Осы аптада, әлемде...

/
Осы аптада, әлемде...

Әлем тыныш емес. Апта сайын, тіпті күн сайын болып жатқан түрлі оқиғалар жаһанның күн тәртібіне түрлі мәселені шығарып, «ойын ережелерін» күрт өзгертіп жатыр. Осы аптада қандай оқиғалар болды, шолу жасап өтейік.

Тарик Рахман Бангладештің жаңа пре­мьер-министрі ретінде ант қабылдады. Оның жетекшілігіндегі Бангладеш ұлттық партиясы жалпы сайлауда парламенттегі 300 орынның үштен екісін иеленді. Бұл – 2024 жылы Шейх Хасина биліктен кеткен­нен кейінгі алғашқы сайлау. Сайлаумен қатар өткен референдумда конституциялық реформалар пакеті де қолдау тапты. Енді жаңа үкімет алдында эконо­микалық сенім­ді қалпына келтіру мен саяси тұрақтылықты нығайту міндеті тұр.
Талибан үкіметі былтыр қазанда шек­ара­да болған қақтығыстарда тұтқындал­ған пәкістандық үш сарбазды босатты. Келіссөздерге Сауд Арабиясы арағайын бол­ды. Алайда Пәкістанның солтүстік-ба­тысында автокөлікке жасалған жарылыс­тан 11 қауіпсіздік қызметкері мен бір бала қаза тапты. Жауапкершілікті пәкістандық тәліптер мойнына алды. Исламабад Ауғанстанды радикалды топтарға пана беріп отыр деп айыптайды.
Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сук Ель 2024 жылы әскери жағдай енгізгені үшін импичментке ұшыраған еді. Енді сот оны бүлік ұйымдастырды деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Прокуратура өлім жазасын сұрағанымен, сот ең ауыр түрме жазасымен шектелді.
Палестина билігі Газа секторында Израиль әуе соққысынан 12 адам қаза тап­қ­анын хабарлады. Израиль мұны атысты тоқтату келісімін ХАМАС бұзғанына жауап деп түсіндірді. Сонымен қатар Израиль басып алынған Батыс жағалаудағы бірқатар аумақты «мемлекеттік меншік» деп жария­лау жоспарын мақұлдады. Сыншылар мұны іс жүзіндегі аннексия деп бағалайды.
Иран мен АҚШ Женевада екінші раунд келіссөз өткізді. Иран сыртқы істер мин­истрі тараптар принциптік түсіністікке жақын­дағанын айтты. Сонымен қатар аймақта АҚШ әскери қатысуы күшейіп жатқан шақта Иран Ормуз бұғазының бір бөлі­гін уақытша жауып, әскери-теңіз жат­тығуын өткізді. Спутниктік суреттер Иранның ядролық нысандарының бірінде жерасты кешенін күшейтіп жатқанын көрсетеді.
Ливан үкіметі армияға «Хезболланы» қарусыздандыру жоспарының екінші кезеңін төрт ай ішінде іске асыруды тапсырды. Ұйым бұл шешімді қабылдамай, оны Израиль мүддесіне қызмет етеді деп атады. African Union Судандағы азаматтық соғыста армияға қарсы соғысып жатқан Жедел қолдау күштері құрған параллель үкіметті мойындаудан бас тартты.
Францияның Лион қаласында оңшыл студенттің өліміне байланысты 11 адам ұс­­талды. Ұсталғандардың арасында сол­шыл партияның парламенттік көмекшісі бар. 
Ұлыбританияда бұрынғы ханзада Эндрю Маунтбеттен-Уинзор қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл іс Эпштейн құ­жат­тарының тағы бір легі жарияланғаннан кейін өршіді. Бірақ кейіннен бұрынғы ханзада қамаудан босатылды.
Жапония экономикасы 2025 жылдың соңғы тоқсанында жылдық мәнде небәрі 0,2 пайызға өсті. Бұл сарапшылар күткен деңгейден әлдеқайда төмен. Ал бұған дейінгі тоқсанда ЖІӨ 2,3 пайызға қыс­қарған еді. Ел іс жүзінде рецессия табал­дырығынан әрең өтті. Премьер-министр Такачи Жапон банкі басшысымен шұғыл кездесу өткізді. Нарықта орталық банк ие­н­аны нығайту үшін пайыздық мөлшер­ле­мені тағы да көтеруі мүмкін деген болжам күшейді. Әлсіз валюта импорттық тауар­ларды қымбаттатып, тұрмыс құнын арт­тырды. Дегенмен орталық банк басшысы мырза кездесудің мазмұнын ашып айтудан бас тартты.
Еуропа орталық банкі басшылығында да белгісіздік күшейді. Лагард ханым өкілет мерзімі 2027 жылдың қазанында аяқталуға тиіс, алайда оның мерзімінен бұрын кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Еуропадағы монетарлық саясат енді тек инфляциямен емес, саяси тәуекелдермен де өлшенетін түрі бар.
Үндістан дамушы елдер арасында алғаш рет жаһандық ЖИ саммитін өткізді. Үкімет жиынның басты идеясын «жасанды интеллектті демократияландыру» деп таныстырды. Ашық кодты технологиялар, инклюзивтілік және даму басымдығы туралы айтылды. Алайда сарапшылар Үндістанның басты мақсаты деректер орталықтарына инвестиция тарту екенін де жасырмайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары