Маңғыстаулық жігіт таныстары мен туыстарының атына 6,5 млн теңге несие рәсімдеген

/
Маңғыстаулық жігіт таныстары мен туыстарының атына 6,5 млн теңге несие рәсімдеген
istockphoto.com

Ақтау қаласында сот Таушық ауылының 24 жастағы тұрғынына үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол өзге адамдардың атына онлайн несие рәсімдеу арқылы бірнеше рет алаяқтық жасаған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 6,5 миллион теңгеден асқан.

Жас жігіт таныстарының ұялы телефондарын алып, банк қосымшалары мен микроқаржы ұйымдарының сервистері арқылы несие рәсімдеген. Оның әрекетінен үш адам зардап шеккен, олардың арасында сотталушының туысы да бар.

Мәселен, өткен жылдың шілде айында ол бір адамның атына шамамен 1,8 миллион теңге, ал екінші адамның атына 570 мың теңгеден астам несие рәсімдеген. Тамыз айында дәл осындай тәсілмен ауылдасын алдап, оның атына 4,17 миллион теңге көлемінде қарыз алған.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, келтірілген шығынды өтейтінін айтты. Сот оны орташа қауіпсіздік мекемесінде үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, жәбірленушілерге 6 542 284 теңге материалдық шығынды және шамамен 144 мың теңге көлеміндегі сот шығындарын өтеуге міндеттеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары