Трамп үшін егемендіктің құны – 61 млрд доллар

/
Трамп үшін егемендіктің құны – 61 млрд доллар
сурет: istockphoto.com

Өткен аптада АҚШ Президентінің Канадаға айтқан ұсынысы жай экономикалық мәміле емес, егемендікті ашық саудаға салу секілді әсер қалдырды. Дональд Трамп Канада елдің 51-штаты атанса, оған құны 61 миллиард долларлық зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі тегін беріледі деп мәлімдеді. Канаданың ішкі-сыртқы саяси жауаптары, сондай-ақ монархтың араласуы бұл мәселені екіжақты емес, халықаралық мәні бар тақырыпқа айналдырды. 

Шартты жомарттық

АҚШ Президенті Дональд Трамп Ка­надаға «Golden Dome» атты зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне тегін қосылу мүм­кіндігін ұсынды. Алайда бұл жомарт­тықтың шарты бар: Канада бұл жеңілдікке тек АҚШ-тың 51-штаты ретінде ғана ие бола алады. Трамп бұл ұсынысты Truth Social әлеуметтік желісінде жариялап, егер Канада тәуелсіз ел күйінде қалса, жүйеге қосылу құны 61 миллиард доллары бола­тынын жазды.
– Мен Канадаға айттым: егер олар бө­лек мемлекет болып қала берсе, онда бұл оларға 61 миллиард долларға түседі. Ал егер олар 51-штатқа айналса, онда бұған нөл доллар кетеді, – деп жазды Трамп.
АҚШ Президентінің бұл мәлімдемесі оның бұрыннан айтып жүрген ұстаны­мынан айнымағанын нақтылап отыр. Ол Канада мен АҚШ-тың арасына «жасанды шекара қойылғанын» алға тартып, екі елдің бірігуі «екі тарап үшін де тиімді» екенін бірнеше рет мәлімдеген. Сонымен қатар ол Вашингтон жыл сайын Канадаға жүз­деген миллиард доллар қолдау көр­сететінін, ал бұл екі ел тек ресми түрде бі­рік­кен кезде ғана ақталады деп есеп­тейді.
«Golden Dome» – АҚШ-тың алдағы жиыр­ма жылға жоспарлап отырған ең қым­бат әскери жобаларының бірі. Оның мақ­саты – гипердыбысты қарулар мен ғарыш­тан төнетін шабуылдарды қоса ал­ғанда, барлық ықтимал зымыран қауіп­те­рі­не қарсы бірыңғай қорғаныс қалқанын құру. Құны – шамамен 540 миллиард доллар.

«Канада – Канада болып қалады»

Ұлыбритания патшасы III Чарльз Канаданың парламентінде сөйле­ген сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамп­тың ел егемендігіне қатысты мәлім­демелеріне жанама түрде жауап берді. «Канада – Канада болып қала береді», – деді монарх, көпшілік ұзақ қол шапалақ­тап, қолдау тапқан сөзінде.
Трамптың атын тікелей атамаса да, пат­ша Канадаға қатысты аннексия тақы­ры­бын сабырмен сынға алды. 
– Демократия, плюрализм, заңның үс­темдігі, өзін-өзі анықтау құқығы мен ер­кіндік – канадалықтар аса қатты құр­мет­тейтін және олардың үкіметі қорғауға ниетті құндылықтар, – деді ол.
Жарты сағатқа созылған баяндама­сын­да патша қолжетімді баспана, эко­ло­гия, байырғы халықтардың мәселелері мен шекара қауіпсіздігі сынды тақырып­тарды қамтығанымен, оның баса айтқан мәселесі Канада егемендігінің өзгермейтіні тура­лы мәлімдеме болды. Бұл жолдау пар­ламент залындағы депутаттар тарапынан ерекше қолдау тапты және Трамптың пі­кіріне нақты саяси және моральдық жауап ретінде қабылданды.
Патша қазір 16 мемлекеттің, соның ішін­де Канада, Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия және бірқатар Кариб теңізі мен Тынық мұхиты аралдарының конс­ти­­­­туциялық монархы саналады.

Канада қарсы тұруға әзір

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Канада өзінің тәуелсіздігін қорғауға қабілетті екенін айтып, көршілес мемлекеттің егемендігіне қауіп төнбейтінін мәлімдеді. Алайда До­нальд Трамптың соңғы мәлімдемелері мен әрекеттері, Канадаға АҚШ-тың бір штаты болуды қайта-қайта ұсынуы, экономи­калық тарифтік қысым, сондай-ақ ғарыш­тық зымыран қорғанысы жобасына қо­сы­луға үндеуі бұл уәжге күмән тудырады.
Оттавада өткен CANSEC көрмесінде сөй­леген Помпеоның бұл пікірі Ұлыбри­тания патшасы Чарльздің Канада егемен­дігін дәріптеген мәлімдемесінен бір күн өткен соң айтылды. 
Ал Канада премьер-министрі Марк Карнидің Ақ үйдегі кездесуде Трампқа Кана­да ешқашан АҚШ-тың құрамына кір­мейтінін кесіп айтуы – елдің саяси ба­ғыты анық екенін көрсетіп отыр. Елдің CTV телеарнасының хабарлауынша да, пре­мьер-министр Марк Карнидің кеңсесі Трамптың талабын қабылдамайтынын ашық білдірген. 
– Премьер-министр сәті түскен сайын, оның ішінде Трамппен жеке кездескенде де, Канада тәуелсіз әрі егемен ел екенін жә­не солай қала беретінін айтып келеді, – деп айтылады телеарна материалында.

Шекаралар бұлыңғырланды

Трамптың Канаданы АҚШ құра­мына қосып алу ниеті әзіл мен гео­саяси ойынның арасындағы шекараны бұлыңғырлата бастады. АҚШ Прези­ден­тінің бұл ұсынысы тек экономика немесе қорғаныс жоспарларымен шектелмейді, таяқтың бір ұшы елдің саяси болмысына, тарихи жад пен ұлттық бірегейлікке де тиіп отыр. Оның ұсынысы халықаралық құ­қық нормаларына қайшы келетіні айт­паса да түсінікті. Бір мемлекеттің өзге мем­лекетті бейбіт кезеңде аннексиялау идеясы – әлемдегі қазіргі нормалар мен қағи­даттарға қарсы. 
Канаданың билігі бұл сын-қатерге тез әрі нақты жауап берді. Премьер-министр Марк Карни елдің тәуелсіздігін ешқандай шартпен саудаламайтынын білдірсе, патша III Чарльз Канада егемендігінің символдық әрі конституциялық тірегі ре­тінде бұл ұстанымды әлемге жария етті. Мо­нархтың сөзі патша протоколынан тыс, нақты саяси позиция болды. Ол Трамп­тың ұсынысын тікелей атамай-ақ, Ка­нада қоғамының іргетасын, демократия мен еркіндікті ашық қорғап шықты. Бұл – қазіргі заманда символдық мәні ғана бар деп саналатын биліктің халықаралық саясаттағы шынайы рөлін көрсететін сәттердің бірі.

Егемендік – саудаға салынатын актив емес, ұлттың өз болмысын сақтау құқығы. Десек те, күшті мен әлсіздің мәңгілік күресінде қағидаттар жиі ұмытылып, шекаралар бұлыңғырланатыны – тағы бір шындық.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары