WORLDSKILLS ASTANA-2025 – Болашақ мамандардың жарысы

WORLDSKILLS ASTANA-2025 – Болашақ мамандардың жарысы
сурет: istockphoto.com

Болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін ұштаған WorldSkills Astana-2025 қалалық чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл байқау жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын арттырып, жастар арасында олардың беделін көтеруді мақсат етеді. Биылғы чемпионатқа 350 үміткер қатысып, түрлі бағыттар бойынша сынға түсті, 50 үздік маман анықталды. Тәжірибе мен теорияны ұштастыра отырып, жас мамандар өздерінің біліктілігін, кәсіби қабілеттерін паш етті. Олардың ішінде үздік шыққандары алтын, күміс медальдармен марапатталды. Жүлдегерлер республикалық деңгейде ел намысын қорғайтын болады.

Кәсіптік-техникалық білім беру – эко­но­миканың қозғаушы күші. WorldSkills чем­пио­наты тек жарыс емес, сонымен қатар кә­­сіби бағыт-бағдар, шеберлікті дамыту алаңы ретінде де өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Студенттер аспаздық, веб-тех­но­ло­гия­лар, графикалық дизайн, мобильді ро­бо­то­тех­ника, IT, инженерлік графика, мей­рам­хана сервисі және басқа да сұранысқа ие ма­­­­мандықтар бойынша өз жобаларын ұсы­нып, бақ сынады.
Чемпионатта ерекше көзге түскендердің бі­рі – Астана қаласы әкімдігінің қоғамдық та­мақтандыру және сервис колледжі. Бұл оқу ор­ны WorldSkills қозғалысына белсенді қа­ты­сып, бірнеше жыл қатарынан жүлделі орын­дарды иеленіп жүр. 

Зәуре ҚЫЛЫШБАЕВА, 
Астана қаласы әкімдігінің қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің директоры: 

– Кондитерлік ісі бойынша біз қатары­нан 3 жыл бойы Республикада алтын медаль ие­лендік. Ал аспаздық бағытта соңғы төрт жыл ішінде 1-2-орын алдық. Наубайшы ма­ман­дығы бойынша да жетістіктеріміз бар. Жал­пы, бұл скилс қозғалысының басты мақ­саты – жұмысшы мамандықтардың жас­тар үшін қаншалықты маңызды әрі қызықты екенін көрсету және осы мамандықтарды на­сихаттау.
Байқауда техникалық бағыттағы сту­дент­тердің де белсенділігі жоғары болды. Со­лардың бірі – 18 жастағы Аллажар Ха­ми­тов. Ол Астана қаласындағы Құрылыс-тех­ни­калық колледжінің студенті. Аллажар чем­пионатта автоматтандырылған шлаг­баум жүйесін жасап, 1-орын иеленді. Бұл жоба – күзетшіні қажет етпейтін, компьютер арқылы басқарылатын құрылғы.
Чемпионат әділ бағалануы үшін арнайы сарап­шылар тобы жұмыс істеді. Олардың қа­та­рында колледждердің тәжірибелі ұстаз­дары, арнайы сертификаты бар эксперттер, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар бар. Астана қаласы Білім бөлімі басқармасының өкілі Ақ­марал Хон байқаудың әділдігіне тоқтала ке­ле былай деді: «Жұмыстарды бағалап отыр­ған 250 сарапшы бар. Олардың қата­рында колледж оқытушылары да, сонымен бірге, бас сарапшылар да жұмыс істейді. Бас сарап­шылардың арнайы сертификаттары бар. Бұған қоса, біз басқа өңірлерден де тәуел­сіз сарапшыларды арнайы шақырдық».
WorldSkills чемпионатына қатысқан кол­ледж түлектерінің 97 пайызы өз маман­дық­тары бойынша тұрақты жұмысқа ор­на­ласады. Бұл – техникалық және кәсіптік бі­лім беру жүйесінің тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Қазір елімізде білікті жұмысшыларға сұраныс артып келеді. Бұл чем­пионат – сол сұранысты сапалы кадр­лар­мен қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.
WorldSkills қозғалысы соңғы онжыл­дықта елімізде тұрақты түрде өтіп келеді жә­не оның басты мақсаты – жұмысшы ма­ман­дықтардың беделін арттыру, жастардың кәсіби бағытта дамуына мүмкіндік жасау. Қа­лалық деңгейде басталған чемпионаттың жеңім­паздары алдағы уақытта Ұлттық чем­пионатта ел намысын қорғайтын болады.

Жанасыл ЗАЙТИМХАН

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары