Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында республикалық бюджет жобасы жан-жақты талқыланды. Парламенттік фракциялар өз ұстанымдарын білдіріп, ескертулер мен бірқатар конструктивті ұсыныстар айтты. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет бұл ұсыныстардың барлығын ескеруге тиіс екенін атап өтіп, жаңа бюджет мемлекеттік жоспарлаудың жаңартылған жүйесі мен фискалдық реформа негізінде жасалғанын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық қордан қосымша нысаналы трансферттерсіз әзірленген биылғы бюджет әлеуметтік бағдарды сақтайды және нақты секторды қолдауды күшейтеді. Дегенмен өңірлік қаржыландыру, даму шығыстары мен жобаларды аяқтау тәртібі ерекше бақылауда болады.
Ерлан Қошановтың айтуынша, алдағы жылдары елдің күнделікті өмірі осы құжатқа сүйенеді, сондықтан ұсыныстарды дер кезінде ескеріп, бюджетті пысықтау маңызды. Биыл көп жылдан бері алғаш рет бюджет Ұлттық қордың қосымша қолдауынсыз қабылданып отыр.
Әдеттегідей, әлеуметтік бағдар басымдық болып қала береді. Мектептер мен ауруханаларды, мәдениет және спорт нысандарын салу мен жаңғыртуға қомақты қаржы қарастырылады. Экономиканың нақты секторын да қолдау ұлғаяды. Оның ішінде өңірлердегі жаңа инвестициялық жобалар «Бәйтерек» холдингінің қайтарымды қаржыландыруы арқылы іске асады. Бұл тұрақты өсім мен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған бастама ретінде барлық фракциядан қолдау тапты.
Сонымен бірге Төраға өңірлік қаржыландыруға қатысты бірқатар сұрақ барын атап өтті. Салық түсімдерінің бір бөлігін жергілікті деңгейге беру заңнамалық түрде бекітілгеннен кейін көптеген өңір кірістер жоспарын артығымен орындап келеді. Жергілікті бюджеттер дербестігі күшейді. Енді пайда болған қосымша қаражат имидждік бастамаларға емес, басталған нысандарды аяқтауға және әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталуы қажет. Бұл процеске Үкімет те, депутаттық корпус та мониторинг жүргізеді.
Мәжіліс Төрағасы 2026 жылға өңірлерге берілетін субвенциялар көлемі биылғымен салыстырғанда 700 млрд теңгеге қысқарып, 5,1 трлн теңге болатынын айтты. Даму шығыстары 1,7 трлн теңге деңгейінде жоспарланған. Осыған байланысты 2026 жылы жаңа жобаларды бастау қарастырылмайды, қаражат тек жалғасып жатқан нысандарға жіберіледі. Мұндай жағдайда Үкімет бюджетке түзету енгізу барысында өңірлердің маңызды жобалары үшін қосымша резервтерді қарастыруы тиіс. Депутаттық корпус бұл жұмыстың орындалуын мұқият бақылайды.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік қарыз, инвестициялық жобалардың орындалуы және өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық теңсіздіктерді қысқарту сияқты бағыттардың өзектілігін де атап өтті. Екі айға созылған талқылау барысында депутаттар дәл осы тақырыптарға басым назар аударған.
Жаңа Бюджет кодексі барлық қатысушылардың, соның ішінде депутаттық корпустың жауапкершілігін күшейтті. Сондықтан бөлінген әр теңге нақты жобалар мен нысандарға жетуі, нәтижесі айқын көрінуі керек. Төраға бюджет пен мемлекеттік қаржыны ашық әрі жауапкершілікпен басқарудың мәні осында екенін айтты.