ББҚ: біз не ішіп жүрміз?

/
ББҚ: біз не ішіп жүрміз?
сурет: istockphoto.com

Биологиялық белсенді қоспа ішу – қазір кең тараған үрдіс. Сәнге айналып, салауатты өмір салтының бір бөлігі ретінде қабылданатын болған. Жарнамасы да жер жарады. Әсіресе, әлеуметтік желі, маркетинг желілерінде сауда қызып тұр. Қоғамда да барлық дертке дауа, жанға шипа әмбебап панацея ретінде қарайтындар жетерлік. Сұраныс та, ұсыныс та көп. Ал на­рық­ты реттейтін нақты тетіктер жоқ, өнімдер дұрыс бақыланбайды. Ар­найы рұқсатсыз, сертификатсыз сатыла бере­ді. Демек, денсаулық емес, дерт сатып алу да ғажап емес.

3 жылда 30 пайызға өскен

Precedence Research зерттеу агенттігі­нің дерегіне сүйенсек, бұл үрдіс  тек біз­дің елде ғана емес, бүкіл әлемде байқалып отыр. 2024 жылы бүкіл әлемдегі ББҚ на­ры­ғының көлемі 385,8 миллиард дол­лар­ға жеткен. Бұл сегменттегі серпінге 
COVID-19 пандемиясы қатты ықпал ет­кен: адам­дар иммунитетті нығайту құ­ралы ретінде жаппай биоқоспа іше бас­таған. Осылайша, 2018-2020 жылдар ара­­лығында әлем бойынша ББҚ саты­лы­мы 50 пайызға өскен.
Елімізде де көрсеткіштің өсуіне пан­де­мия себеп болған сияқты: дәрумендер мен провитаминдердің сатылымы 2019 жыл­ғы 147,3 тоннадан 2021 жылы 191 тон­наға дейін өсіп, шамамен 30 пайызға өскен. Дегенмен сатылымның шарықтау ше­гі 2023 жылы байқалған: барлығы 338,7 тонна өнім сатылыпты. Бұл пан­де­мия­ға дейінгі деңгейден 130 пайызға артық.
Жақында осы мәселе туралы Қоғам­дық саясат институты ауқымды әлеу­мет­тану­лық зерттеу жүргізді. Соның нәти­же­­­­сіне қарасақ, қазақстандықтардың 62,7 пайызы дәрумен, минерал мен ББҚ іше­ді екен, оның ішінде 11,6 пайызы үз­бей ішеді. Әйелдердің арасында биоқоспа іше­тіндер айтарлықтай көп – 72,8 пайыз, ал ер адамдар арасында бұл көрсеткіш 50,4 пайыз.
Институт зерттеушілері ББҚ ішуге не се­беп болатыны туралы деректерге баса на­зар аудару керек екенін айтады. Зерт­теу нәтижесінде тұтынушылардың 43,1 пайы­зы биоқоспаларды дәрігердің та­ғайын­дауымен, 19,8 пайызы біреудің кеңе­сін тыңдап, ал 11,8 пайызы өзі ақпа­рат­ты зерттеп іше бастағаны анықталған. Бұл ретте қалада тұратындар (14 пайыз) ауыл­да тұратындарға (7,9 пайыз) қара­ған­да ББҚ ішу туралы шешімді өз бетінше қа­былдауға бейім екені белгілі болған.

Артық қылам деп тыртық қылу 

Биоқоспа кең тарағанына қарамас­тан, оның қауіп-қатері, сондай-ақ бас­қа да мәселелер көлеңкеде қалып отыр. 
Ең алдымен, биоқоспалар клини­ка­лық зерттеулерден, сынақтан өте бер­мей­ді. Фармацевтикалық препараттардан, дәрі-дәрмектен айырмашылығы сол – ББҚ тиімділігін дәлелдейтін көпсатылы клиникалық зерттеулерден өтпейді. Осы себепті ББҚ-ның ғылыми дәлелденген емдік әсері жоқ деп саналады.
Құрамы, неден жасалғаны да жіті бақы­ланбайды. Қоғамдық саясат инсти­туты­ның зерттеуінше, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы тексеріл­ген 10 491 үлгінің 31 пайызы қауіпсіздік та­­лап­тарына сәйкес келмеген. Нәтиже­сін­де, 5,5 тоннадан астам өнім сауда желі­лерінен алынған.
Интернетте ББҚ заңсыз сатылады. Комитеттің мәліметтері бойынша, онлайн сатылатын қоспалардың төрттен бірі мемлекеттік тіркеуден өтпеген, ал екі өнімнің бірінде белсенді заттардың мөлшері артық. Кейбір қоспаларда қауіпті заттар анықталған. 2024 жылы әлеуметтік желілердегі 1495 парақшадан тіркелмеген ББҚ жарнамасы өшірілген, оның ішінде Instagram-дағы 94 парақша бар.

Әлемде қалай реттеледі?

Халықаралық тәжірибеден ББҚ нарығын реттеу, таңбалау үшін әртүрлі тәсіл қолданатынын байқауға болады.
Мәселен, АҚШ-та нарықты Диеталық қоспалар бойынша арнайы комиссия бақылайды. Міндетті түрде өнімнің ББҚ екені, өндіруші туралы ақпарат, құрамы және жанама әсерлер туралы хабарлау үшін байланыс деректері жазылуға тиіс.
Еуроодақта өндірушілер өнімнің сыр­тына тағамдық құндылығы, дәрумендер, минералдар мөлшері, ұсынылған дозасы және бұл қоспа дәрі емес деген ескерту жазуға міндетті.
Қытайда қаптама мен этикеткаларға қатаң мемлекеттік стандарттар қолданы­лады. Оларды міндетті түрде мемлекеттік орган тіркеуге тиіс.
Барлық қауіп-қатерді ескере отырып, Ден­саулық сақтау министрлігі 2025 жыл­ғы 28 наурызда ББҚ-ны таңбалау бойын­ша пилоттық жобаны іске қосқан екен. Бұл бастама өнімнің түпнұсқа екенін растауға, заңсыз айналыммен күреске және есепке алу рәсімдерін стандарттауға ба­ғыт­талғаны айтылады. Дегенмен Мә­жіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың ай­­туынша, нарық қазір белгілі бір деңгей­де реттеледі, бірақ талаптар жиі бұзы­ла­ды, сондай-ақ тұтынушылар да өнімнің талаптарға сай немесе сай емес екенін жі­ті тексере бермейді. Дәрігер Қайырғали Көнеев те бұл салада қатаң тәртіп орнату керек екенін, әсіресе желіде сатылатын өнімдерді бақылау қажет екенін айтады.

Гүлдара Нұрымова,
Мәжіліс депутаты:

Денсаулық сақтау министрлігі мәселеге мән беруі керек

– ББҚ (БАД) қазір бизнеске, сәнге айналды десе болады. Бірақ оның нақты қандай пайдасы бар, ең бастысы қауіпсіз бе деп өз-өзіне сұрақ қоятындар аз. Ал өн­дірушілердің барлығы нарыққа сапалы өнім шығара бермейді.
Биологиялық белсенді қоспалар та­мақ ішкенде қатар ішуге немесе тамақ­қа қосуға арналған биологиялық белсенді зат­тар. Дәріге жатпайды. Басты айырма­шы­лығы дәрі-дәрмек аурудың белгілерін жоя­ды, ал ББҚ ферменттер пайда болуы үшін қажет. Яғни, ауруларды жоймайды, ішкі органдардың негізгі жүйелерінің жұмысын қалпына келтірмейді. Өйткені олардың жұмыс істеу механизмі мен принципі әртүрлі.
Биологиялық белсенді қоспалар ешқандай ауруды емдемейді және алдын алмайды. Кейде олар тек денеге қолдау көрсете алады. Олардың еш зия­ны жоқ деу – миф. Өкінішке қарай, өнді­ру­шілердің көбі техникалық, санитарлық және фармакологиялық талаптарға сай емес өнімдер шығарады. Оны қоспа­лар­дың интернеттегі жарнамасынан да бай­қауға болады: сертификатталған өн­дірушілерге және тағамдық қоспа­лар­ды тіркеуге назар аударатындар аз. Сани­тария­лық-эпидемиологиялық бақылау департаментіндегі  әріптестер тұтыну­шы­ларға ББҚ-ны сатып алғанға дейін тек­серу қажет екенін ескертеді. Өнім Ке­ден одағының сайтында мемлекеттік тір­кеу туралы куәліктердің бірыңғай ті­зі­мінде бар ма, тіркелген бе, соны тексеру керек.
Сондай-ақ барлық биологиялық бел­сен­ді қоспа дәрі-дәрмек сияқты кли­никалық сынақтардан өтпейді, және олардың  қалай өндірілетіні  көп күмән тудырады. ББҚ-дан қандай нәтиже болатыны белгісіз: қоспаларға арналған дозаларға қойылатын талаптар жоқ, яғни барлық жауапкершілік өндірушіге жүк­теледі. Дәрігер ретінде биологиялық бел­сенді қоспаларды дәрігердің кеңе­сі­мен ғана қабылдау керек екенін атап өт­кім келеді, өйткені мамандар ең дәлел­денген ББҚ құрамдарын және оларды қалай дұрыс ішу керек екенін біледі.
Қазір, негізінен, ББҚ-ны тіркеуді Ден­саулық сақтау министрлігінің сани­тар­лық-эпидемиологиялық бақылау ко­ми­теті бақылайды. Ал тіркелген препараттар туралы мәліметтер мемлекеттік тіркеу тура­лы куәліктердің бірыңғай тізіміне енгізілген. Бұл жағынан  нарық бақылауда деп айтуға болады. Бірақ Қазақстанда ББҚ көбінесе әлеуметтік желілер арқылы сатылады. Сатушылар өнімдері барлық ауруға ем, панацея екенін, тіпті ғайыптан тайып онкологиядан да емдейді деп жарнамалайтындар бар. Осылайша, науқастар, әсіресе ауыр диагноз қойылған адамдар уақыт жоғалтады, бауыр мен бүйректің улануынан немесе басқа да аурулары асқынып жағдайы нашарлайды.
Дәрігер әріптестерімнің  пікірінше, био­логиялық белсенді  қоспаларды өн­діру және осы нарықты бақылау туралы заң бұзылған. Қазақстанда елде тіркел­ме­ген ББҚ мен дәрі-дәрмектерді сатуға бол­майтынын тағы да атап өткім келеді.
Сондықтан өнімдерді, әсіресе әлеу­меттік желілерде сатылып жатқан өнім­дерді барынша қатаң бақылау керек. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің бас­ты міндетінің бірі. 

Қайырғали Көнеев,
дәрігер:

Бақылауды күшейту қажет

– Иә, өкінішке қарай, қазір БАД дей­міз, яғни биологиялық белсенді қос­палар тым көбейіп кетті. Халық жаппай мар­кетинг желілеріне кіріп, түрлі қос­паларды сатып алып жатыр. Ақша жо­ғалт­қаны былай тұрсын, ең қиыны ден­саулық­тарына зиян келіп жатыр.
Адамдардың көбі БАД деген не еке­нін нақты білмейді де. Мысалы, кейбір ор­­тақол фармацевтикалық компа­ния­лар жаңа дәрі жасап көреді. Бірақ зерт­теу ке­зінде бұл препарат бауырға немесе ас­­қазанға зиян екені анықталып, қауіп­сіз­дік сынағынан өтпей қалады. Яғни, оны дәрі ретінде тіркеуге болмайды. Бір­ақ оған кеткен ақшаны қайтару ке­рек қой. Сосын не істейді? Сол затты дәрі емес, биологиялық белсенді қоспа деп тіркеп, БАД түрінде шығара салады. «Жүрекке па­й­далы», «бауырға жақсы» деп жазып қоя­ды да, дұрыс қадағала­май­тын, жөнді рет­темейтін елдерге жө­нел­тіп, ашықтан-ашық сата бастай­ды.
Ал шын мәнінде, мұндай БАД-тар адам ағзасына зиян келтіруі мүмкін. Әсі­ре­­се, бауырға зиян. Бұл – медицинада әл­деқашан дәлелденген дерек. Бірақ өкі­нішке қарай, ондай өнімдер бәрібір са­ты­лып жатыр, ал адамдар соны сатып алып ішіп жүр.
Кейде тіпті зиянсыз көрінетін поли­витаминдердің өзі дұрыс жасалмаса, ал­лергия беріп, баланың денесі бөртіп кетуі мүмкін. Мұндайда ата-ана дәрігер­ге емес, әлгі БАД сатқан адамға жүгінеді. Ал ол адам­да медициналық білім жоқ, бір­ақ соған қарамастан, «бұл қалыпты жағдай, шы­дай тұрыңыз, осылай ағза та­зарады» деп, ары қарай ішуге кеңес бе­реді. Бұл жағ­дайды одан сайын ушық­тырып жі­береді.
Сондықтан бұл салада қатаң тәртіп орнату керек. БАД-қа бақылау күшеюі қа­жет. Әсіресе, осындай қоспаларды же­лі арқы­лы сату жағына ерекше назар аудар­ған жөн. Бұл жерде мемлекет, соның ішінде Медициналық және фар­мацев­ти­калық бақылау комитеті нақты қадамдар жасауға тиіс. Әйтпесе, халық­тың ден­сау­лығы тәжірибе алаңына ай­налып барады.

P.S. 

Белсенді қоспалар туралы жарнама қаншалықты нанымды көрінгенімен, дәрігердің кеңесінсіз ішу зор қауіпке апарып соғуы мүмкін. Құрамынан бөлек, құжатын да тексерген жөн. 
Бұл ретте ұшы-қиыры жоқ онлайн нарыққа барынша бақылау қажет: сатып алған аурудың салдары қымбатқа түседі. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары