«Чемпиондық рух» жобасының кезекті жаттығуы Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Күрті ауылында өтті.
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Чемпиондық рух» жобасы аясында танымал спортшылар мен ауыл тұрғындарына арналған таңғы жаттығу өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру және бұқаралық спортты дамыту арқылы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Таңғы жаттығуға 150-ге жуық адам – елімізге және әлемге танымал спортшылар, жоба амбассадоры және ауыл тұрғындары мен Жастар қанатының белсенділері қатысты. Қатысушылар қатарында: Алматы облыстық мәслихат депутаты, Сағадат батыр атындағы спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсу және грэпплинг спортынан спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров, джиу-джитсудан 3 дүркін әлем чемпионы, аралас жекпе-жектен Азия чемпионы Қымбат Ахмет, қоян-қолтық ұрыстан екі дүркін әлем чемпионы Шынар Кенжебаева, «Жастар Рухы» Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов және өңірдегі белсенді жастар бар.
Жоба амбассадоры Нұрсұлтан Орынбасаров шалғай ауылдар мен елді-мекендерде спортпен шұғылдануға жағдай жасау маңызды дейді:
«Бұқаралық спортты дамыту – ұлт денсаулығының кепілі. Алайда шалғай ауылдарда жастар үшін спортпен айналысатын жағдай жасалмаған. Жергілікті жастар бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік таба алмай, спортпен шұғылдануға ынтасы бола тұра, қолайлы жағдайдың жоқтығынан тыс қалып отыр Осындай іс-шаралар арқылы біз ауыл жастарын шабыттандырып, оларға қолдау көрсетуге тырысамыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Ауылдарда тұрақты түрде спортпен айналысуға арналған инфрақұрылым қажет.. Бұл тек Күртіге емес, көптеген шалғай ауылдарға тән ортақ проблема», – деді Нұрсұлтан Орынбасаров.
Ал «Жастар Рухы» Алматы облыстық филиал төрағасы Медет Бекбергенов атаулы жоба жыл бойы аймақтың басқа аудан, ауылдарын қамтитын болады дейді.
«Чемпиондық рух» жобасы түрлі жастағы және санаттағы азаматтарды біріктіреді. Біз ауылдарға барып, жастарға ғана емес, сондай-ақ, егде жастағы тұрғындарды қамтуға ниеттіміз. Жоба аясында тек таңғы жаттығулармен шектелмей, сондай-ақ, түрлі бағыттар бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады. Алдағы уақытта облыстың түкпір-түкпірін қамтып, спорттық шаралар, мотивациялық кездесулер, чемпиондармен диалог алаңдарын ұйымдастыру жоспарда бар», – деді «Жастар Рухы» Алматы облыстық филиалының төрағасы Медет Бекбергенов.
«Еңбекқорлық – үлкен жетістікке апарар басты жол деп ойлаймын. Нағыз жеңіс – күн сайынғы тынымсыз жаттығу мен тәртіптен, табандылықтан басталады. Менің жеңісім де – ұзақ уақыттық еңбектің, төзім мен жанкештіліктің нәтижесі. Өз тәжірибем арқылы еңбек етудің адамды биікке жетелейтінін дәлелдегім келеді», – деді ауыл мақтанышы бокстан жасөспірімдер арасында ҚР-нің және Азия чемпионы Жансая Нұрланқызы.
«Чемпиондық рух» жобасы – осындай түйткілді мәселелерге назар аудартып, салауатты өмір салтын ауыл жастары арасында кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған бастама. Жоба аясында танымал спортшылар шалғай ауылдарға барып, жастармен жүздесіп, мотивациялық әңгімелер айтып, жаттығу жұмыстарын өткізуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, еліміздің әр өңіріндегі ауыл жастарының дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасауға серпін бермек.