Таразда 74 жастағы әжей Валентина Проскурина университет бітіріп, заңгер атанды, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл Валентина Проскуринаның екінші жоғары білімі. Бұған дейін инженер-экономист болған, енді Тараздағы университеттің заң факультетін үздік тәмамдады. Айтуынша, бұл білім жұмыс барысында қажет болады.
Қазіргі уақытта Валентина Павловна мектепке дейінгі тәрбие саласында сарапшы. Бұл салада жиі даулар туындайды. Сондықтан ол заңгер болуды нақты мақсат еткен.
«Сіз экономистсіз, заңға қандай қатысыңыз бар?» дегендер болды. Сонда мен: «Менде заңгер дипломы бар» деп нақты айта алу үшін осы жолға бел будым», - дейді университет түлегі.
Білім саласында жарты ғасыр еңбек еткен университет ректоры Махметғали Сарыбеков мұндай жастағы студентті алғаш рет кездестіріп отыр. Айтуынша, Валентина Павловна жастарға үлгі болды.
«Оқу қай жаста болса да кеш емес. Ол кісі кезінде экономика саласы бойынша бір білім алған. Осындай түлектеріміз көбейсе, біз қуанамыз. Себебі жастарымыз оларға қарап сап түзейді. Оларға қарап жауапкершілікті үйренеді», - дейді Махметғали Сарыбеков.
Екі жыл бойы бірде-бір сабақты қалдырмаған Валентина Павловна жаңа білім көкжиегін ашты. Ол үшін жас – жай ғана сан.
«Әр туған күн – жаңа білім, жаңа тәжірибе. Мен 120 жасқа дейін өмір сүріп, белсенді әрі еңбекқор болғым келеді», - дейді Валентина Проскурина.
Қазір ол Алматыда тұрады. 20-дан астам кітап пен мақала жазған. 9 немере мен 2 шөбере сүйіп отырған әже енді магистратураға түсуге ниетті. Өйткені оқу ешқашан кеш емес.