Мұғалім – қадірлі мамандық. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым құрметті тұлға ретінде ерекшеленеді. Мамандық жынысқа бөлінбейді, алайда бүгінде мұғалімдер арасында әйелдер көп екенін көріп жүрміз. 2024 жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстан мектептеріндегі мұғалімдердің шамамен 80 пайыздан астамы – әйелдер. Ер мұғалімдердің аздығы, әсіресе, бастауыш және орта сыныптарда қатты байқалады.
Неліктен ер мұғалімдер аз? Бұған негізгі бірнеше себеп бар. Жалақының төмендігі, яғни көп ер-азамат отбасын асырау үшін табысы молырақ жұмыстарды таңдайды. Сонымен қатар мұғалімдік мамандықтың қоғамдағы беделі де жоғары емес деп санайтындар көп.
Филолог, этнопедагог Құндыз Оралжан қазақ қоғамында ер мұғалім әрдайым тәрбие мен рухтың тірегі болған дейді.
– Әсіресе, Алаш дәуірінен басталған мұғалімдік миссия – ұлттың болашағына бағытталған үлкен жауапкершілік болатын. Соның ішінде Мағжан Жұмабаевтың ұстаз ретіндегі орны бөлек. Оның «Педагогика» атты еңбегі – қазақ баласына білім мен тәрбиені ұштастырып жеткізген алғашқы тұғырлы еңбектердің бірі. Мағжан шәкірттеріне тек ілім емес, елдік рух берді. Бүгінде мектептерде ер мұғалімдердің азайып бара жатқаны – алаңдатарлық мәселе. Бұл құбылыс – ер-азаматтардың ұрпақ тәрбиесіне енжар қарай бастағанының көрінісі. Көбі тек өз баласының қамын күйттейді. Ал шын ұстаз – ұлттың барлық баласына бағыт беретін жан, – дейді педагог.
Маманның айтуынша, бұл жағдай елдің әлсіреуінің бір белгісі.
– Қазір ерлердің рухы әлсіреп бара жатыр деп жиі айтамыз. Соның бір себебі – баланың көз алдында ер мұғалім бейнесінің жоқтығы. Үлгі көрмеген ұрпақтан рухты азамат шығуы қиын. Ер мұғалім – тәртіп пен қайраттың иесі. Сондықтан мектептегі ер мұғалімдердің үлесін арттыру – ұлтты қайраттандырумен тең, – деп қорытты ойын Құндыз Оралжан.
Ұстаз болу – жай ғана кәсіп емес, бұл ұлттың болашағына қызмет ету. Біз осы тақырыпты зерттеу барысында біраз мәселеге қанықтық. Мәселен, ұл балалардың бойында ер адамға тән мінез-құлық, жауапкершілік, тәртіптілік сияқты қасиеттердің қалыптасуы кешігеді екен. Балаларда мұғалім – тек әйел адам деген ұғым қалыптасып, гендерлік рөлдер біржақты қабылданады.
Білім беру – тек кітап үйрету емес, ол – ұлт тәрбиесі. Ал ұлтты тәрбиелеу – әйел мен ер-азаматтың ортақ жауапкершілігі. Егер мектеп тек әйелдердің әлемі болып қала берсе, ертеңгі ұрпақтың тәрбиесінде тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан бұл мәселе назардан тыс қалмай, тезірек қолға алынуы керек.
Гүлжамила СЕРІК,
Мөлдір ОКТЯБРЬ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика факультеті ІІ курс студенттері