Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, жазушы, драматург, аудармашы Дидахмет Әшімхан – ХХ ғасырдың 70-80-жылдары қазақ әдебиеті әлемінің табалдырығын алғаш аттаған шоғырлы жас қаламгерлердің бел ортасында «Өр Алтайдың өрені» ретінде дара қолтаңбасымен бірден көзге түсіп, қаламының қарымын танытып, шығармашылықта ширақтығын байқатып үлгерген ұшқыр ойлы, көзі қарақты, биік талғамды тұлға ретінде қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, жүректерінен орын алған қаламгер.
Біз сөз етіп отырған иісі қазаққа танымал қаламгер Дидахмет Әшімхан көзі тірі болса бүгінде 75 жасқа келер еді. Оның өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтердің кейбірін парақтар болсақ, 1950 жылы 10 маусымда баурайына бақ, тауы мен тасына тарих қонған, сайы мен саласына сыр тұнған шырайлы Шығыстың сұлу мекені – адамзаттың алтын бесігі Өр Алтайдың етегіндегі Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. Ол орта білімді көрші ауылда орналасқан Шыңғыстай мектебінде тәмамдаған. Аталмыш мектепті ХХ ғасырдың басында, 1907 жылы Әбдікерім болыс салған екен. Әу баста орысша-қазақша 4 сыныптық мектеп болып ашылып, кейін бір ғасырдың ішінде 4-5 қайтара аты өзгеріп, бүгінде жалпы білім беретін орта мектеп статусына ие болып отырған жайы бар. 2017 жылы Әбдікерім болыстың туғанына 155 жыл толуына орай және Шығыс өңіріндегі ең алғашқы білім ордаларының бірі саналатын аталмыш мектептің 110 жылдығымен тұспа-тұс келуіне сәйкес көне де жаңа нысан «мектеп-мұражай» болып заңды түрде рәсімделген.
Осы орайда айтар болсақ, есімі белгілі шежіреші, абыз әрі аңыз тұлға – Бошай Кітапбаев, КСРО халық мұғалімі, ұстаздар әулетінің негізін салушы, Ұлы Отан соғысының батыры – Құмаш Нұрғалиев, Мұзтаудың мұзбалағы – Оралхан Бөкей, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі – Қайырды Назырбаев, Төлеген Рақымжанұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – Әлібек Асқар, жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Әлібек Қаңтарбаев, белгілі ғалымдар – Төлеухан Бияров, Қазақ тіл білімінің майталманы Сәрсен Аманжолов, филолог-профессор Бердібек Бияров, белгілі ақын – Бақытжан Раисова, жазушы Тоқтарбек Мағзұмов және көрнекті қаламгер – Дидахмет Әшімхан сынды қазақтың маңдайына біткен мақтаныштары әр жылдары осы мектеп табалдырығынан түлеп ұшқандар.
Дидахмет Әшімхан 1968 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіргеннен кейін жоғары оқуға бірден бармай, төрт жылдай туған өңірінде жұмысшы ретінде түрлі салада еңбек етіп, үй ішіндегі үлкендерге қарайлап жүріп қалған екен. Сонымен қатар азамат ретінде әскерге барып, борышын абыроймен өтеген. 1972-1978 жылдары ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінде оқи жүріп, шығармашылық еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (1975-1976), республикалық «Лениншіл жас» (1978) газеттерінде тілші болып бастап, кейін «Қазақстан пионері» (1978-1980), «Қазақ әдебиеті» (1980-1992) газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан» (1992-1993) газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1993-2015 жыл аралығында халықаралық «Түркістан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметінде, оған қоса 2003-2015 жылдары «Ел-шежіре» баспасының президенті болған. Дидахмет Әшімханның бастамасымен «Алаш мұрасы» сериясы бойынша 2003 жылдан бүгінгі күнге дейін «Ел-шежіре» баспасынан жүздеген аяулы арыстың небір тамаша туындылары том-том кітап болып, басылып шықты.
Қаламгердің «Шырқал ән» атты алғашқы өлеңі мектеп қабырғасында жүргенде 1965 жылы 8 наурызда Үлкен Нарын ауданының «Еңбек туы» газетінде жарияланған екен.
Проза жанрындағы тұңғыш әңгімесі «Аққабаның толқыны» деген атпен 1975 жылы «Коммунизм туы» газетінде, «Арман қанатында» атты коллективтік жинақта (1978) жарық көрген. 1981 жылы «Аққабаның толқыны», 1987 жылы «Он бірінші күз», 1990 жылы «Каменная падь», «Жер аңсаған Сарыатан», 2000 жылы «Самырсын сазы» атты прозалық кітаптары «Жалын», «Жазушы», «Елорда» баспаларында басылып шыққан.
Жазушының бұған қоса 200-ге жуық публицистикалық туындысы бар. Таңдамалы мақалалары «Әңгіме емес әңгімелер» деген атпен жарық көрген.
1986 жылдан бастап Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған. Ол «Жалын» жабық бәйгесінің екі мәрте жүлдегері. Сондай-ақ көптеген шығармасы неміс, қытай, ағылшын, француз, монғол, украин, татар, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылған. Өзі де аудармашы ретінде А.Курчаткин, А.Ашимров, Х.Абдуллин, Т.Минуллин,
А.Лупан, Т.Пулатов, П.Пурэвсрэн, Кришннамаб Малл, т.б. көптеген туысқан халықтар жазушыларының жеке повестері мен әңгімелерін және Джон Голсуорси, Джек Лондонның ең танымал шағын және орта көлемді прозаларын қазақ тілінде сөйлеткен. Молдаван драматургы А.Кирийдің «Зона» пьесасы Дидахмет Әшімханның тәржімалауымен 1998 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының саханасында ұзақ жыл қойылды.
Дидахмет Әшімханұлы ұлттық төл әдебиетімізде, әсіресе, шағын проза жазуда талантымен, өзіне тән стильдік даралығымен танылады. Қаламгер қай шығармасында болсын басынан аяғына дейін желідей тартылған әрі оның түп қазығына айналған әлеуметтік және ұлттық рух мәселелерін арқау етуде аз жазса да, саз жазып, биік талғаммен тереңіне бойлап, оқырманына сүзгіден өткізгендей балдай тәтті нәрін бере білген.
2015 жылы қаламгердің көптомдық шығармаларының бірінші томы жарыққа шықты. Оған филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек «Ұлттық рух жыршысы» атты тақырыппен алғысөз жазған. Бұл томға Дидахметтің повестері мен әңгімелері енгізілген. Өкінішке қарай, көзі тірісінде жоспарлаған көптомдық шығармалар жинағын өзі көре алмай кетті. Одан кейінгі екінші томға бір топ таңдаулы әңгімелері мен әдеби эсселері, үшінші томға Джек Лондонның «Тектік сарын» атты повесі мен бір топ новеллалары, «Теңіз қорқауы» атты романы және «Күмән» деген әңгімесі, Джон Голсуорсидің «Девондық адам» атты новелласы, яғни сапалы аудармалары, бұған қоса соңғы томдарына күнделіктері енген.
2015 жылы 23 мамырда мезгілсіз дүниеден озған дарынды жазушы өзінің көзі тірісіндегі аманаты бойынша туған елінің қасиетті топырағына жерленген. Біз қалам-гердің өткен күнінен қанша алыстасақ, рухани мұрасына соншалықты жақындай түсеріміз анық. Бүгінде әдебиетсүйер қауым, артында қалған салиқалы ұрпақ-тары руханият әлемінде «дидахметтану» мәселесін қолға алып келеді.
Катонқарағайдың орталығында Алтайдың кербұғысы, қаламгер Оралхан Бөкей мен мәдениет үйінің алдындағы Дидахмет Әшімханның құрметіне қойылған және шыға берістегі биік дөңде тұрған Қаратай батырдың сұсты болмысын сомдаған ескерткіштер, Топқайың аулындағы «қара сөздің қаракері» атанған Қалиқан Ысқақтың қорғасыннан құйылған алып мүсіні ұлылардың киелі мекені, адамзаттың бастауы Өтікенге қызығып, сұқтанған сырт көздердің мысын басып, күзеттегі қырағы қатал сақшылардай қасқайып, алыстан «мен мұндалап» тұрғандай әсер береді.
Қаламгер Дидахметтің алдындағы ағалары – Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ сынды айтулы тұлғалар әрі жерлес, әрі қаламдас ретінде қамқорқылықтарын аямай танытып, шығармашылықтың сүрлеу жолына түсуіне, еркін көсіле жазуына үлгі көрсетті десек, артық айтпаған болар едік.
Дидахмет Әшімханның «Жынды жел» атты әңгімесінде «Алас» тайпасы туралы аңыз өзегі сөз етіліп, сонау Алтай тауларының бөктерінде мал баққан қараша қазақ қойшысының баласы көктемгі каникулға барғандағы хикаясы арқау болған. Ауыл кітапханасынан алған кітаптарын құшағына толтырып, өзімен бірге қыстаққа ала барған баланың зеректігі мен қиялшылдығы оны біресе Алтай тауының сан қилы тылсым сырға толы қиын қойнау шатқалын шарлатса, біресе «Капитан Гранттың» балаларымен көк теңізді көктей жүзіп, алыс аралдарға бірге аттандырып бара жатса; енді бірде Том Соэр мен Гекльбериге жолдас болып, қайдағы бір қазынаны іздеп шарқ ұрады; одан соң жүк кемелерін тонап жүрген теңіз қарақшыларына ілеседі. Олар біреулерді атса атуға, шапса шабуға дайын екенін сезініп, өзіне батылдық сенімін ұялатады. Ал осы «достары» әлдебір сәтсіз жағдайға ұшырай қалса, «Ой, әттеген-ай!» деп оқып жатқан кітабын тастай салып, ішінде бірге жүргендей күй кешіп, орнынан атып тұратын да кездері болған.
Осылайша, қиял құшағына беріліп, кітаптың қызығына батып жүрген сәтінде терезенің жыртық көзінен соққан жынды желдің салдарынан ауруға шалдығып, көлденең жабысқан кеселден емші шалдың арқасында аман қалғаны баян етіледі.
Сонымен қатар автор шығармада емші шал арқылы ертеде өмір сүрген «Алас», «Орман», «Обыр», «Жебір» деген тайпалар туралы аңыз оқиғасын әңгімелей отырып, олардың байлыққа таласып, жер бетінен жойылуына дүниеқоңыздықтары мен имансыздықтары себепкер болғанын, солардың ішінде сүттей ұйыған, берекесі жарасқан «Аластың» да тура жолдан тайып, адасқанын тілге тиек ету арқылы бүгінгі заманда орын алып отырған адамшылыққа жатпайтын теріс пиғыл, кері әрекеттерді де меңзей отырып, ұлтсызданудың алдын алып, келеңсіздіктерге жол бермеуді ескерткенін аңғаруымызға әбден болады. Әңгімеде бір ғана мысалдың өзіне тоқталар болсақ, «Орман» тайпасының көсемі: «Көшпенді жұртта «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Бұл – алдымен тәртіпті меңзейтін сөз. Тәртіп те қазанның қақпағы сияқты. Ол кетсе, бәрі де кетеді. Ұят та, ар да, ынсап та», – дейді.
Аталмыш әңгіме автордың балалық шағынан сыр шертетінін аңғару қиын емес. Жалпы, бұл әңгіменің тәлімдік-тәрбиелік мәні өте зор. Жасы он екіге келген бала кластастарын таңғалдырсам деп қиялдап, өзі оқыған кітабының кейіпкері Том Соэрдай тапқыр да табанды болғысы келеді. Біле білсек, көркем шығарма – тәрбиенің кілті. Әбу Насыр әл-Фарабидың: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деуі де жайдан жай емес. Осы және өзге де шығармаларында отбасылық құндылық, ұлт тарихына құрмет, есте жоқ ескі замандардан жеткен аңыз-әгімелердің ғибраты негізіндегі рухани байлық - имандылықтың маңызы, яғни, адам баласын көркем ететін сабырлылық, төзімділік, қонақжайлылық, қыз баланы, әйел-ананы қадірлеу, бауырмалдық, ысырапшылдыққа жол бермеу, қанағатшылдық, біреудің ақысын жемеу, адалдық, отбасындағы әкенің орны, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, сөзге тоқтай білу, табиғатты қорғау, еңбекқорлық, қазақ ырым-тыйымдарының астарлы мәні мен терең мағынасы тәрізді мәселелер бастан аяқ желідей тартылып, заманауи өзекті түйіндердің күрмеуін ағытып отырады.
Қаламгердің «Ақыл тіс» әңгімесі де ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелерді қозғайды. Онда бүгінгі жаһандану жағдайында кейбір ұлттық құндылықтардың әлсіреп, көмескіленуі отбасы берекесіне, әке мен бала тәрбиесіне, ана қамқорлығына көлеңкесін түсіретіні суреттелген. Ата-ананың жалғыз ұлға «шексіз қамқорлығының» кесірінен алты жасқа келсе де «аузында не қасқа тіс жоқ, не басқа тіс жоқ – қызыл иек қалпы» күйінде қалып, жеті жасында ғана шыққан сүт тісі он екіге келген соң барып түскен. Бірақ сүйек тістері де орнына қайта шықпаған. Өкінішке орай тіс дәрігеріне анасы өте кеш қаратады. Соның салдарынан тілі де былдыр. Жиырма сегізге келген еңгезердей ұлын жетектеп тағы дәрігерге апарса, ақыл тісі баяғыда шығып, қанқұрт кеміріп тастапты.
Автор үш-ақ беттен тұратын аталмыш шағын әңгімесінде ұрпақ тәрбиесіндегі үлкен трагедияның жүгін көтеріп, қолдан жасалған санадағы мәңгүрттіктің ащы шындығын баян еткен.
Дидахмет Әшімханның «Самырсын сазы» атты жинағына «Он бірінші күз», «Жер аңсаған Сарыатан» хикаяттары мен бірқатар әңгіме, новелла, әдеби эссесі енген. Осы кітапта автор алғысөз орнына оқырмандарымен сырласу мақсатында «...жалпы өз шығармашылығымның кейбір қыры мен сырын өзге емес өзім айтсам.. несі айып!..» деп бастаған. Онда автор «О бастан әдебиеттен таңдап алған жанрым – әңгіме. Шындығында, таңдайын дегем жоқ, үйренейін деп бастап едім, үйренген соң қалай бауыр басып кеткенімді білмеймін. Кейін... роман деп қолға алғаным да, повесть деп бастағаным да әңгіме боп шыға келетін болды. Бұның арты машыққа, машық соңы мақсатты ойларымды жеткізудің ең оңтайлы құралы әңгіме деп білуге мойын ұсындырды», – дейді. Осылайша, қаламгер қысқа әңгіменің шебері ретінде Б.Майлин, Ж.Аймауытов сынды тұлғалардың дәстүрін жалғастырып, қазақ әдебиетінде терең психологизмге құрылған жаңа үлгідегі проза жанрын алға ілгертті десек болады.
Өз сөзінде автор «Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұратын төрт қазық бар: тілі, жері, саны, салт-дәстүрі», – дей келе қай шығармасында болсын осы төрт қазықты тереңге бойлатып, шашауын шығармай аман сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманат етуді мақсат тұтқанға ұқсайды.
Дидахмет Әшімхан оқиғаларды детальмен беріп, детальмен түйіндеуді, қарапайым тілмен айтқанда, болмашы ғана бір затқа, құбылысқа мән беру арқылы сезімді селт еткізуді ұнатқан. «Сары самауырдағы» кішкентай Айжанның мүйізден жасалған кір-кір қара тарақты күндіз қолынан, түнде қойнынан тастамайтыны бар. Ол (тарақ) – кірпияз шешесі үшін кір-кір ескі дүние, ал кішкентай Айжан үшін – «Алтын мүйізді киікті алыстан іздеп кеткен» апасының көзі... иісі... тұнып тұрған сағыныш!». Міне, мұндағы деталь – қара тарақ.
Бұдан басқа да «балқыған самауыр», «сынған ердің қасы», «тағылмаған медаль», «тапсырылмаған сурет», «түспеген монша» сияқты детальдардың дискурстық астарлы мәні бар, автор оларды оқырман интеллектісінің еншісіне қалдыра отырып, ой тастап, танымның таразына салып, сана сүзгісінен өткізуге жетелейді. Осы тәсілдің бір өзі-ақ қаламгер Дидахметтің стильдік ерекшелігін әйгілейді.
Қаламгер өз сөзінде: «...мейлі қандай жанрда жазылса да шығарма ән салып тұруы тиіс. Иә, кәдімгі ән! ...Сондай-ақ әр әннің өз әуені болатыны секілді әр шығарманың өзіне ғана тән ырғағы болады. Әуелі бұл шіркінді бастау қиын болса, көркем прозада сол ырғақты табу қиын», – дейді. Өзінің тырнақалды туындысы «Аққабаның толқынын» жазарда «дайын тұрған оқиға, сюжеттің басын құрай алмай, қатты әуреге түскенін» айтады. «Сондай күндердің бірінде... әңгіме кейіпкерінің прототипі – сүйікті жеңгесінің иен жайлауда, иен өзеннің бойында отырып сызылтып салған әні құлағына ап-анық естілгендей болған... «Қамысы әупілдектің мүше-мүше, сарғайдым сонау көлдің суын іше, әпитөк...» деп әуелете түскен. Сол бір кез – жиырмадан жаңа асқан жеңгесінің де жалғыздықтан жабырқап, құла-түзде құлазып жүрген тұсы екен». Осы сәттен соң автор әңгімеде «Әупілдек» әнімен... Соның сағынышты сазымен...ырғағымен дәл осыны көркем кестелеп, оқиға желісін бар-жоғы екі-ақ кейіпкердің – Алтынай мен Нұрлыбектің айналасына шоғырландырып, қиюын шебер келтіре суреттейді. Аққабаның бойына елден жырақ кетіп, аң аулап, аз уақыт ішінде баюды көздеген жас ерлі-зайыптының алып-ұшқан махаббаттарына сызат түсіп, жүректері біртіндеп суып, аралары алыстай бастаған. Бірде Нұрлыбек көзі қарақаттай мөлдіреген күнәсіз кейіптегі еліктің лағын бауыздап әкеліп, Алтынайдың алдына тастай салғанында, онсыз да жалғыздықтан жапа шегіп, ерінің жолын күн-түн тағатсыздана күтумен жүрген оған бұл көрініс тұла бойына біреу мұздай су құйып жібергендей тітіркендіріп, көзі жасаурап, жүрегі сыздап қоя берген. Әңгіме оқырманға үлкен ой салып, нәзік сезімнің қылын үзбей бағалауға, аң екеш аңды аулауда да обал-сауапқа аса мән беру керек екенін, материалдық байлықтан да жоғары тұратын рухани құндылықтарды барынша ескеру қажеттігін меңзеген.
Ол қаламгерлік шығармашылыққа қатысты: «ырғақ дегеніңіз – сұлулық, әуезділік, бәрінен бұрын табиғилық қой шіркін!» деп тамсанады. Расында, табиғилықты жаны сүйетін суреткер Дидахмет «өмірді, өнерді, адамды, ізгілік атты ең қасиетті дүниені сағынып жүрмеген жазушыны» жазушы деп қабылдамайтынын айтады.
Екі ғасыр тоғысында дүниеге келген жазушының шығармалары әуезді де ырғақты тілімен, стилистикалық орындалу шеберлігімен, шынайылығымен ерекше екені даусыз. Талантымен талайды таңдай қақтырып, дарынымен дараланған, қаламгерлік пен қайраткерліктің тізгінін тең ұстап, соқпақты сүрлеуде өшпес ізін қалдырған Дидахмет Әшімханның рухани мұрасы күн өткен сайын жаңа қырынан танылып, қара ормандай қалың оқырманының жүрек төрінен ары қарай да орын ала бермек.
Айымгүл ҚАМЗАҚЫЗЫ,
С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты