Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көк түріктер сарынын заманауи көркем сөзге айналдырып, ұлт поэзиясының көкжиегін кеңейткен Темірхан Медетбек мәңгілік сапарға аттанды... Туғанына турасын айтудан тайсалмаған, қоғамның зары мен мұңын жоқтаумен өткен, еліме болса екен деп тілеумен күн кешкен ақынын халық ұмытпақ емес.
Қош бол, қазақ поэзиясының көк тасын қайталанбас сарынымен бәдіздеген жыр-ғұмыр!
ТЕМКЕҢНІҢ ӨМІРДЕН ӨТКЕНІН ХАФИЗДІҢ
БАСЫНДА ОТЫРЫП ЕСТІДІМ
Темірхан Медетбек – қазақ поэзиясында құбылыс болған ақын. Ол туралы айтылар сөздің ең үлкені осы деп ойлай-
мын.
Ақындық өнердегі жетістіктің биігі – мектеп қалыптастыру. Темірхан да өз алдына мектеп қалыптастырған, жаңалық әкелген талант иесі. Әдебиетке өзгеше стилімен, бөлек үнімен келді.
Ол біздің поэзияда өз заманының келбетін ашып, проблемасын көтеріп, индустрияны, ғылыми-техникалық революцияны жырлады. Өлеңге заманауи терминдерді кіргізіп, соның мәнін ашты. Бірақ оны қатарластары да, алдындағы ағалары да бірден қабылдай қоймады. Атақты Қадыр Мырзалиевтің (Қадыр Мырза Әли) өзі ол туралы мақала да жазды. Тіпті, қатарласы, досы, қазақтың көрнекті ақыны Жарасқан Әбдірашев:
«Зымыран деген бір құс бар
Жұмыртқасы темірден».
Темірхан деген «білгіш» бар,
Темірден өлең «кемірген».
Табатын тосын түрді не,
Уақыттан, рас, ұста жоқ.
Қаламы – құрыш сүргі де,
Ал, өзі – бейне станок. – деп эпиграмма жазды.
Бірақ біздің поэзиямызға заман келбетін, ғылым жетістігін, оның адамдарға әсерін жырлайтын ақын керек еді. Ол Темірхан Медетбек болды. Ол темір-ғасырды жай тақырып ретінде алған жоқ, соны барынша аша түсті. Бұл оны терең ізденістің ақыны ретінде танытты. Ақындықтың бір аты батылдық болса, сол Темірханның бойынан табылды. Сондықтан ол өмір бойы өз биігінен түскен жоқ.
Әрине, әр ақынның атын шығаратын, көпке танымал кітаптары болады, бұл тұрғыда Темірханның «Көк түріктер сарыны» кітабы көп айтылады, бірақ оған дейін де оның небір мықты кітаптары шықты, түрлі бағыттағы тамаша өлеңдері болды. Мәселен, ақынның «Шекарадағы торғайлар» деген өлеңі кезінде біраз талқыға түсті. Оған саяси тұрғыдан баға беріліп, қатал сыналды. Ол өлең тіпті шығып жатқан кітабынан жыртылып алынып тасталды. Шын мәнінде ақын «Шекарадағы торғайларда» азаттық мәселесін көтерген, адамның еркіндігін ешқашан шектеуге болмайтынын көрсетіп, кеңестік кезеңнің саясатына қарсы шыққан-ды.
«Көк түріктер сарыны» кітабымен Темірхан ақын жаңа биікке көтерілді. Сол арқылы ұлттық рухымызды көтерді, ұлттық болмысымыздың қай жақтан тамыр тартып жатқанын көрсетіп, тарихи тереңдігімізді көрсетті. Сонысымен Тәуелсіздік алған азат елдің рухани әлеміне үлкен сілкініс жасады. Қазақ жұртын Көк түріктер дәуірімен табыстырды. Олардың ерлігін, елдік санасының биіктігін аша отырып, біздің түп-негізіміз солар екенін мақтанышпен жырлады.
Жалпы, ақындарды бір-бірімен салыстыра беру жөн емес, талантты ақындардың әрқайсысының өз жұлдызы, сол жұлдызынан шашырап тұратын сәулесі, нұры болады. Әрбірі бөлек-бөлек тұлғаларға айналған Жарасқан Әбірашев, Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев секілді ақындармен әдебиетке бір дәуірде келген Темірхан Медетбек талантты қатарластарының ішінде өз үнімен, стилімен дараланып шықты. Өз жұлдызын жақты.
Темірхан ағамен өткен ғасырдың 80 жылдарында таныстым. Шығармашылығым туралы үлкен ақындардың ішінен ең алғаш пікір айтқан Темірхан Медетбек болды. Менің өлең кітаптарым жайлы «Қазақ өлеңінің шертпе күйі» деген мақала жазды.
