Әлемнің алпауыт мемлекеттері адамның шығармашылық әлеуетін қорғауға ерекше көңіл бөледі. Өйткені қазіргі экономикада идея – дамудың жаңа валютасына айналды. Парламентте зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселесі бойынша өрбіген қызу пікірталас та – осы үрдістің айқын көрінісі. Америкалық белгілі заңгер Стивен Лэбсонның айтуынша, зияткерлік меншікті қорғау – жаңа идеялардың туындауына, сапалы өнімдер мен қызметтердің дамуына, мәдени өрлеудің қарқын алуына жол ашатын қуатты құрал.
Экономика серпінінің негізі
Сарапшылардың пайымдауынша, зияткерлік меншіктің жүйелі әрі сенімді қорғалуы инновациялық белсенділіктің өрлеуіне жол ашып, мемлекеттің экономикалық өсімінің берік іргетасын қалайды. Бұл құқықтық институт адамның шығармашылық әрекетінің нәтижесі саналатын патенттерді, авторлық құқықтарды, тауар белгілері мен өнеркәсіптік үлгілерді заңмен қорғауға бағытталған. Зияткерлік меншіктің тиімді қорғалуы – жаңа идеялардың тууына, технологиялардың дамуына және жалпы қоғамның прогресіне тікелей әсер ететін катализатор.
Зияткерлік меншікті қорғау жүйесінің тарихы тереңге кетеді. XVI ғасырда мұндай қорғаудың алғашқы нышандары пайда бола бастады. 1517 жылы Венецияда баспагерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған алғашқы авторлық құқық заңы қабылданды. Кейіннен, 1710 жылы Англияда «Анна Статуты» деп аталатын заң жүзінде реттелген авторлық құқық жүйесі қалыптасты. Ал халықаралық деңгейде 1883 жылғы Париж конвенциясы өнеркәсіптік меншікті қорғау саласында, және 1886 жылғы Берн конвенциясы әдеби және көркем туындыларды қорғау саласында маңызды рөл атқарды, әлемдік стандарттардың негізін қалады.
Бүгінде дамыған мемлекеттер зияткерлік меншік саласын жан-жақты жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Мысалы, АҚШ-та жұмыс істейтін Авторлық құқық бюросы авторлардың құқықтарын тіркеу және қорғау бойынша маңызды функцияларды атқарады. Сонымен қатар зияткерлік меншік америкалық кәсіпкерлер үшін инвестиция тартудың тиімді құралына айналған, өйткені қорғалған интеллектуалдық активтер компанияның құнын едәуір арттырады және инвесторлардың сенімін күшейтеді.
Еуропалық Патенттік Бюро (EPO) инновациялық өнертабысты қорғауға бағытталған орталықтандырылған жүйені ұсынады. Бұл еуропалық нарықтағы кәсіпорындар үшін үлкен артықшылық береді. Жапония авторлық құқықты бұзғандарға қатысты қатаң заңнамалық шаралар қолданып, шығармашылық еңбектің құндылығын арттыруды басымдық етеді. Ал Қытайда соңғы жылдары жүргізілген патенттеу және бренд қорғау реформалары елді жоғары технология нарығында көшбасшы қатарына шығарып, отандық инновациялардың қарқынды дамуына жол ашты.
Халықаралық сарапшы Петер Дитцтің пайымдауынша, зияткерлік меншікті қорғау – тек ұлттық емес, жаһандық маңызы бар міндет. Оны тиімді іске асыру үшін ұлттық ерекшеліктер мен халықаралық стандарттар арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет. Әрбір мемлекет өзінің экономикалық және мәдени даму ерекшеліктеріне сай зияткерлік меншікті қорғау жүйесін құруға тиіс, сонымен бірге халықаралық келісімдер мен ұйымдардың талаптарын ескеруі маңызды.
Қазақстан үшін де зияткерлік меншікті тиімді қорғау жүйесін қалыптастыру – экономиканы әртараптандырудың, инновациялық белсенділікті арттырудың және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті күшейтудің маңызды шарты. Жаңадан қабылданған заңнамалық актілер бұл бағыттағы қадамдардың бірі, бірақ саланы одан әрі дамыту және халықаралық тәжірибені ескере отырып жетілдіру жұмыстары әлі де жалғасуы қажет. Зияткерлік меншікті қорғауға инвестиция салу – құнды актив ұзақмерзімді перспективада елдің тұрақты дамуына жасалған сенімді қадам.
Бизнестің құнын арттыратын ресурс
Қазір зияткерлік меншік (патент, авторлық құқық, тауар белгісі, өнеркәсіптік үлгі) кез келген табысты бизнестің негізгі әрі құнды активіне айналды. Бұл материалдық емес игіліктер компанияның нарықтағы беделін қалыптастырып, бәсекеге қабілеттілігін арттырады және ақыр соңында оның жалпы құнын еселейді. Apple, Coca-Cola, Samsung сынды әлемдік деңгейдегі ірі корпорациялар өздерінің орасан зор құндылығының басым бөлігін дәл осы материалдық емес активтер арқылы қалыптастырады. Компаниялардың инновациялық технологиялары, танымал брендтері және бірегей дизайн үлгілері – бәрі де зияткерлік меншіктің қорғалуының арқасында өз құнын сақтауда.
Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылған жаңа заң жобасы осы тұрғыдан алғанда ерекше маңызға ие. «Зияткерлік меншік мәселелері бойынша заң жобасын» қорғаған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев құжат елдегі шығармашылық индустриясының дамуына серпін беріп, инновациялық қызметті ынталандыруға бағытталғанын айтты.
Заң жобасының негізгі мақсаты – авторлардың шығармашылық еңбегінен түсетін табысты әділ бөлуді қамтамасыз ету және цифрлық платформалар арқылы бұл процеске толық ашықтық орнату. Бұдан бөлек, заң жобасында көру қабілеті шектеулі азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту, тауар белгісін тіркеу рәсімін жеделдету арқылы бизнеске қолдау көрсету, контрафактілік өніммен күресті күшейту және зияткерлік меншік саласындағы патенттік өкілдің біліктілігін арттыру қарастырылады.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын әлі де жетілдіру керек екеніне назар аударды. Атап айтқанда, Бақытжан Базарбек, Мұрат Әбенов, Нұртай Сәрсенғалиев авторлық құқықты басқарушы ұйымдардың жинаған қомақты қаражатының елеулі бөлігінің шығармашылық иелеріне толық көлемде жетпей отырғандығына алаңдаушылық білдірді. 2023 жылдың статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, авторлық құқықтарды басқарушы ұйымдармен жиналған 1,5 миллиард теңгенің тек 587 миллион теңгесі ғана шығармашылық иелеріне төленген. Бұл жағдай авторлардың заңды құқықтарының бұзылуына әкеліп соғуда. Осыған байланысты депутаттар тиісті құқық қорғау органдарына аталған фактілерді мұқият тексеріп, кінәлі тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.
Депутат Нұргүл Тау өз сөзінде қазіргі заман талабына сай интернет кеңістігінде авторлық құқықты тиімді қорғау үшін жаңа және жетілдірілген құқықтық тетіктердің қажет екенін баса айтты. Цифрлық дәуірде контенттің жылдам таралуы авторлардың интеллектуалдық меншігін қорғауды одан да өзекті ете түсуде. Ал депутат Серік Ерубаев еліміздің бірегей географиялық нұсқамалары бар өнімдерді (мысалы, әлемге әйгілі Көкшетау балын) дұрыс әрі тиімді қорғау арқылы Қазақстанның экспорттық әлеуетін едәуір арттыруға болатынын атап өтті. Бұл тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, сонымен бірге ұлттық брендтерді халықаралық аренада танытуға да мүмкіндік береді.
Ұсынылған заң жобасы – еліміздегі зияткерлік меншік саласын дамытуға, авторлар мен өнертапқыштардың құқығын қорғауға және инновациялық қызметті ынталандыруға бағытталған маңызды қадам. Депутаттардың белсенділігі мен конструктивті ұсыныстары заңның сапалы әрі тиімді болуына ықпал ететіні сөзсіз. Зияткерлік меншікті қорғау – бұл тек жекелеген авторлар мен компаниялардың ғана емес, бүкіл ұлттық экономика дамуы үшін аса маңызды мәселе. Өйткені қорғалған интеллектуалдық меншік – ұлттық байлықтың қайнар бұлағы.
