Ұстазым, академик Сейіт Асқарұлы – батыс пен шығыс мәдениетін қатар меңгерген, сол биіктен өз ұлтының руханиятына терең үңіліп, байыпты баға бере алатын зерек тұлға еді. Әдетте, кейбір кісілер батыс мәдениетіне ауып кетсе, өз елінің топырағына орала алмай будан күй кешеді, ал ауылдық аяда қалғандары қазақбайшылықтан бойы аса алмай, бөгде құндылық атаулыны жат көріп, тағы да жарымжан халде жүреді. Менің ұстазым – еуропаның классикалық өнеріне тағзым етіп, ұнатқанымен қоймай, халық өлеңінің небір үлгілерін өзі де шырқап, қоңыр кеште қоңыр домбырасымен сырласа алатын талғампаз жан. Оған мәдениет атаулы жат емес, орыстың частушкасын тойларда жатқа айтса, қазақтың «угәй-айын» кез келген сәтте қалықтатып айта береді. Оның былайша бесаспап боп қалыптасуына, кеңірек қарасақ, мәдениеттер типологиясын зерттеуге бағытталған фольклоршы мамандығы, өскен ортасы, оқыған мектебі, ғылымға жолын ашқан ұстазының тәлімі әсер еткен болуы керек.
Ол ұзын Ертіс тулап құятын Зайсан көлінің жағасында туып, қарлы шыңы көк тіреген Алтай тауының баурайларында балалық шағын өткізеді. Соғыс жылдарында анасы «Скотимпортта» еңбек еткендіктен, бала Сейіт ат жалын ерте тартып мініп, туыстарымен бірге мал бағады. Оған жылқышының қара қосы, қойшының қоңыр күркесі, аңшының қара бақыры сол кезден-ақ етене таныс болады. Сейіт ағаның анасы Әужан ана ақындық қабілеті бар, өлең жазатын, ән салатын арқалы жан болған екен. Ағаның халықтың ән-жырына құштар болуы ана әлдиімен бірге дарыса керек.
Сейіт ағаның әкесі Асқар атамыз соғыс басталардан бұрын Зайсанда ұжымшар басқарады. Әужан анамыз Сейіт аға құрсағына біткенде, бір қара еркек қойды көзі шалып, соның етіне жерік болады да, Асқар атамыз оны сойып, жұбайына жеңсік асын берген деседі. Эпостағы аналарымыз болашақ батыр өмірге келерде айрықша аңның етіне жерік болатыны белгілі. Сол секілді Сейіт ағамыздың өмірі де ғажайыптардан бастау алады. Фольклордағыдай өзгеше туу рәсімі орындалған соң ғажайып бала Сейіт өмірге келеді.
Сейіт аға сұлулыққа құштар, эстет, сезімтал жан. Ол Арқаның әндерін асқақтатып айтады. Әсіресе, туған жері Зайсан мен Марқакөл әндерін біздерді көргенде елжіреп шырқайтыны бар. Өлең поэтикасын керемет талдайды, өзі де өлең жазады. Өлеңнің ішкі бітіміндегі қарама-қайшылық, мифтік диалектика туралы көптеген ойтамызық тастайды шәкірттеріне. Мұндай қызықты тұжырымдарын «поэзиялық образ логика емес, керісінше логикаға қарсы құрылады» деп түйіндейді.
Сейіт аға нағыз ғалым болғандықтан, білімнің қадірі мен қасиетін, қиындығы мен қызығын бір адамдай парықтап, парасатты ой тастап отырады. Ол ешқашан да кеуде соғып, мен бәрін білем деп тоқмейілсіп көрген емес. Шәкірттеріне «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз», «Кітапты көп оқыған сайын өзіңнің аз білетінің көріне бастайды», «Қателесем деп қорықпа, қателесуге әркімнің қақысы бар, қателік дұрыстықты тудыруға себеп, күдік ғылымды дамытуға түрткі» деп жастарға кішіпейілдікпен, кешіріммен қарайды. Шәкірттерін буыны бекіп, жасқаншақтыққа ұрынбай, ғылым көкжиегіне еркін қанат қағып кетуге баулып, талпындырып отырады.
Сейіт ағаның ең үлкен қыры – жастарды тәрбиелеу, білетінін шәкірттеріне жалықпай үйрету. Оған бұл мінез ұстазы, профессор Н.Смирновадан жұқса керек.
