"Бала тууға ынталандыру": Ресей депутаты түнде интернетті өшіруді ұсынды

/
"Бала тууға ынталандыру": Ресей депутаты түнде интернетті өшіруді ұсынды

Ресейдің Брянск облысындағы депутат Михаил Иванов елде туу деңгейін көтеру үшін түнгі уақытта интернетті өшіруді ұсынды. Оның бастамасы бойынша, түнгі сағат 23:00-ден 02:00-ге дейін интернетке қолжетімділік шектелуі мүмкін. Бұл ұсынысты ол интернетке тәуелділікті азайтып, жас жұбайларды бір-бірімен көбірек тілдесуге, қарым-қатынасты нығайтуға және ата-ана болу жауапкершілігін сезінуге ынталандыру ретінде қарастырып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz absatz.media-қа сілтеме жасап.

«Интернет – тәуелділіктің жаңа түрі. Жастар түндерін бір-бірімен сөйлесудің орнына, сериал қарап, ойын ойнап, әлеуметтік желілерде отырғызумен өткізеді. Бұл тек зиянды әдет емес, бұл – елдің демографиялық қауіпсіздігіне төнген нақты қауіп», – дейді Иванов.

Оның сөзінше, бұл ұсыныс толық шектеу емес, «сандық ұстамдылық» принципіне негізделген. Ол түнгі уақытта баласыз жас отбасыларға интернетті өшіру арқылы цифрлық тыныштық орнатып, оларды виртуалды әлемнен шынайы қарым-қатынасқа оралту қажет деп есептейді.

Бұл пікірді Мемлекеттік Думадағы кейбір шенеуніктер де қолдайды. Вице-спикер Ольга Епифанова бұрын жастардың әлеуметтік желілерге тәуелділігі олардың даралыққа бейімделуіне, ал бұл өз кезегінде отбасылық құндылықтардың әлсіреуіне әкеп соғатынын мәлімдеген.

Михаил Ивановтың айтуынша, бастама бостандықты шектеу емес, қоғам игілігі үшін жүргізілетін ақылға қонымды реттеу.

«Егер біреу бала көтергісі келмесе, бұл оның таңдауы. Бірақ мемлекет отбасы құндылықтарын алға шығаратын жағдай жасауға құқылы», – деп түйіндеді ол.

Бұл ұсыныс заң жүзінде бекітілмеген және қоғамдық талқылау жүргізуді талап етеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары