Германияда Қазақстаннан шыққан автодилерге қатысты тергеу барысында оның үйінен қолтырауынның басы табылды. Бұл туралы елдің кеден қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz Bild басылымына сілтеме жасап.
39 жастағы ер адам Германияның Гессен федералды жерінің солтүстігінде тұрған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол Еуроодақтың санкцияларын айналып өтіп, үшінші елдерді, соның ішінде Қазақстанды пайдалана отырып, Ресейге ондаған люкс-класс көліктерін, мотоциклдер мен квадроциклдерді жеткізген. Экспорт көлемі шамамен 25 миллион еуроны құрайды.
"Тінту кезінде күдіктінің тұрғын және коммерциялық нысандарынан жалпы құны 1,3 миллион еуро болатын 21 көлік, допинг заттары, тыйым салынған электрошокер және жойылып бара жатқан түрге жататын крокодилдің бөлінген басы тәркіленді", – деп айтылған кеден қызметінің хабарламасында.
Кеден органдарының мәліметінше, ер адам санкцияларды кемінде 700 рет бұзған болуы мүмкін.