«AMANAT»: Атырауда қысқы жол күтімі мәселесі талқыланды

/
«AMANAT»: Атырауда қысқы жол күтімі мәселесі талқыланды
«AMANAT» партиясы

Бүгін «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Ақылбек Құлбарақовтың төрағалығымен көшпелі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шара барысында комиссия төрағасы мен кеңес мүшелері, сондай-ақ полиция департаментінің өкілдері «КАЖсервис» ЖШС Атырау облыстық филиалында аймақтағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға дайындық жұмыстарымен танысты.

– Былтыр қыс мезгілінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары уақытында тазаланбай, халықтан көптеген арыз-шағымдар түсті. Санаулы күндерден кейін қыс маусымы басталады. Аймақтағы тиісті мекемелер жолдарды күтіп-ұстауға дайын ба? Техникалары мен инертті материалдары жеткілікті ме? Соған бүгін көз жеткізетін боламыз, – деді кеңес төрағасы Ақылбек Нұрболатұлы.

Атырау облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекция тобының аға инспекторы, полиция капитаны Тілепберген Ақболатовтың айтуынша, қайта жаңғырту жұмыстары кезінде автомобиль жолдарын қысқы уақытта күтіп-ұстау мердігер мекемелердің жауапкершілігінде болған.

Былтыр мердігерлердің техникалары мен инертті материалдары жеткіліксіз, ал сақтайтын арнайы жабық базалары болмағандықтан көптеген мәселелер туындаған. Бүгінде жол жұмыстары аяқталып, сервистік мекеме бұл істі өз қолына алған.

Жалпы, Атырау облысында республикалық маңызы бар жолдарды қысқы кезеңде күтіп-ұстау жұмыстарын «КАЖсервис» ЖШС облыстық филиалы атқарады. Биыл кәсіпорынның жауапкершілік аумағына өңір арқылы өтетін 847,6 шақырымнан астам автожол кіреді.

– Қазіргі уақытта барлық арнайы техника – автогрейдерлер, тракторлар, тиегіштер мен әмбебап жол машиналары толық дайын. Филиалда аудандық бөлімшелерді қосқанда 119 қызметкер жұмыс істейді. Облыс бойынша 6000 м³ табиғи құм мен 3750 тонна техникалық тұз қоры бар.

Биыл республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстауға 1 млрд 300 млн теңге бөлінді. Техникаларымыздың барлығы 2023–2024 жылдары шығарылған жаңа үлгідегі машиналар. Жалпы дайындық деңгейі – 100 пайыз, – деді «КАЖсервис» ЖШС Атырау облыстық филиалының директоры Мұратбек Қамзаев.

Қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Құлбарақов қыс маусымында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үйлесімді жұмыстың маңызын атап өтті.

– Ең бастысы – ауа райының күрт өзгерістеріне дер кезінде әрекет ету және жолдардың ашық болуын қамтамасыз ету керек. Қысқы кезеңдегі тиімді жұмыс тек қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, жүргізушілер мен тұрғындардың сенімін нығайтады.

Сондай-ақ, автомобиль жолдарына жүргізушілерге арналған жадынама ретінде кемінде әр 50 шақырым сайын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының 1403 байланыс орталығының нөмірін орнатуды ұсынамын. Себебі бұл нөмірді көп жүргізушілер білмеуі мүмкін, - деді депутат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары