күмән туғызып қана қоймай, жеке сектордың даму мүмкіндігін шектейді.
– Мәселенің өзектілігі Дүниежүзілік банктің 2023 жылы қарашада жариялаған «Бәйтерек» холдингіне қатысты есебінде де нақты айтылды. Банктің бағалауынша, холдингтің корпоративтік басқару тәжірибесі не ЭЫДҰ стандарттарына, не жаһандық үздік практикаларға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, директорлар кеңесінің саясилануы, Премьер-Министрдің төрағалық етуі, кеңес мүшелерінің тек үштен бірінің ғана саяси тәуелсіздігі – басқарудың бейтараптығы мен стратегиялық тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды. Банктің ұсынысы бойынша, кеңес құрамын толықтай саяси тәуелсіз директорлардан жасақтау, еншілес ұйымдарға холдинг тарапынан араласуды шектеу және Парламент пен Жоғары аудит палатасы арқылы тұрақты есептілік тетігін енгізу – басқару сапасын арттырудың басты алғышарты, – дейді Halyk Finance сарапшылары.
Осыған ұқсас проблемалар «Самұрық-Қазына» сияқты басқа да ұлттық компанияларда бар. Бұл ретте Halyk Finance сарапшылары Дүниежүзілік банк ұсынып отырған реформалар тек «Бәйтерекке» ғана емес, тұтас квазимемлекеттік секторға қолданылуға тиіс деп есептейді. Олардың пікірінше, директорлар кеңесіндегі саяси шенеуніктердің санын қысқарту, мемлекеттік қатысудың негіздемесін ашық көрсету, бәсекелес нарықтарға мемлекеттің басы артық араласуын шектеу мемлекеттік саясаттың өзегіне айналуы керек.
Сондай-ақ, зерттеушілердің тұжырымынша, экономикада мемлекеттің шамадан тыс араласуы бәсекелестікті шектеп, жеке сектордың толыққанды дамуына кедергі келтіреді. Осы орайда антимонополиялық органның рөлін күшейтіп, мемлекеттік кәсіпорындардың жеке сектормен негізсіз бәсекеге түсуінің жолын кесу – экономикалық жүйенің әділдігін қалпына келтіру үшін маңызды қадам болмақ.
– Жалпы алғанда, корпоративтік басқару жүйесін реформалау – саяси ерік-жігерді ғана емес, сондай-ақ техникалық тұрғыда дәл есептелген құрылымдық өзгерістерді талап ететін күрделі процесс. Бұл тұрғыда ОЭСР стандарттары Қазақстан үшін тек бағыт қана емес, сонымен бірге нақты бағалау өлшемдері мен тәуелсіз мониторинг тетіктерін ұсынатын дайын институционалдық құрал ретінде қарастырылуы тиіс, – деп жазылған зерттеуде.
Қорытындылай келе, квазимемлекеттік секторды басқару саласындағы қазіргі жағдай мемлекеттің экономикалық саясаттағы рөлін қайта пайымдауды және оның тиімділігін жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. ЭЫДҰ қағидаттарына негізделген басқару жүйесі елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, басқару шешімдерінің сапасын жақсартады және мемлекеттік активтердің ұзақ мерзімді тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Halyk Finance сарапшыларының қорытындысы бойынша, қазіргі жағдайда корпоративтік басқару реформаларын кейінге қалдыру Қазақстанның институционалдық дамуына, инвестициялық ахуалына және жеке сектордың бәсекеге қабілеттілігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Сондықтан, аналитиктердің пайымда-
уынша, корпоративтік басқарудағы реформалардың негізгі бағыты мыналар болуға тиіс: саяси тұлғалардың директорлар кеңесінен шығарылуы; мемлекеттің араласуын нақтылау; бәсекелес нарықтарға квазимемлекеттік сектордың қатысуын азайту, сондай-ақ тәуелсіз қадағалау мен есеп беру тетіктерінің енгізілуі.
Сапарбай Жобаев,
экономист, экономика ғылымдарының кандидаты:
Бюджетке салмақ салып отыр
– 2005-2010 жылдары мемлекет меншігінің ел экономикасындағы үлесі 50 пайыз шамасында болды. Осы мемлекеттік кәсіпорындарды басқару үшін «Самұрық» атты құрылым құрылды. Бұл агенттік сияқты ұйым еді. Кейін бюджеттен қаржыландыру мақсатында «Қазына» қоры құрылып, ол мемлекеттік кәсіпорындардың жарғылық капиталына ақша бөлу және оларды дамыту ісімен айналысты.
Уақыт өте келе, олигархтардың ықпалымен осы екі құрылым, «Самұрық» пен «Қазына» біріктіріліп, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры құрылды. Экономикалық реформалар жүріп жатқан кезде мұндай қор қажет те болған шығар. Бірақ мемлекеттік меншіктің 50 пайыздан асып кетуі бұл жүйені жемқорлыққа белшесінен батырып жіберді. Қазір мемлекеттік меншіктің үлесі 60 пайызға дейін жетті.
Бастапқыда бұл уақытша қадам деп түсіндірілді. Алайда, билік мемлекеттік меншікті көбейте берді. Себебі мемлекеттік активтер арқылы пайда табуға мүмкіндік болды. «Қазына», кейін «Бәйтерек», «Даму» сияқты қорлар мемлекеттік кәсіпорындарды бюджеттен қаржыландырып отырды. Ал жеке сектор банктерге тәуелді болып қалды. Базалық ставка жоғары болғандықтан, жеке бизнес дамымай қалды.
Осылайша, елімізде шағын және орта бизнес оңалған жоқ. Қанша қаржы бөлінгенімен, ауыл шаруашылығын дамыту қорларының әрекеті жеткіліксіз болды. Себебі ірі мемлекеттік кәсіпорындар барлық нарықты жаулап алды. Қазір шағын және орта бизнестің үлесі 30-35 пайыз ғана. Кейбір статистикада 38 пайыз деп көрсетіледі, бірақ бұл нақты көрсеткіш емес. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайыз. Мемлекеттік меншіктің көлемі, жемқорлық жайлап кетуі, орта және шағын бизнестің тежелуі – осының бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.
2011 жылы, мемлекеттік кәсіпорындар көбейіп кеткеннен кейін, оларды азайту туралы шешім қабылданды. Инвестициялық комиссия құрылып, шетелдің тәжірибесі мол мамандары да қатысқан еді. Сол кезде «мемлекеттік кәсіпорындарды IPO-ға шығарып, жекешелендіру керек» деген шешім қабылданды. Бірақ бұл бастама іске аспады. Себебі жемқорлық басым болды. Жолдауларда жыл сайын жекешелендіру туралы айтылып келеді, бірақ іс жүзінде ештеңе іске аспай жатыр. Қайта мемлекет меншігінің үлесі артып барады. Өйткені жеке компаниялардың барлығы – саяси ықпалы барлардың қолында. Сондықтан бұл жүйені өзгерту қиын. Мәселен, Индустрия министрлігінің айналасында 200-ден астам мемлекеттік ЖШС бар. Бір істі шешу үшін солардың ішінен өтіп, шаршап шығасың. Бұл инвестиция климатына да зиянын тигізіп отыр. Себебі нақты кім шешім қабылдайтынын ешкім білмейді.
Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры Қазақстандағы квазимемлекеттік секторға теріс баға беріп отыр. Мысалы, көрші Өзбекстан мен Ресейде мұндай әл-ауқат қорлары жоқ. Квазимемлекеттік кәсіпорындар бар, бірақ оларды Қаржы министрлігіне бағынышты шағын агенттіктер басқарады. Коммунистік Қытайдың өзінде мемлекеттік меншіктің үлесі бар болғаны 22-25 пайыз ғана.Дүниежүзілік банк бірнеше рет талап қойып, Үкімет жыл сайын бағдарлама қабылдап келеді. Мысалы, биыл 250 кәсіпорынды жекешелендіреміз деген жоспар бар, бірақ жарты жыл өтті – біреуі де сатылған жоқ. Бюджет шығыны – 25 триллион теңге, бірақ кіріс – 17 триллион. Көп елдерде жекешелендіруден триллиондап табыс түсіп жатады. Ал бізде совет дәуірінен бері тек 200 миллиард теңге ғана пайда түскен. Жекешелендіру арқылы табыс табуға болар еді, бірақ нақты жоспар жоқ.
Квазимемлекеттік компаниялар жеңілдіктер алып, салық төлемеуге тырысады. Сөйтіп, салық төлеудің орнына бюджетке салмақ салады. Олигархтар миллиардтаған пайда тапса да, салық төлемейді. Ал халық қымбатшылықтан қиналып отыр. 2024 жылы бюджетке түсуге тиіс болған 17 триллионның орнына тек 13,5 триллион теңге ғана түсті. Содан кейін Үкімет қосымша құн салығын көтеріп, халықтың қалтасына қол салып отыр. Мысалы, «ТеңізШевройл» жыл сайын 2,5-3 триллион теңге салық төлейді. Ал «ҚазМұнайГаз» болса, 169 миллиард төлеп, «міне, төледік» деп мақтанады, бірақ сонымен қатар бюджеттен 1 триллион теңге алып отыр.
Президент осы мәселені айтып келеді, тапсырма да берді, бірақ орындалмай отыр, осылайша нәтиже де жоқ.
Мұрат Қастаев,
экономист, DAMU Capital Management бас директоры:
Мемлекет үш шарт қойып, қалғанына араласпауы қажет
– Қазіргі қанатын тым кеңге жайған квазимемлекеттік аппарат –шынымен де еліміздің экономикалық өсімін тежеп отырған басты фактордың бірі. Экономикада мынадай заңдылық бар: мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың үлесі артқан сайын, жеке бизнестің кеңістікке шығуына мүмкіндік азая береді. Түрлі бағалауларға сүйенсек, еліміздің экономикасының кемінде жартысы, ал кейбір есеп бойынша үштен екісі дәл осы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қолында. Бұл – өте көп.
Мұндай құрылымдар экономикаға шынайы қосылған құн қоспайды, өйткені мемлекеттік органдар тікелей бюджеттен қаржыландырылады, ал квазимемлекеттік сектор көбіне тек ақша ағынын қайта бөледі немесе сол баяғы бюджетке арқа сүйейді. Сондықтан оларды қысқарту қажет. Бұл қадам жеке кәсіпкерліктің жаңа тынысын ашады, кеңістік береді.
Дамудың басты қозғаушы күші дәл осы жеке бизнес екенін ұмытпауымыз керек. Ол бәсеке қызып тұрған ортада жұмыс істеп, жаңа технологияларды енгізеді, жұмыс орындарын ашады, салық төлейді, еңбек өнімділігі мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартады.Мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту туралы айтылып келе жатқанына біраз жыл болды. Бірақ жекешелендіру қарқыны өте баяу. Қайта қысқартудың орнына жаңадан құрылымдар пайда болып жатыр. Мұның себебі де түсінікті: квазимемлекеттік сектор – мемлекеттік сектордың жалғасы. Олар – мемлекеттік бюджеттің бір тармағы, биліктің тетіктері, ресурстың қайнар көзі. Яғни, билік өз құрылымдарын қысқартып, өзін-өзі тиімді етуге мүдделі емес. Биліктен мұны талап ете алатын – Парламент. Президент реформаларды бастап жатыр және ол реформалардың бағыты да дұрыс. Бірақ отыз жыл бойы қалыптастырған мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгермейінше, шынайы нәтиже беруі қиын. Реформа қарқыны барынша батыл, жылдам болуға тиіс. Қазіргі күрделі геосаяси жағдай бұл қажеттілікті тіпті күшейтіп отыр. Президенттің жалғыз өзі бәріне үлгеруі мүмкін емес, оған тиімді мемлекеттік басқару жүйесі қажет.
Квазимемлекеттік сектордың мінсіз моделі қандай болар еді дегенге жауап берер болсам, меніңше, ең дұрысы ол мүлде болмауы керек. Стратегиялық маңызы бар салалар мен активтер мемлекет бақылауында қалуы керек, ал қалған салада жеке бизнес еркін жұмыс істеуге тиіс. Мысалы, «Самұрық-Энерго» деген компания не үшін қажет? Оның қызметін Энергетика министрлігі-ақ атқара алады. Сол секілді «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингтерінің құрамындағы компаниялар онсыз да жұмыс істей алады, өйткені бұл холдингтер пайдасыз бюрократияны ғана көбейтіп отыр. Олар өздері ешқандай өнім немесе құн өндірмейді, тек арадағы делдал. Бірақ кеңселері қымбат, жалақылары жоғары. Егер ертең «Самұрық-Қазына» жабылып қалса, ештеңе де өзгермейді. «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», ҚТЖ, «Эйр Астана», «Қазақтелеком», KEGOC, «Қазпошта» бәрі жұмысын жалғастыра береді. Ал осы қорды ұстауға кеткен миллиардтаған теңге үнемделеді. Иә, ондағы қызметкерлер қысқарады, бірақ олар өзге жұмыс табады, жеке секторға кетеді, кәсіпкер болады. Сол кезде өнімсіз еңбек өнімді еңбекпен алмасады, ал бұл жалпы экономиканың тиімділігін арттырады.
Егер мемлекет экономикадағы үлесін азайтса, ол мемлекеттің өзі үшін де тиімді болар еді: Үкіметтің мәселелері азаяды, өзі ықшам әрі тиімді жұмыс істейтін құрылымға айналады. Стратегиялық маңызы жоқ және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмейтін барлық саланы нарыққа беру керек.
Мемлекет бизнестің алдына мынадай үш шарт қойып, қалғанына араласпауы қажет: заңды бұзба, елімізде жұмыс орындарын аш, салықты толық төле. Мемлекет нақты, анық талап қояды, ал оны бұзғандарға қатал шара қолданады. Қалғанының бәрін нарық шешеді.
Ең өкініштісі, қазір уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр. Экономикамыздың іргетасы – мұнай. Ал бұл ресурсқа деген жаһандық сұраныс күннен-күнге азайып келеді. Болашақта оның бағасы да, маңызы да азаяды. Біз тәуелсіздіктің 30 жылында осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алмадық. Тәуелсіздігімізді сақтау – үлкен жетістік, бірақ халықтың әл-ауқатын еселеп арттыруға болатын мүмкіндік те сонымен бірге қолдан сусып кетті. Алда бізді тағы 30 жылдық тыныш әрі ресурсқа бай кезең күтіп тұрмауы да мүмкін. Егер осы онжылдықта батыл серпіліс жасай алмасақ, экономикамызды адами капиталға, білім мен технологияға негіздей алмасақ, онда кері қайтару мүмкін емес кері кету процесі басталады. Сол кезде дамушы елдер қатарынан түсіп, «үшінші әлем» елдерінің сапына қосылу қатері нақты қауіпке айналады.
Жарас Ахметов,
экономист:
Рентаны қайта бөлу құқығынан айыру қажет
– Ұлттық компаниялар дәстүрлі түрде мемлекеттік басқарудың экономиканы реттеу құралы ретінде қызмет етеді. Алайда іс жүзінде бұл құрал көбінесе рентаны тар шеңбердегі элита арасында қайта бөлу үшін пайдаланылады. Сондықтан квазимемлекеттік секторды нақты реформалау мүмкін емес болып тұр.
Ұлттық компанияларды рентаны қайта бөлу функциясынан айыру арқылы ғана олардың экономикадағы рөлі туралы салмақты әңгіме айтып, талқылауға мүмкіндік ала аламыз. Ал, оған дейінгі кез келген реформа – мәнсіз, бекер, ешбірі айтарлықтай өзгеріс әкелмейді.
Сонымен қатар мемлекеттің экономикадағы рөлін түбегейлі қайта қарап, экономикаға мемлекеттің араласу моделін қайта ойластыру қажет екені – о бастан түсінікті жайт.
P.S. Корпоративтік басқару жүйесін реформалау – саяси ерік-жігерді ғана емес, техникалық тұрғыда дәл есептелген құрылымдық өзгерістерді талап ететін күрделі процесс. Десе де, өткен онжылдықтың басынан бері айтылып, бірақ нәтижесіз қалып келе жатқан бұл мәселенің соншалықты созбалаңға салынуы елдің даму қарқынын айтарлықтай тежеп отырғаны анық.
Сарапшылардың пікірін қорытындыласақ, не істеу керек екені, қандай қадам жасау керек екені белгілі деуге болады. Талқылаудан, таразылаудан, сараптау мен саралаудан кенде емеспіз. Тек әрекетке келгенде, қол байлаулы, аяқ тұсаулы сияқты.