Ғылым мен экономиканың түйіні
Әлем елдері ғылымның экономикаға тікелей ықпал ететінін дәлелдеп отыр. АҚШ-та зияткерлік меншік экономиканың маңызды тірегінің бірі. 2019 жылы бұл сала елдің жалпы ішкі өнімінің 38 пайызын құрап, 6,6 триллион доллар кіріс әкелді. Жыл сайын шамамен 1,3 миллион жаңа патент пен авторлық құқық тіркеледі. Одан бөлек, MIT патенттері мен лицензиялауынан жылына 200 млн доллардан астам табыс алады. Apple мен Microsoft секілді алпауыттар өз өнімдерін патенттеп, нарықтағы орнын сақтап келеді.
Қытай да бұл бағытта алға шықты. 2019 жылы мұнда 1,5 миллионнан астам патент берілді. Huawei, Tencent және Alibaba өздерінің технологиясын жаһандық деңгейде қорғауда. Ал Жапония мен Сингапур ЖІӨ-сінің 25-30 пайызы ғылым, технология және инновация салаларынан қалыптасады.
Ал Еуропалық Одақ Horizon Europe бағдарламасы (2021-2027) арқылы ғылым мен инновацияға 95 млрд еуро бөліп жаңа технологиялық жобаларды қолдап отыр. 2020 жылы Еуропа елдерінде 180 мыңнан астам патент тіркеліп, зияткерлік меншік экономика үлесінің 37 пайызын құрады. Мәселен, Ұлыбритания креативті индустрия мен технологиялық стартаптар орталығы саналады. Германия Индустрия 4.0 көшбасшысы болса, Францияда Airbus, Dassault секілді компаниялармен алға шықты.
Зияткерлік меншік ғылыми жетістікті коммерцияландыруға мүмкіндік береді. Университеттер мен зерттеу институттары лицензиялық келісім жасап, өз жаңалығын нарыққа шығара алады. Кремний алқабындағы стартаптар патенттеу арқылы бәсекелестікте артықшылық береді. Мәселен, 2024 жылы Insilico Medicine компаниясы жасанды интеллект көмегімен әзірлеген және сынақтан өткен жаңа дәрі молекуласын патенттеді. Бұл технология дәрі-дәрмек әзірлеу уақытын бірнеше жылға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп, компанияны алдыңғы қатарға шығарады. Samsung корпорациясы смартфон экранындағы сызаттарды жылу арқылы өздігінен түзететін жаңа технологияны патенттеп, электроника нарығына жаңалық әкелді.
Қазақстанның технологиялық стартап экожүйесінің көшбасшысы – Astana Hub. 2024 жылға дейін Astana Hub қатысушылары 2 400-ден астам стартап жобаны іске қосты. Стартаптар жалпы сомасы 65 млрд теңгеден астам инвестиция тартты. Astana Hub арқылы тіркелген стартаптардың 30 пайызы өздерінің зияткерлік меншігін патенттеді немесе тауар белгілерін тіркеді. Go Global бағдарламасы арқылы 100-ден астам компания шетел нарығына шықты.
Креативті экономиканы дамытуда стратегиялық рөл атқаратын Qazpatent өнертабысты, патентті, тауар белгісін және авторлық құқықты тіркейді. 2023 жылы ұйым 4,5 мың патент, 10 мың тауар белгісі, 300 өнеркәсіптік үлгі тіркеді. Қазақстан Патенттік Кооперация Шарты (PCT) жүйесіне белсенді қатысып, отандық өнертабыстарды шетелде қорғауда жұмыс істеуде.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен UNESCO-ның бірлескен 2022 жылғы деректеріне сүйенсек, креативті индустрияның ЖІӨ-дегі үлесі 1,4 пайызды құрады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,7 пайызға жетті. Яғни, Қазақстан экономикасында креативті индустрия тұрақты өсіп келе жатқан сектор саналады.
P.S.
Зияткерлік меншікті қорғау – бұл тек авторлар мен компаниялардың ғана емес, бүкіл ұлттық экономиканың тұрақты дамуы үшін аса маңызды инвестиция екенін дәлелдейді. Қорғалған интеллектуалдық меншік – ұлттық байлықтың сарқылмас ресурсы.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