Сейіт ағаның кітапханасы аса бай. Ол шәкірттеріне білгенін және құнды кітаптарын ешқашан аямайды. Әдетте, кейбір ғалымдар бір тақырыпты меншіктеп алып, ол туралы басқа біреу жазса, сол адаммен жауласып, жағаласып жүреді, немесе архивтен бір құжат тапса, соны өмірбақи малданып, басқадан қызғанумен өтеді. Мұндай қылық ондай жандарды қызғаншақтық пен іштарлық дертіне шалдықтырып, тұйыққа тірейді. Мұндайлар туралы белгілі ғалым һәм жазушы ағамыз М.Мағауин «Архив хикаясы» деген әңгімесінде жақсылап жазғаны бар. Ондай адамдар басқалар менен аз білсе екен деп мысықтілеумен жүрсе, Сейіт аға керісінше шәкірттерім менен артық білсе екен деп, жастарға салмақ салып, қамқорлық жасайды, қаламын ұштай түседі. Ол өз біліміне, еңбегіне толық сенімді болғандықтан да ізін қуушылардың өзінен артық қабілетті болуын армандайтын шын ұстаз. Тегінде, ғылым деген дарынды тұлғалардың тудыратын жасампаздығы ғана емес, сан ғасырлар бойы ұжымдық ізденістен туатын ортақ сипаты бар дүние екенін ағаның алдын көргенде түсінесің. Сонымен бірге қандай бір жеке халықтың өзіндік дара ғылымы жоқ, ол – әлемдік ақыл-оймен сабақтасып, құндылықтармен, озық теория мен әдіснама, дерекқорымен бір-бірін нәрлендіріп тұратын құбылыс.
Қазақ фольклортануындағы көрнекті ғалымдар С.Қасқабасов пен Е.Тұрсыновты ҚазПИ-ге 1-курсқа түскен күнінен бастап, профессор Н.Смирнова Мәскеу бағдарламасымен арнайы дайындапты, кейін ұстазымыз бұл тәсілді өзінің жас шәкірттеріне де қолданғаны байқалады. Жастық ізденістері бірге өткен фольклортанушы екі ағамызды зиялы орта кезінде «тандем» деп атапты. Олардың басқа әріптестерінен негізгі бір ерекшелігі – екеуі де филология факультетінде орыс тілінде дәріс алуы және Н.Смирнова секілді атақты ұстазға шәкірт болуы деп айта аламыз.
Қазақ филологиясындағы кейбір жағдайларға қарап отырсақ, күні бүгінге дейін оқшауланып, өз қазанында өзі қайнап, өзін-өзі қызықтауға тап болғандай аңыс сезіледі. Кезінде О.Сүлейменовтің «Ауылдан келген балалар университетте қазақ филологиясына оқуға түседі, томағатұйық танымда қалады, ақыры өз ауылынан басқаны бағалай алмайтын райондық деңгейдегі патриотқа айналады» деп айтқаны ащы да болса шындық деуге болар. Ал бұл үдерістен басқа кепте, өзгеше қисында тәлім алған С.Қасқабасов пен Е.Тұрсынов қазақ фольклортануына жаңаша серпін әкелді, соны бетбұрыс жасай алды деп бүгіндері тұжырымдай аламыз. Бұл екі ғалымның алдында ескінің соңы, жаңаның басы боп тұрған, А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Е.Ысмайыловтан жалғасқан алтын шынжырдың дәнекер буыны –
М.Әуезовтің төл аспиранты, халық өлеңінің білгірі, филология ғылымдарының докторы Б.Уахатов деуге болады. Сейіт аға белгілі ғалым, батыр М.Ғабдуллин басқарып отырған Фольклортану бөліміне диссертациялық жұмысын ұсынғанда еңбегіне оң пікір білдіріп, болашағына тілекші болған сол
Б.Уахатов еді.
Сейіт аға бізге ғылым әлемінің әліппесін үйретуде жұмысты қарапайым деңгейде бастады. Ол жаңадан ғылымның табалдырығында тұрған бізді басымыздан сипап, аялап, балапандай баулып, күн сайын қадағалап қана қоймай, ең әуелі конспект жасауды үйретті. Біртіндеп тәлім-тәрбиені күрделендіре түсті. Бір аптада екі рет белгілеген кестесі бойынша конспектімізді тексереді, оқыған кітаптарымыздан емтихан алады, сұрақтар қояды. Біз оқушыдай түрегеліп тұрып жауап береміз, ұстазымыз бізді жылы мейіріммен өзіне баурап, бауыр бастырып алғаннан кейін, «басқа жаққа қашпайтынымызға» көзі жеткен соң, қатқыл мінез танытып, қаһарлана түсетін болды.
Академиктің алдында елдің көзінше тірсегің дірілдеп, тік тұрып жауап бересің, тапсырма уақытында орындалмаса, жұмысқа көңілі толмаса, тұздықты сөздермен сыбап тастайды. Шыны керек, ғылымға өз басым Сейіт ағаның ақ шашын сыйлап қорыққандықтан, ар-намысым оянған себепті еріксіз келген болуым керек.
Сейіт аға кабинетте сұсты, қаһарлы, ашуланғанда жолбарыстай жанары жарқылдап, қайратты ақ шашынан да айналаға ызғарлы қырау, қылау шашылып тұрғандай сезіледі. Ол – темір тәртіп дәуірінде өмір сүрген, өмірдің мәнін тәртіп деп қана ұққан адам. Ал біздер (өз басым) «тәртіпсіз», мейлінше еркіндеуміз. Сейіт ағаның айтқанына сәл көнбейін десең, ол өзіңнен білімді, дана адам, бәрін болжап, біліп тұрады, қарсы келейін десең, оның адамгершілігі, кісілігі өзіңнен асып жатыр. Ол сонымен бірге адамның ішкі ойын, мінезін оқитындай психолог. Жер жанаты Жетісуда, қасиетті Қаскелеңде нағашысының қолында өскендіктен «Жемісі бар ағаш иіліп тұрады, жемісі жоқ ағаш қайқайып, қақайып тұрады» деп тәмсіл айтып, мансаптың ызбарлы биігін мансұқтап, қарапайым қалыпқа түсе қалатыны тағы бар. Не өзіңді, не ұстазыңды алдай алмайсың. Ақыры, еріксіз мойынсал болып, көндігесің, ғылым мұхитының көкшулан толқынынан сескеніп, қорқып, шанағыңның тар екенін білсең де, Аллаға, одан кейін ұстазыңа сеніп, тәуекелге бел буады екенсің. Аяғында оның айтқанына көніп, той-томалақты күрт сиретіп, жарқылдаған жиын-топырға да бармай, журналистік-публицистикалық мақалалар жазып баспасөзде көрінбей, академия мен үй арасын ғана жол қылып, шытырман кітаптар аралының арасында өмір сүресің. Әрине, басында ақынмын деп «айға атылып» жүргендіктен, азаннан кешке дейін сұр кабинетте сарылып отыруға бірден төселе алмайсың. Бұл кезеңде Сейіт ағаның «ғылымды бас қана емес, негізінен батпандап отырған сабырың жасайды» деген сөзі сені төзімге шақырады.
«Жалғыз жалау жалтылдап, Тұманды теңіз өрінде» дегендей кітапхана қабырғасында қамалып, алыптармен арпалысып отырасың. Дүние жүзінің ғұламаларымен үнсіз тілдесіп, небір дана ойларға тоғытыласың, академиялық ауыр ғылымның салмақты табиғаты еңсеңді біртіндеп езе бастайды.
Мен академияға алғаш келгенде өздері бәрін біліп тұрса да, ештеңе жазып, ешқандай еңбек қорғамаған, қорғағысы да келмейтін самарқау да сартап оқымыстыларға кез болып, таң-тамаша болғаным бар. Академиялық ғылымның ауыр жауапкершілігін иығымен сезінген олар үнсіз жүргенді жөн көргенін кейіннен білдім. Бірақ бұл тұйыққа тап болғанда Сейіт ағаның «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз», «Әркімнің қателесуге қақысы бар, бұрыстық дұрыстыққа себепші болады» деген сөздері көңіліңе үміт ұшқынын шашады, ұстазыңның мейірбан жүзі мен сенімді көзі, саған ұқтырған күрделі түйіндерді шешетін теориялық-методологиялық қисындары қалам алуыңа, қайраттанып жазып кетуіңе демеу береді. Ол мұндай тұста библиографиялық көрсеткіш ұсынып, фольклортану мектептерінің кезеңдері, өкілдері, олар ұстанған түрлі бағыттар мен концепциялар туралы дәріспен сусындатады. Алуан түрлі ғылыми көзқарастар, олардың арасындағы талас-тартыс, біздерге қандай жол қолайлы екеніне бағыт береді. Ол өзі ұсынған еңбектер тізімін «Тұманды теңізде адастырмайтын компас» деп айтқаны әлі есімде.
Сейіт ағаның кітапханасы өте бай, онда 5 мыңнан астам кітап бар. Фольклортану, этнография, сөз өнері, түркологияға қатысты сирек кездесетін салалық кітаптар жүйелі жиналған. Сейіт аға бұл кітаптарды тынымсыз пайдаланып, кейбірінің ішіне ақ қағаз қыстырып, пікірлерін үнемі түсіріп жүретіні де аңғарылады. Әдетте, Сейіт ағаны жұмыста кездестірсең, ызғарлы секілді сезіледі. Ал үйіне барсаң, жүзінен шуағы төгілген мейірбан қарияға тап боласың. Сейіт аға құтты мешіт үйіндей қасиетті шаңырағына енгенде жан дүниесі барақат тауып, асыл жары, өмірлік арқатірегі Тамара жеңгеміз бен немерелерінің қасында жаздай жадырап шыға келеді екен. Шапанын жамылып, ақ домбырасын қолына алып, қоңыр әуенге басады. Немерелері келсе, айналып-толғанып шуағын шашады. Талай ғажайып еңбектері дүниеге келген кабинетінің есігінен аттағанда ерекше шабытты күйге түсіп, саған деген ықыласы да жүз есе арта түскендей болады. Тамара тәтенің ақ пейілімен ақтарылып жайған көл-көсір дастарқанынан дәм татқан соң, академик ағамыз кабинетінде қабылдап, алдымен өзінің жазып жатқан зерттеулерінің жай-күйі туралы саған есеп береді, одан кейін ғана өзіңе берген тапсырмалар туралы сұрай бастайды.
Ағайдың кітаптарына қызығасың, ал қалаған кітаптарыңды көруге, ақыл-кеңес алуға, үйіңе әкетіп оқуға рұқсат етіледі. Шығарыңда оларды блокнотына ай-күнін қойып, тізімдеп алады. Иә, бұл кітапханадан ғылымға келген талай өрелі ағаларымыз тәлім алыпты. Бізден бұрын З.Сейітжанов, К.Матыжан, Ш.Керім, А.Әбдісадық, одан ілгері Б.Майтанов, С.Негимов, Н.Әлімбай, С.Қорабай бастаған буын да қызығын көрген деседі. Жазушылар да ағайдың кітаптарына құмар болады. Мәселен, бір шетін жағдай – В.Жирмунскийдің «Тюркский героический эпос» деген кітабын А.Сүлейменов ағамыз алыпты да, қайтаруға мұршасы болмапты. Осы кітаптан басқа небір ғажап дүниелердің барлығын Сейіт ағаның кітапханасынан алып оқуға, қарап танысуға мүмкіндік туғанына бүгіндері мың шүкір етемін.
Сейіт аға академиялық дәстүрде тәрбиеленіп, ғылым кеңістігіне самғап, ұстазы Н.Смирнованың мейірбан тәрбиесін көрген бақытты жан. Өзі де өнегелі мектеп қалыптастырған көшбасшы.
Әрқандай ғылымның шыңы, барар асуы – классификация десек, Сейіт аға осы күрделі де ауыр жұмысты атқарып, жанрлар теориясын ашқан кәсіби маман болғандықтан қазақ фольклорын жүйелеу, жанрға бөлу, түрге жіктеу, түгендеу жұмысын табысты жүргізді. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышынан» басталған бұл күрделі жұмыс Сейіт ағайдың жалпы редакциясымен, тікелей жетекшілігімен жарық көрген «Қазақ фольклорының тарихы» (2008) атты ұжымдық монографияда тиянақтала түсті деуге болады.
Әсіресе, ол қазақ халық прозасының жанрлық жүйесін жасады, бұл үлгі туысқан халықтар үшін де тағылымды болды. «Қазақ қиял-ғажайып ертегісі» (1972) еңбегі арқылы отандық ғылымда ертектануға негіз қалады. Бұл – шын мәнінде отандық ғылымда фольклордың жеке жанрына арналған алғашқы іргелі монографиялық зерттеу. Зерттеуде қазақ қиял-ғажайып ертегісінің халқымыздың өмір-тіршілігі, наным-сенімі, арман-қиялынан алатын орнын, этно-мәдени сабақтастығын анықтап берді. Ашығын айтқанда, бұрын фольклорды әдебиеттанудың теориялық-методологиялық талаптарымен тар аяда зерттеп келсе, бұл жұмыста этнографиямен, тарихпен, әлеуметтану, философиямен бірлікте зерттеп, фольклортанудың жеке ғылыми пән екенін айшықтады. Қазақ ертегілерінің халықаралық Аарне-Томпсон каталогі жүйесіндегі сюжеттік типтерін айқындап, сюжеттер мен мотивтердің әлемдік ертегіден алатын орнын белгілеп, типологиясын, туысқан түрік халықтарымен генетикалық байланысын тайға таңба басқандай ажыратып көрсетіп берді.
Қазақ фольклорының шығыс мұраларымен, соның ішінде араб, парсы, үнді әлемімен сабақтастығын, түрік халықтарымен тұтастығын зерделеді. Біздің мәдени мұрамыздың көбісінің шығыспен тамырласып тұрғанын советтік кезеңнің өзінде тайсалмай ғылыми тұрғыда айқындады. Құран Кәрімді Совет өкіметі кезінде ғылыми нысанға айналдырды. Ол жылдары Құран Кәрімді ғылыми айналымға кіргізбек түгілі, оның атын айтқандарды қудалап, сүргінге ұшырататын.
Сондай-ақ Сейіт аға сөзден мұнара тұрғызған қазақ халқында тек қана өлең-жыр емес, теңіздей телегей үлкен проза бар екенін негіздеп, миф, хикая, әпсана, ертегі, аңыз нұсқаларының табиғатын даралап, жеке-жеке жанр етіп жасақтады. Мұны «Қазақтың халық прозасы» (1984) деп атады. Жазба әдебиетте бірден «Абай жолы» сынды алып эпопея туғызған елдің ақыл-ой шыңырауында халық прозасының мөлдір қайнары шүпілдеп жатқанын, осынау қайнаркөз қазақ діңін мәңгі сусындата беретін кәусар екенін көрсете білді. Қазақ жыршы ғана емес, қара сөздің хас шебері, шытырман оқиғаны қызықтырып құрап айтқыш, алуан түрлі нәрлі әңгімеге аса бай суреткер ел екенін дәйекті дәлелдеді.
«Бабалар сөзі» жүзтомдығына 5 том ертегіні жариялағанда осы бағыттағы жұмыстар тиянақтала түсті. Халық прозасын тұңғыш жүйелеген Сейіт Асқарұлы – қазақ ертегілерінің барлығын түгел жинап, оларды тұтас оқып тексеріп, сюжет пен мотивтерін жіктеп, картотека жасап, нақтылы есеп-қисабын түзіп, санақ жүргізген жанкешті ғалым. Бұл картотека ағайдың үйінде сақтаулы әрі «Бабалар сөзі» жүзтомдығына ертектердің сюжеттік типтерін айқындағанда осы жұмысы бізге үлкен жәрдемін тигізген еді.
Қазақ халық прозасын зерделегенде халқымыздың мыңдаған жыл бұрынғы тарихы, танымы, қандай елдермен қарым-қатынаста болғаны, ой-өрісі, жадысы, сөз өнерінің қалыптасу кезеңдері дәйекті сарапталды, халық прозасының табиғатын тексеріп, жүйелі классификация жасалды. Бұл еңбектер – сол кездегі үстем боп тұрған маркстік-лениндік қызылшулан көбік сөзден ада, ұлт тарихын асқақтатқан, ешқашан ескірмейтін этнологиялық, фольклортанулық қағидатпен жазылған шоқтықты дүниелер. Ғалым библиографиялық сирек нұсқаға айналған осы зерттеулерін 2000 жылдары қайтадан жариялады, сонда бір сөйлем немесе бір абзац қысқармай, өзгертілмей, әу бастағыдай сол қалпында оқырманға жол тартты. Бұл – осы кітаптардың ғылыми тұғырнамасы берік қаланған, саясаттан тыс жазылған, таза классикалық зерттеу, аса бағалы ғылыми мұра екенінің тағы бір дәлелі.
Сейіт Асқарұлының жетекшілігінде қазақ фольклорының әрбір жанрына жеке-жеке монография арнау – бүгіндері 100 том болып жарық көрген бай мұрамызды ғылыми нысанға айналдыру, игеруге жол ашатын кешенді жұмыс. Осы салада Сейіт ағаның жолын жалғастырған кейінгі буын шәкірт ғалымдар да тер төгіп келеді. Атап айтқанда, қазақ көне-наным сенімдерге қатысты фольклорынан Б.Абылқасымов, отбасылық ғұрып фольклорынан К.Матыжан, қазақ дастанынан Б.Әзібаева, жұмбақтан Ш.Керім, тарихи жырдан А.Әбдісадық, жер-су аңыздарынан А.Паңгереев, антикалық мифтен Р.Әлмұхановалар докторлық еңбек қорғаса, ауыз-екі әңгімеден П.Әуесбаева ғылыми диссертация жазды. Марқұм досым Бақыт Әбжетке «Қазақ-иран ертігегілері» бойынша қорғатып, қазақ-парсы тарихи байланыстарына ізденіс жасатты. Ал маған ұстазым «Қазақтың халық прозасы» зерттеуінің миф деген бір тарауын тәбәрік етіп ұсынды.
Сейіт аға бізге «Қазақ халқының мұрасы үш жерде сақталған. Оның біріншісі, ескі қорымдарды қазсаң, археологиялық мұраң шығады. Екіншісі, халқымыздың алтын сандық кеудесін қазып, көзі тірі ақсақал ата-апалардан жазып алсаң, сонда қазына бар. Үшіншісі, қолжазба, архив, қоймада тұрған дүниелер. Осының бәрін жинап жариялап, жүйелеп зерттеу керек» дейтін.
Академиктің басқаруында қазақ фольклорының «Бабалар сөзі» деп аталатын жүзтомдығы, ежелгі әдебиетіміздің антологиясы «Әдеби жәдігерлер» сериясы 20-томдығы жарық көрді. Мұның көбісі бұған дейін архив қоймаларында шаң басып жатқан, жарыққа жеткендерінің өзі бұрмаланып, жұлмаланып шығарылған. Совет өкіметі кезінде біздің фольклорымыз, ертегі, дастан-жырларымыз қайшыға ілінген. Партия өздеріне жақпайтын тұстарын кесіп алып тастап отырған. Соның бәрін қайтадан қалпына келтіріп, текстологиялық жұмыс жасап, ғылыми түсініктемелерін жазып, жүйеленіп, жария етілді. Бұл әлемде теңдесі жоқ мегажобаны атқарып, ұйымдастырған Сейіт аға. Осы жұмысқа кіріскенде «Бізден жүз том фольклор шықпайды» деп бұған күмәнмен қараған әйдік қайраткерлер болған. Алайда осының бар ауыр салмағын, таудай тауқыметін М.Әуезов атындағы институттың ғалымдары және институт басшысы Сейіт аға көтеріп алды. Бүгінге дейін түрік және әлем халықтарында жүз том фольклоры бар тек қазақ халқы ғана. Ресейде барлығы 60 томға жоспарланып 1983 жылдан бері шығарылып келе жатқан «Сібір және Қиыр Шығыс халықтарының фольклор ескерткіштері» деген антологияның әзірге дейін 34 томы жарық көрді.
Алаш жұртының абызына, түгел түріктің марқасқасына айналған Сейіт Асқарұлының мәңгілік рухани сапары жалғасып, батыр бабалардың соңынан аттанып кетті. Ол басқарып жүзеге асырған қазақ ұлтының брендіне айналған «Бабалар сөзі» жүзтомдығы әлем мәдениетіне тамырлы жұртымыздың қосқан інжу-маржаны екенін ғылым қауымдастығы жоғары бағалайды. Бірде ақын ағамыз Серік Тұрғынбеков «Қасқабасовтың соқпағы – қасқа жол, басқалардың шиыры – басқа жол» деген еді. Бұл әдемі айтылған әзілдің астарында ақиқат жатқанына оның таудай еңбектерін тамашалап қарасаң көзің жетеді, көңілің сүйсінеді.
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
Түркі академиясының сарапшысы,
филология ғылымдарының
кандидаты