Чехияның солтүстік-шығысындағы Крконоше тауында серуендеп жүрген екі турист күтпеген жерден олжалы болды. Олар тас қабырғаға тұрып қалған металл жәшікті байқап қалған. Жәшік ішінен алтын теңгелер, әшекейлер мен антиквариат бұйымдары табылды, деп хабарлайды turkystan.kz CNN-ге сілтеме жасап.
Ашылған көмбе қазір Шығыс Богемия мұражайына тапсырылған. Мұражай мамандары олжаның тарихын зерттеуге кірісті. Бір нұсқа бойынша, бұл – Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында еврейлер немесе чех халқының жасырған мүлкі. Тағы бір жорамал – бұл Бірінші дүниежүзілік соғыстың ізі болуы мүмкін.
Градец-Кралове қаласындағы мұражайға жеткізілген көмбе ішінде 598 алтын монета (жалпы салмағы 3,7 келі), 17 темекі қорабы, пудра қорабы, тарақ және 10 алтын білезік болған.
Мұражайдың археология бөлімінің басшысы Мирослав Новактың айтуынша, қазынаның жасы 100 жылдан аспауы мүмкін. Себебі табылған монеталардың бірі 1921 жылмен белгіленген. Бұл кезең – Чехословакияда экономикалық дағдарыс пен жұмыссыздық жайлаған уақыт. Тарихшылардың пікірінше, кейбір адамдар осы кезде бағалы заттарын жасыруға мәжбүр болған.
Көмбенің құрамындағы монеталардың ешқайсысы чехтікі немесе немістікі емес. Жартысы Балқан елдерінен, қалғаны Франциядан шыққан. Кейбір монеталарда 1920–1930 жылдарға тән Югославия мөрі бар. Бұл табысты Чехия үшін бірегей ететінін батыс еуропалық нумизмат Войтех Брадле атап өтті.
Бұдан бөлек, кейбір портсигарлар әлі ашылған жоқ, ал әшекей бұйымдардағы металл құрамын анықтау үшін қосымша зерттеу қажет. Мамандар бұл көмбе жеке коллекцияның бөлігі, музейден әкелінген жәдігер немесе әскери олжа болуы мүмкін деп болжайды. Монеталардың қазіргі нарықтағы құны – шамамен 360 000 АҚШ доллары.
Чехия заңнамасына сәйкес, мұндай тарихи табыстар автоматты түрде мемлекет меншігіне өтеді. Ал оны тапқандарға сыйақы тағайындалады.