Ақмола облысында үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен жеті жастағы бала құлап кетті. Бала аудандық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға туралы хабар 4 наурыз күні аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне медициналық мекеменің қабылдау бөлімінен түскен.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шамамен сағат 17:30-да бала үйінде ағасымен бірге болған және балконға шыққан. Төменде тұрған итті көрген бала масаға қарсы торға сүйенген. Алайда тор баланың салмағын көтере алмай, ол төменге құлап кеткен.
«Дәрігерлердің мәліметінше, кәмелетке толмаған баланың сүйегі сынбаған. Бірақ қатты шок жағдайына байланысты ол таңертеңге дейін дәрігерлердің бақылауында ауруханада қалдырылды», – деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу керектігін және оларды ашық терезелер мен балкондардың жанында қараусыз қалдырмауды еске салды.