«Қазақтелеком» банкрот болған павлодарлық «Ертіс» клубына инвестиция салды

/
«Қазақтелеком» банкрот болған павлодарлық «Ертіс» клубына инвестиция салды
ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерін отандық футболды қолдауға шақырды. Осы тапсырманың аясында Қазақстан футбол федерациясы кәсіби клубтарға жеке инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмысты бастады. Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың бастамасымен бұл бағыттағы алғашқы қадам жасалды. Павлодарлық «Ертіс» клубы мен «Қазақтелеком» АҚ, «Kcell» АҚ және activ бренді арасында әріптестік байланыс орнатылды.

Аталған әріптестік кәсіби футболға жеке инвестициялар тартуды, өңірде балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуды, сондай-ақ жас спортшыларды дайындауда тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.

«Біз дәстүрлі жарнамадан гөрі шынайы серіктестікке басымдық бердік. Тарихы терең, рухы мықты «Ертіс» талай буынды шабыттандырып, аты аңызға айналған клуб. Бес дүркін ел чемпионы, Кубок иегері, чемпионаттарда медаль саны бойынша рекорд жасаған. Азия мен Еуропа ареналарында 2000-нан астам ойын өткізген. Қазір команда даму жолындағы маңызды кезеңнен өтіп жатыр, біз оның алдыңғы қатарға қайта оралатынына сенеміз», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

ҚФФ басқарушы директоры Бекжан Сафинов Федерация президентінің бизнес өкілдерін футболға тартудағы белсенді жұмысын атап өтті:

«ҚФФ президенті Марат Омаров футболды дамытуға инвестиция тартудың маңыздылығын күн тәртібінен түсірмей келеді. Біз дәл осы бағытқа басымдық беріп отырмыз. Бүгінгі әріптестік – футбол клубтарын трансформациялаудағы үлкен жұмыстардың бастауы».

Өз кезегінде Kcell компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жамбакин спортты дамытуға қатысу – жас ұрпақтың кемел келешегіне жасалған маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, activ брендінің де философиясы дәл осындай бастамаға бағытталған:

«Ертіс» футбол клубы – тұтас өңірдің тарихы, мектебі мен қуаты. Біз жай ғана секцияларға емес, жас ойыншылар үшін нақты мүмкіндіктерге инвестиция салып отырмыз. Ертеңгі күн дәл осы сәттен қалыптасады, сол үшін біз де біргеміз».

Еске сала кетейік, 2020 жылы павлодарлық «Ертіс» футбол клубы банкрот болып жабылғанын рес­ми мәлімдеген болатын. Команда қаржы тапшылығына байланысты Қа­зақстан чемпионатына қатысудан бас тартты. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары