Маңғыстау облысында құбыр өндіретін жаңа цехтар ашылды

/
Маңғыстау облысында құбыр өндіретін жаңа цехтар ашылды
Маңғыстау облысы әкімдігі

Бүгін Республика күні қарсаңында Маңғыстау облысында «Новые трубные технологии» ЖШС-нің екі жаңа өндірістік цехының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Облыстық әкімдіктің ақпаратынша, өндірістік алаңдар Ақтау қаласының өнеркәсіп аймағында орналасқан.

Ұсынылған жобалардың біріншісі – икемді полимерлі арматураланған құбырлар шығаратын инновациялық цех. Бұл – Қазақстандағы осындай үлгідегі алғашқы локализацияланған өндіріс орны. Жобаға 3,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған. Өндірістік қуаты жылына 300 шақырымға дейін құбыр өндіруге мүмкіндік береді. Өнім мұнай-газ және химия өнеркәсібінің қажеттіліктеріне бағытталған.

Екінші цех болат және сорап-компрессорлық құбырлардың ішкі бетіне антикоррозиялық жабын жағуға арналған. Жобаның инвестиция көлемі – 5 млрд теңге, өндірістік қуаты жылына 600 шақырымға дейін құбыр өндіруге мүмкіндік береді. Өнім мұнай, газ және жоғары қысымдағы химиялық сұйықтықтарды тасымалдау кезінде пайдаланылады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа өндіріс орындарының ашылуы – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған жүйелі өнеркәсіптік саясаттың нәтижесі екенін атап өтті.

«Осындай өндіріс орындарының ашылуы өңірдің экономикалық дамуына серпін береді. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен жергілікті кадрлардың дамуына мүмкіндік. Ең бастысы – отандық өндірісті дамыту арқылы еліміздің өнеркәсіптік тәуелсіздігін нығайтамыз», – деді өңір басшысы.

Жобалар аясында қазірдің өзінде 125 жаңа жұмыс орны құрылды. Өндіріс толық іске қосылғанда тағы 25 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары