Таяуда Брюссельде Баспасөз бостандығының Дүниежүзілік күніне арналған ауқымды халықаралық іс-шара өтті. Қазақстан атынан форумға Нархоз университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы Гүлмира Сұлтанбаева қатысты. Біз профессордан конференцияның негізгі тақырыптары, Қазақстанның халықаралық ғылыми бастамалардағы рөлі және заманауи журналистика алдында тұрған сын-қатерлер туралы сұрап білдік.
– Гүлмира Серікбайқызы, Брюссельге сапарыңыздың мақсаты қандай болды?
– ЮНЕСКО ұйымдастырған «Журналистер қауіпсіздігі» тақырыбындағы 9‑академиялық конференцияға қатыстым. Іс-шара Эразмус қолданбалы ғылымдар және өнер университеті (Брюссель), Ливерпуль (Ұлыбритания) университеті және Worlds of Journalism Study халықаралық жобасымен бірлесіп өткізілді. Журналистердің қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми конференция 2016 жылдан бері Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы күнін атап өту аясында ұйымдастырылады. Конференция Шеффилд университеті (Ұлыбритания) БАҚ бостандығы және журналистердің қауіпсіздігі жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасымен серіктестікте ұйымдастырылады.
Сапардың басты мақсаты – WJS3 жаһандық жобасы аясында қазақстандық зерттеу нәтижелерін таныстыру, БАҚ еркіндігі, цифрлық қауіпсіздік пен гендерлік теңдік мәселелерін талқылау және осы саладағы академиялық ынтымақтастықты нығайту болды.
Әлемдік зерттеу тобына қатысатын 110 елдің қатарына Қазақстан 2021 жылы алғаш рет қосылды. Бұл зерттеулерде журналистердің қауіпсіздігі, редакциялық еркіндік, журналист рөлі, жаңалықтар өндірісіне ықпал және журналистік еңбектің сипаты сияқты мәселелер қамтылды. Людвиг-Максимилиан атындағы Мюнхен (Германия) университеті үйлестіретін жобаның негізгі мақсаты – журналистердің кәсіби көзқарастарында болып жатқан өзгерістерді және олардың дүниетанымын, қоғамдағы қызметтерінің өзгеруін, жұмыс жағдайларын зерттеу. ЮНЕСКО, Халықаралық журналистер федерациясы, «Шекарасыз репортерлер», Еуропалық журналистер даярлау қауымдастығы және тағы басқа ұйымдар серіктес ретінде қолдайды. Әлемдік журналистік зерттеулерге қатысу еліміздің халықаралық медиалық кеңістікке кіруіне жаңа мүмкіндіктер ашты. 2024 жылы аяқталған зерттеулердің Қазақстан бойынша есебі осы жазда Worlds of Journalism Study сайтында жарияланады.
– Конференцияда қандай негізгі тақырыптар қозғалды?
– Академиялық іс-шараның басты тақырыбы – жасанды интеллект және журналистика, цифрлық қауіп-қатерлер, дезинформация мәселелеріне арналды. Журналистерге қарсы қылмыстардың жазасыз қалуы, кибербуллинг, онлайн-дискредитация сияқты жаңа цифрлық зорлық түрлеріне ерекше назар аударылды. 110 ел бойынша салыстырмалы деректер ұсынылып, жаһандық трендтер мен өңірлік тәуекелдер анықталды.
Ауқымды ғылыми жиында Шеффилд университетінің қоғамдық коммуникациялар профессоры, ЮНЕСКО-ның БАҚ бостандығы, журналистердің қауіпсіздігі және жазасыздық мәселелері жөніндегі кафедрасының меңгерушісі, «Медиа еркіндігі» орталығының жетекшісі Доктор Джеки Харрисон сөз сөйлеп, Жаһандық Оңтүстік елдеріне биыл ерекше мән беріліп, конференцияға арнайы шақырылғанын, Африка, Латын Америкасы және Орталық Азия елдерінің ғалымдарын тыңдап, ұсыныстарын назарға алатындығын атап өтті.
Біз қатысқан панельде Worlds of Journalism Study (Журналистика әлемдері зерттеуі) тобы 2021-2024 жылдар аралығында жүргізілген үшінші кезең аясындағы алдын ала нәтижелерді ұсынды. Бұл зерттеу 70-тен астам елдегі 31000-нан астам журналисті қамтыған өкілетті сауалнамаға негізделген. Редакциялық автономия, еркіндік пен ықпал мәселелері, Латын Америкасы, Орталық Азия және Африкадағы журналистика тақырыптары бойынша баяндамалар тыңдалды.
Сонымен қатар, «Редакциялар, ЖИ және цифрлық ортадағы адам құқықтары» атты панельде жылдам өзгеріп жатқан цифрлық орта мен генеративті жасанды интеллектінің таралуы аясында практикалық цифрлық журналистика және адам құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған зерттеу баяндамалары ұсынылды.
Журналистерге төнетін қауіп-қатерді болжауға арналған «ЖИ барометрі: зорлық-зомбылықтың алғышарттарын түсіну» панельдік пікірталаста Шеффилд университеті, Free Press Unlimited және ЮНЕСКО ұйымдарының қатысуымен бірлескен зерттеу жобасының түрлі аспектілері талқыланды. Жоба журналистердің қауіпсіздігі мен оларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың контекстуалдық алғышарттарын тереңірек түсінуге бағытталған.
«Білім алмасу: журналистік білім беру мен практика арасындағы алшақтықты жою мәселесін зерттеу» панелінде Солтүстік Америка, Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері, Еуропа, Аустралия және басқа да өңірлердегі оқыту әдістерінің әртүрлі тәсілдері қарастырылды.
«Журналистерге оқ атпаңыз: аман қалу миграциясы» панелінде
Орегон университетінің (АҚШ) Журналистика және коммуникация факультеті халықаралық жоба нәтижесінде жариялған «Extra! Extra! Don't Kill the Messenger» атты жаңа кітапты таныстырды.
– Халықаралық сарапшылар БАҚ еркіндігіне қатысты қандай қиындықтарды атады?
– Авторитарлық тенденциялардың күшеюі, редакциялардан қысым, журналистикаға сенімнің әлсіреуі және алгоритмдік бақылаудың артуы – міне, бұл аталған практикалар көп елдерде кездесетін өзекті проблема. Тіпті демократиясы дамыған елдерде де журналистер физикалық, цифрлық, құқықтық және психологиялық шабуылдарға ұшырап жатыр. Әсіресе әйел журналистер мен фрилансерлерді қорғау үшін халықаралық қолдау қажеттілігі ерекше аталды.
– Қазақстанның осындай жаһандық ғылыми іс-шараларға қатысуы не үшін маңызды?
– Бұл – қазақстандық ғалымдардың еңбегін мойындау ғана емес, сонымен бірге біздің тәжірибемізді жаһандық қауымдастыққа жеткізу мүмкіндігі. Қазақстан көбінесе халықаралық есептерде назардан тыс қалады, ал біздің ғылыми даусымыз мұндай зерттеулер барысында объективті нәтижелерге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай алаңдар академиялық дипломатияны нығайтып, елдің сараптамалық мәртебесін арттырады.
– «Журналистика әлемі» панеліндегі қазақстандық зерттеушілердің үлесі қандай болды?
– Мен PhD докторантым Айтолқын Әшімовамен бірге Worlds of Journalism Study жобасы аясында Қазақстан бойынша есепті, сондай-ақ Журналистер қауіпсіздігі индексіне негіз боларлық мәліметтерді ұсындым. Зерттеу көрсеткендей, қазақстандық журналистердің 49%-ы өздеріне қарсы қылмысты жазасыз қалады деп санайды. Сонымен қатар, журналистердің күйзеліс деңгейі, редакциялық еркіндіктің тапшылығы және медиаменеджменттегі гендерлік теңсіздік назарға алынды.
– Бүгінде Қазақстандағы БАҚ еркіндігіне төнген қауіп-қатерлер бар ма?
– Жүйелі түрде орын алған бірнеше кедергілерді атауға болады. Басты факторлардың қатарында: редакциялардың экономикалық тәуелділігі, саяси қысым, автоцензура, әсіресе өңірлердегі журналистердің құқықтық тұрғыдан қорғалмауы. 2024 жылы Қазақстан Журналистер қауіпсіздігі индексінде 73 ел арасынан 67‑орын алып, 64,08 ұпай жинады. Бұл біздің елімізде журналситердің қауіпсіздігі үшін үлкен қатер белгісі саналады. Мысалы, Португалия – 89,72, Германия – 88,62, Литва – 86,72, Чехия – 88,54, Румыния – 83,27 ұпаймен жоғары позицияға жайласты. Ал, Йемен – 46,44, Пәкістан – 45.90 есебімен ең төменгі орынды иеленді.
Қазақстанда журналситердің қауіпсіздігі үшін ең осал факторлар мыналар: физикалық және психологиялық қауіпсіздігі (60,23) және редакциялық тәуелсіздік (46,93), құқықтық кепілдіктер (74,10) мен ақпаратқа қолжетімділік (76,60) деңгейі аздап жоғары көрсеткіш жинағанымен, практикада іске асуы әлсіз. Сараптамалық зерттеулер де осыны растайды: респонденттердің 49%-ы қылмыстың жазасыз қалатынын атаса, 30%-дан астамы эмоционалды күйзеліс пен алаңдаушылық барын көрсеткен. Мұндай жағдайда толыққанды баспасөз еркіндігі мен медианың тұрақты дамуы туралы айту қиындайтыны рас.
– Журналистикадағы гендерлік теңсіздік мәселесі қаншалықты маңызды?
– Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, әйел журналистер көп болғанымен, олардың басшылық қызметке орналасуы үлесі небәрі 5%. Сонымен қатар, журналист әйелдерді құқықтық қорғаудың әлсіздігі де басты мәселе. Әйел журналистерге онлайн шабуылдардың болуы, кейде жиілеуі алаңдатады. Осындай қатерлерге қарсы механизмдердің жоқтығы бұл мәселеге биліктің ерекше назар аударуы қажеттігін білдіреді.
– Редакциялық тәуелсіздікті қалай күшейтуге болады?
– Біріншіден, журналистердің, әсіресе фрилансерлердің, еңбек құқықтарын қорғайтын механизмдерді нығайту қажет. Екіншіден, тәуелсіз этикалық кеңестер мен редакциялық органдар құрылуы керек. Үшіншіден, қоғамдық медианың осы процестерге қатысуы, тергеудегі журналистерді қорғау тетіктерін дамыту, медиа иелігін ашық ету және редакторлардың цифрлық тәуелсіздігін қамтамасыз ету маңызды.
– Гендерлік кедергілерді қалай жоюға болады?
– Инклюзивті кадр саясатын енгізіп, әйел журналистерге арналған тәлімгерлік пен көшбасшылық бағдарламаларды әзірлеу, дамыту қажет. Гендерлік шабуылдарды бақылауды күшейтіп, теңдік мәселесін журналистік білім мен медиаэтикаға кірістіру маңызды.
– Қазақстанда қандай халықаралық құралдар қолданылуы мүмкін?
– Ең алдымен – БҰҰ‑ның Журналистер қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі Іс‑әрекет жоспары. Оны заңнамалық реформалар, жедел әрекет ету жүйелері және зорлық фактілерін тәуелсіз институттар мен мониторинг арқылы іске асыруға болады. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның сараптамалық көмегі мен оқыту арқылы қолдау көрсететін бағдарламалары бар.
– Журналистер үшін цифрлық сауат арттыруы мен психологиялық денсаулықтың рөлі қандай?
– Бұл өте маңызды. Цифрлық гигиена мен эмоционалдық тұрақтылық – қазіргі журналистердің кәсіби құзыреттілігі талаптарына айналды. Зерттеу нәтижесі бойынша, журналистердің 30%-дан астамы эмоционалдық шаршау мен күйзелістен зардап шегеді. Олар үшін арнайы білім беру бағдарламалары, психологиялық қолдау және цифрлық қауіпсіздік құралдары қажет.
– Брюссельде қандай нәтиже маңызды болды?
– Кәсіби желіні кеңейту, Қазақстанның жаңа халықаралық жобаларға қатысуы, зерттеуіміздің халықаралық деңгейде мойындалуы – елеулі жетістік. Әйел-журналистер қауіпсіздігін талқылау және аймақтық оқу бағдарламаларын дамыту туралы келісім ерекше маңызды болды.
– Ғылыми қауымдастық БАҚ еркіндігі саласындағы аймақтық саясатқа қалай ықпал етеді?
– Ғылыми қауымдастық медиа ландшафтын, заңнаманы және оның қолданылуын сыни тұрғыдан талдайды, мүмкіндіктерді анықтайды. Бұл зерттеулер ақпараттық саясатқа негіз болады. Сондай-ақ, жас мамандарды даярлау мен біліктілікті арттыру арқылы журналистиканың кәсіби және этикалық негізін қалыптастырады.
– БАҚ еркіндігін нығайту үшін қандай тұрақты серіктестік қажет?
– Ең алдымен – сенім. Мемлекет, медиа, университеттер және ҮЕҰ қатысатын сектораралық алаңдар қажет. Ғылыми деректер саясатқа енгізіліп, мемлекеттік органдар ашық диалогқа дайын болуы тиіс. ЮНЕСКО мен ЕҚЫҰ бұл диалогқа себепкер бола алады, бірақ баспасөз ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік тұтастық үшін біздің басты бағдарымыз екендігін естен шығармау тиіспіз.
– Қазақстанда қандай бастамалар жүзеге асырылуы мүмкін?
– Әйел-журналистер қауіпсіздігі бойынша онлайн-курс әзірлеу, цифрлық журналистика бойынша жазғы мектеп ұйымдастыру, медиаға шабуылдарды қадағалау үшін ұлттық обсерватория құру. Әсіресе өңірлік журналистерге қолдау көрсету қажеттілігі ерекше.
– ЮНЕСКО-ның Гильермо Кано сыйлығы мен «Жасанды интеллект дәуіріндегі ақпарат» форумынан қандай әсер алдыңыз?
– Бұл біз үшін де өте әсерлі сәт әрі мол тәжірибе болды. Саралап қарасақ, қоғамға сілкініс салатын сериялық журналистік зерттеулер, дәлелді деректермен негізделген аналитика, қоғам дамуына ықпал ететін журналистік репортаждар, билікке тік қарап, бас бостандығы мен өмірін бәске тіккен, шындықты жазатын журналистердің корпусы болуы никарагулалық баспасөзді жаһандық медиаалыпқа айналдырғаны рас.
Баспасөз еркіндігі үшін күресте елеулі еңбек еткен журналистерге, әсіресе өз өмірін қауіпке тігіп, қоғам үшін маңызды ақпаратты жария ететіндерге берілетін ЮНЕСКО/Гильермо Кано атындағы Бүкіләлемдік сыйлықты биыл жүз жылдан астам тарихы бар көнекөз басылым Никарагуаның «La Prensa» газеті қанжығасына байлады.
Бұл 25 000 АҚШ доллары және арнайы ескерткіш сыйлықпен қоса тағайындалатын БҰҰ-ның журналистерге арналған бірден бір сыйлығы. Оппозияциялық баспасөздің бұл жаһандық сыйлықты алуына билік барынша қарсылық танытты. Сыйлық тағайындалған соң Никарагуа билігі ЮНЕСКО құрамынан шығатынын ресми мәлімдеп үлгерді.
Бұл шешімді медиа саласының кәсіби өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы қабылдады. 1926 жылы Никарагуаның астанасы Манагуада құрылған La Prensa – «El Diario de los Nicaragüenses» («Никарагуа халқының газеті») — елдегі тарихи маңызды ақпарат құралдарының бірі. Жүз жылға жуық тарихында басылым мен оның журналистері көптеген репрессияға ұшырады. Соңғы жылдары бұл қысымдар оның таралуына қойылған шектеулермен күшейе түсті.
2021 жылдан бастап, басшылық өкілдерінің түрмеге жабылып, елден қуылуынан және мүлкінің тәркіленуінен кейін, «La Prensa» өз жұмысын интернет арқылы жалғастырып келеді. Қазіргі таңда ұжымның көп бөлігі елден тыс жерде — Коста-Рика, Испания, Мексика, Германия және АҚШ-та тұрып, жұмысын жалғастырып жатыр.
Журналистика қиындықтарға қарамастан әділеттілік пен адам құқықтары үшін жаһандық күш екенін көрсетті.
– Қазақстан медиа болашағы жөніндегі жаһандық диалогқа қандай үлес қоса алады?
– Біз жаһандық Оңтүстік пен Шығыс арасындағы көпір бола аламыз. Көптілді, мәдени алуантүрлі медиа кеңістігінің тәжірибесін жеткіземіз. Орталық Азияда өңірлік ынтымақтастықты күшейтіп, инклюзия, тұрақтылық және цифрлық құқықтар мәселесін күн тәртібіне енгізу маңызды.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Ғылыми және сараптамалық жұмыстарымды жалғастырамын деген ниеттемін. Таяуда ғана ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі (RFoM) жанындағы БАҚ бостандығы саласындағы сарапшылар қатарына қабылдандым. Бұл мен үшін халықаралық ұйымның артқан сенімі және Қазақстан еліне құрметі деп білемін.
Қазақстанның Worlds of Journalism Study 2026 жылғы зерттеулеріне қатысуын үйлестіріп, ұлттық есептің жарияланауына сеп болу. Келесі зерттеу - шетелге мәжбүрлі көшуге қатысты журналистерге арналады. Бұл бастама 2025 жылы маусымда Денвер қаласындағы Колорадо университетінде (АҚШ) WJS ғалымдар тобының кездесуі барысында ұсынылды. Бұл зерттеулердің әдіснамасы, жұмыс тобы 2026 жылы Оңтүстік Африкада таныстырылады.
Сонымен қатар, «Journalism and Gender: Global Perspectives» халықаралық басылымының авторлар құрамына кірдім. Бұл ауқымды еңбектің бір тарауы – Қазақстандағы WJS3‑тің гендерлік аспектілерін, көшбасшылықты, әйел-журналистердің әлеуетін және редакциялық тәуелсіздікке қысымды талдайды. Бұл медиа зерттеулерді деколонизациялау және Орталық Азияның даусын жаһандық ғылыми ортада күшейтуге қосқан үлес.
Тамызда Сан-Францискода өтетін AEJMC-2025 конференциясы, WJEC Кеңесінің/Бас Ассамблеясының отырысы мен WJEC-7 конференциясына дайындалудамыз. Мен «Орталық Азиядағы журналистік білім беруді қайта қарастыру: ЖИ, деректер және ЮНЕСКО стандарттары» атты панельді жүргіземін. Жазда дәстүрлі түрде Ыстық-Көлде (Қырғызстан) өтетін Central Asia Media Challenge (25–27 шілде) және XIII Халықаралық журналистика және коммуникация жазғы мектебіне ұйымдастырудамыз (28–30 шілде),
Биылғы жылдың басты қорытындысы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын AP19679909 «Цифрлық сауаттылық саласындағы индикаторларды анықтауға арналған ақпараттық ресурсты әзірлеу» жобасын аяқтаймыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы ғалымдар тобымен әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер бағытын қамтиды. Біз RasInfo – фактчекинг және деректерді верификациялауға арналған оқыту курсын университеттердің білім беру бағдарламаларына, бұқара көпшілікке ұсынамыз. Мақсатымыз қоғамдағы цифрлық сауатты арттыруға ықпал ету. Әсіресе, дезинформацияны анықтау әдістері мен құралдарын Қазақстан практикасы аясында таныстыру.
Аталған бастамалар сөз бостандығын, медиа және цифрлық сауатты арттыруға, зерттеушілер мен журналистер арасында диалогты дамытуға бағытталған.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Дана Ізтілеуова