Темкеңмен жақсы араластық, ол кісі менің тойларымда болды, мен де ол кісінің тойларына бардым. Маңғыстауда 70 жылдық мерейтойы өткенде қасына еріп жүрдім.
Соңғы рет Алматыда ктіапхананың алдында кездесіп қалып ұзақ әңгімелесіп едік. Темірхан аға қайтыс болғанда Иранда жүргендіктен топырақ сала алмадым. Темірхан ағаның қайтыс болғанын мен аты дүниеге мәлім ақын – Қожа Хафиздің бейітінің басында отырып естідім. Қазақтың үлкен ақынынан айрылғанымызға қатты қиналсам да, оның дүние салғанын Хафизге зиярат етіп жүргенде естігенімді Темкеңнің атының да болашақта Хафиздай әлемге танылатын болар деп ырымдап, жақсылыққа баладым.
«Көк түріктер сарынын» жазып, күллі түркі халқының биік рухын танытқан ақынның аты мәңгілікке жасай береді деп сенемін.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын
АРЫМАС АТ МІНСЕ ДЕ...
Соңыңа өзіңмен бірге өлмейтін өлең қалдыру қандай қиын. Олай болу үшін басыңды тасқа да ұрасың, тауға да соғасың. Ара-арасында алдыңда қаздай тізілген қаншама классик өткенін еске аласың. Олар да артына өзге емес, ең алдымен, өзін жұбатарлық жыр қалдыра алды ма? Адамшылық бақыт дегенің сол еді ғой.
Сондай-сондай өлеңдердің бір тобы қазақ поэзиясында 2000-жылдардың басында пайда бола қалды – «Көк түріктер сарыны». Оқығандардың есінде қалған шығар сол тұстағы сезім. Денең күйіп барады, аяқ-қолдарың ұйып барады. Көз алдыңда – жанр ережесіне сай жазылған бұрынғы тап-тұйнақтай шумақтар емес, «...өмірдің өзіндей боп талқаны шығып, ішек-қарыны ақтарылып жайрап жатқан» жырлар. Көзіңнің сыртында – «Арымас аттар мінген, тозбас тондар киген», даладай кең, таудай биік халық. Біз емеспіз дейін десең, бізге ұқсайды, дұрысы, біз оларға ұқсаймыз. Мына жапан далада қатар-қатарымен созылып жатқан обалардағы мүрделер тіріліп кеткендей. Өзімен бірге әлдеқайда шақыратындай. Деміңді бір басып алып, қайталап оқисың... Не керек, құлағыңнан сол сарын кетпей қояды.
Рас, Темағаның – Темірхан Медетбектің ілгерідегі «Сапар алдында», «Алыс шақырымдарын» да оқыдық, кейінгі «Көгершін қауырсындары» мен «Тағдырлы жылдар жырларын» да зерделедік. Дегенмен олардан мына «Көк түріктер сарынының» түрі де бөлек, тұрпаты да басқа екенін мойындадық. Қысқасы, «Менің Пушкинім», «Менің Әуезовім» секілді Темағаңның да жалпы қазаққа «Менің Темағам» аталатын кезі жетті деп білдік. Сол себепті биыл «Жұлдыз» журналына жариялаған толғауын әйдік сыншы Әмірхан Меңдеке «Менің Темағам» деп атағанда риза боп едік.
Сол Темағамыз, міне, келместің кемесіне мініпті де кетіпті. Арымас ат мінсе де, Алланың бұйрығына бағыныпты. Иманы саламат, топырағы торқа болсын. Ондағы көк түріктердің қасына біздің де ең мықты көк түрігіміз барды ғой деп жұбанамыз енді.
Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын
РУХ АЛДАСПАНЫ
1977 жыл.
Республикалық газет-журналдардың бір де біреуінің есігін қағып, өлеңдерімді ұсынуға ұялып жүріп, 4 курсқа да жетіппін. Қысқы демалысқа ауылға келіп, әйтеуір, өз ауылымыз ғой, мынауың не деп ешкім ұрсып жібермес деп, облыстық «Коммунистік жол» газетіне бардым. Қолымда үш-төрт өлеңім бар. Мәдениет және әдебиет бөлімі осы деп, бір қыз бір кабинетке алып келді. Төр жақта жүзі өзіме таныс бір кісі отыр екен. Сәлден соң ғана есіме сап ете қалды. Бұл – Темірхан Медетбеков еді. Өлеңдерін оқып жүргенім болмаса, бірінші рет көруім. Алдындағы орындықты ұсынды да, «кәне!» деп, менің тор көз дәптердің төрт бетіне жазылған өлеңдерімді олай-бұлай көре бастады. Сәлден соң дауыстап оқи бастады. Маңғыстау туралы өлеңімнің «Бүкіл әлем де қарайды саған бұрылып, қызғанып әрі қызығып» деген жолдарын түрегеліп тұрып оқыды да, бүкіл әлемді кескіндегендей ерекше артистизммен, бүкіл денесімен былай қарай бұрылды да «Туған жеріңе бүкіл әлемді осылай бұрылтыпсың. Дәл келтіріпсің» дегені әлі көз алдымда. «Бұған дейін қай газетке өлеңдерің шықты?» деді. Шыққан жоқ деп едім, «Алматыда жүріп және мынадай өлең жазып жүріп, ешбір жерге өлең бермегенің қалай?» деді. Мен үндемедім. Ол түсінді. «Жақсы екен, шығарамыз. Әбу
Сәрсенбаев ағаң келеді ертең. Сол кісіге көрсетем» деді. Көп ұзамай Әбу ағамыздың алғы сөзімен менің өлеңдерім «Сәт сапар, Оңайгүл» деген айдармен жарыққа шықты. Темірхан аға менің жыр жолындағы тұсауымды Әбу ағаға кестірген, мен үшін соншалықты аяулы жан
еді.
Сонда Темірхан ағаның мінезі біртүрлі көрінді маған. Мені баяғыдан танитын адамдай, әлде өзінің туған қарындасын көріп отырғандай сөйледі. Біраз ақыл-кеңесін айтты. Ерекше ілтипатпен, камқор көңілмен, әлдебір қимастықпен сөйлегені әлі есімде. Сөйтіп, сөйлеп отырды да, бетіме тік қарап, төбеден түскендей қылып
«Фариза апаң құсап, салт бас жүре берме. Күйеуге шық» деді. Мен ыңғайсызданып қалдым, әрине. Сосын тағы да «Арақ ішпейтін адамға шық, арақ ішетін адам саған өлең жазғызбайды» деді қатқылданып. Мен оның айтқанын айнытпай орындағандай болып, өмірінде аузына арақ алып көрмеген Рымханмен бас қостым. Кейін оны Темкеңе айтудың реті келмепті.
Енді қазір ойлап отырсам, әлгі кабинетте менің әлгі 3-4 бет өлеңімді қолына ұстап алып, олай-бұлай жүрген жүрісінен оның болмысындағы Каспийдің толқындары сияқты буырқанған қуатты сезінгендей екенмін. Оңтүстіктің жайма-шуағынан осы қатал өлкеге неге қоныс аударғандығын кейін түсінгендей болдым. Маңғыстаудағы қыстың қар көрмейтін қара суығы мен оттай ыстық шілдесінің шарпысы Темкең поэзиясында осы кезеңдерден бастау алып жатыр. Ол өз болмысын іздеп, теңіздің тербелісіне тесіле қарап, мидай даласындағы шексіздікке еліктеп, мұнай сорған мұнаралар тобырына төрелік айта алмас жағдайын ұғынып, нар маялардың боздауы сіңген періште желмен пейілдесіп жүргендей екен. Оның поэзиясы болмыстың кіл періштелерден тұрмайтын тұрпатына да, тұмса қалпынан баяғыда шығып кеткеніне де бірде таңғалып, бірде арланып жүргендей екен. Ол «Көк түріктер сарынын» осы далада жер түбінен еміс-еміс естіліп тұрған жерінен танып алғандай ма екен?! Тануын танығанымен, ол сезімін жылдар бойы көгендеп ұстауға да мәжбүр болғаны анық. Тек азаттық келген кезде ғана кедергілерден қарғып өткен алтын жалды арғымақ болып, сол жылдардан бері ақын жүрегінде бұйдасын үзіп кетер қара нардай хәл кешкен, шығар қақпа іздеткен аласапыран рух алдаспан болып жарқ етті. Ол поэзиядағы «Машиналанған машық, механикаландырылған штампты» жек көргені де анық. Ол поэзиядағы еркіндікті, поэзиядағы ақылды тентектік пен тектілікті қатар алып жүрді. Ол тіпті солай жасайын деген жоқ, оның поэзиясы солай жаратылды. Темірхан әлеміндегі азаттық «Құласам да емiн-еркiн құлаймын, жыласам да емiн-еркiн жылаймын» деп соно-о-оу кезеңде-ақ жар салған. «Тудық бiздер көрiнбейтiн бұғаумен. Жүрдiк бiздер көрiнбейтiн кiсенмен» дегізді. Оның поэзиясы бодандықтың тұсаулы жылдарында да азаттықтың қоңырауын қағып тұрды. Ал бүгінгіні жырлауы өткен күндердің өкінішінің үстіне жазылды. «Қырылдық қой қорғап бiздер Мәскеудi, ал Мәскеуден қорғана бiз алмадық» деп алапат жылдарды жамырата көрсетіп барып, азаттықты айтты. Азаттыққа жеткен дәуірдің жыршысы «Келдi кiрiп азаттығым, теңдiгiм / Бостандықта бойлығым мен ендiгiм!» деп шаттанып келе жатты да, өзі айтқандай, «Құсқа айналып кеудемдегi жүрегiм / сүйiншiлеп келер күнге кеттi ұшып» деп, бұ дүнияның қақпасын тарс жауып, мәңгілігіне қарай ұшып кетті. Біз сені ұмыта алмаспыз!
Қайыр-хош, поэзия көкжалы!
Оңайгүл Тұржан
ТҮРКІ РУХЫН ТІРІЛТКЕН
Оңтүстік те, батыс та Темірхан Медетбекті менің ақыным деп мақтан етеді. Иә, ол екеуін де тел емген. Киелі Түркістанда туып, Маңғыстаудай шалқар әлемді емін-еркін шарлап, қалам қарымымен ғана шектеліп қалмай, мұнайлы өлкеде білек сыбанып, басына каска киіп өндірісте жұмысшы болуы да, оның поэзиясына өз бедерін қалдырды. Шығармашылығының алғашқы кезеңі жұмысшы тақырыбымен, индустрия пейзаждарымен толықты. Бұл дәуір сұранысына сай ғылыми-техникалық жаңалықтардың белең алған сәті еді. Техниканы да сөйлетуге болатынын дәлелдеді. Қасаңдықтан ада образдар тіл бітіп, жанданып шыға келді. Жұмысшы тақырыбындағы өзекті өлеңдері Темағаңның мәртебесін асқақтатты.
Темірхан Медетбек поэзиясы – Алаштың арман-тілегі, жаңарған сананың жарқын көріністері. Ол үнемі дамып, тұғырлы биікке көтерілді. Арқалы ақын ғана емес, поэзияның қат-қабат қыр-сырын терең білетін, асылды жасықтан арши алатын сарабдал сыншы ретінде де танылды. Ол күрескерлік поэзияның көшбасшысы. Көне түрге жаңа мазмұн сыйдырып, батыл айтатын. Жұмсақ жүрек, кең пейілді Темағаң байыпты сөзі, байсалды мінезімен кімді болсын баурап алатын. Оның халыққа ұнайтын себебі ақиқатты айнытпай айтып, өмір шындығын қаламы кітап бетіне қаймықпай түсіретінінде еді.
Ағаның асыл қасиеттері көп. Кейінгі толқынға жылы лебіз білдіріп, қорғаштап, жол бастап жүретін. Інілеріне ізетпен, ағаларына құрметпен қарайтын кісілік қасиеттерінен біз үлгі алдық. Сондай-ақ ақын ақиқатты айтуға тиісті екенін, шындықтан тайсақтауға болмайтынын санамызға сіңірді.
Поэзияға деген эстетикалық талғамы жоғары болғандықтан, өз шығармашылығына сол талап тұрғысынан қарады. Т.Медетбек қазақ поэзиясына дүбірлете келген ақын. Өмірінің соңына дейін сол дүбірі еселенбесе, бәсеңсіген емес. Өз стилін тапқан, қандай тақырыпты қаузаса да дендей еніп, қопара айтып, айызыңды қандыратын. Елге деген еміренісі, жерге деген тебіренісі өлең боп өріліп, ұлттың ой-санасының жарқын құбылыстарына айналды. Тілдің тылсымы, ойдың тұңғиығымен үндесіп, жарасым тапты, қазақ поэзиясын көркемдік тұрғыда байытты.
Ақындық жолда өмір мектебінің сан алуан өткелдерінен сүрінбей өтті. Шерхан ағаға, Әбіш ағаға іні-қосшы болды. Сенімдерін ақтады. Тұлғалармен бірге жүру үшін де өре керек. Ағаларына жасаған ілтипаты інілерінен қайтты, бұл ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.
1970 жылы жарық көрген «Жанымның жас құрағы» тұңғыш жыр жинағы мен «Көк түріктер сарынының» арасында толғаныстар мен тебіреністерге толы оның бүкіл ғұмыры жатыр. «Көк түріктер сарынында» ойшыл тұлғаның дүниетанымы қайта түледі.
Қатал өмірдің бұлжымас заңы шығар. Жаныңа сәуле құятын жарасты жолығулар енді жоқ. Бақұл бол, Темірхан аға!
Болат ҮСЕНБАЕВ,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері