Семейде Үндістаннан келген студенттерді қорлаған жасөспірім сотталды

/
Семейде Үндістаннан келген студенттерді қорлаған жасөспірім сотталды
istockphoto.com

Семейде кәмелетке толмаған жасөспірім ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұлттық алауыздықты қоздырды деп айыпталған жасөспірімге қатысты қылмыстық істі қарады.

2025 жылдың ақпан айында кәмелетке толмаған Б нәсілшіл «скинхедтер» қозғалысының көзқарастарын қолдай отырып, Telegram мессенджерінде «Skinheads industries-Semey» атты чат құрған. Топтың әкімшісі бола отырып, ол адамдарды ұлттық белгісі бойынша кемсітетін, атап айтқанда Үндістаннан келген студенттер мен олардың мәдениетін қорлайтын мәтіндік және аудио хабарламалар жариялаған.

Сонымен қатар жасөспірім чат қатысушыларын өз көзқарастарын қолдауға және басқа адамдарды, соның ішінде кәмелетке толмағандарды да осы қауымдастыққа тартуға шақырып, Семей қаласының аумағында экстремистік идеяларды таратуға әрекет жасаған.

Сотта жасөспірім өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

Сот жаза тағайындау кезінде оның кәмелетке толмағанын, кінәсін мойындағанын және бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.

Сот Б.-ға 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Сот ұлттық белгі бойынша адамдарды қорлау, араздықты қоздыру және экстремистік идеяларды тарату, соның ішінде интернет арқылы жасалған жағдайда да, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары