Күйзеліп жүрсіз бе? Жұмыстан қажыдыңыз ба? Енді маңдайға жапсырылатын жаңа электронды татуировка сіздің психикалық күйіңіз туралы нақты уақыт режимінде мәлімет беруі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz spectrum.ieee.org-ке сілтеме жасап.
Осыған орай Техас университетінің (Остин) зерттеушілері теріге уақытша татуировка сияқты жабысып, ми сигналдары мен көз қозғалысын бақылайтын сымсыз, өте жұқа құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы адамның психикалық жүктемесін анықтауға мүмкіндік береді.
Оны бетке тағылатын жетілдірілген Oura сақинасы деп елестетсе болады – болашақта бұл құрылғы ұшқыштарға, хирургтерге, жарыс жүргізушілеріне және әскери қызметкерлерге жоғары қысым жағдайында сергек болуға көмектесуі мүмкін.
«Осындай аса жауапты, жоғары талап қойылатын тапсырмалар кезінде біз адамның психикалық жүктемесін нақты уақытта бақылап, сараптай аламыз», – дейді UT Austin университетінің биомедициналық инженері, маңдайға арналған сенсорды жасауға жетекшілік еткен Наньшу Лу.
Оның айтуынша, мұндай деректердің көмегімен тапсырмаларды қайта бөлуге, қателік орын алмай тұрып кадрларды қайта бағыттауға немесе адамның когнитивтік жүктемесі қауіпті деңгейге жеткенде ескерту жіберуге болады.