«Бауыржан Момышұлы. Ар адамы»

«Бауыржан Момышұлы. Ар адамы»

Жуырда Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды. Биыл даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толып отыр. Осы екі үлкен датаға орай Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры 9-10 мамыр күндері «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасын ұсынды. Бұл туынды даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының тұлғалық болмысы мен рухани әлемін сахна тілімен бейнелеген ерекше көркем еңбек болды.

«Ар адамы. Бауыржан» деректі дра­масы – адамзат тарихындағы ең ауыр ке­зең – Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­дарындағы қасірет пен ерліктің, ар-на­мыстың және отансүйгіштіктің көркем ше­­жіресі. Туындыда Бауыржан Момыш­ұлы­­ның қайраткерлік тұлғасы, жауын­гер­лік рухы, әділет пен адамгершілікке деген биік мұраты бейнеленіп, Александр Бек­тің «Волоколамск тас жолы» рома­нын­дағы оқиғалар мен үзінділер беріл­ген. Қойылым әу баста Орталықтан ар­найы жіберген жазушы, журналист Алек­сандр Бек соғыс өрті ішінде Бауыр­жан батырмен таныстығынан басталады. Жазушы А.Бек батырмен алғаш қалай та­­­нысқаны туралы осы «Волоколомск тас жолы» кітабының «Фамилиясы жоқ адам» (Человек, у которого нет фамилий) ат­ты I бөлімде: «Танысқан кезінде ол аты-жөнін айтты. Жөнді есіте алмай, қай­та сұрадым. – Бауыржан Момышұлы – деді ол тәп­тіштеп. Кәдімгі тілшінің әдеті бойынша дәптерді қолыма алып: – Ғафу етіңіз, фа­милияңыз қалай жазылады? – деп сұра­дым. – Менің фамилиям жоқ – деді ол. Мен бетіне таңдана қарап едім, ол: – Атым Бауыржан. Әкем Момыш, мен со­ның ұлымын, баласымын, түсіндің бе? – деді. Оның үнінде астарлы бір зіл бардай, кейістіктің лебі жатқандай сезілді. Кейін, әбден танысып, сыр алысқан кезде ғана, оның не себепті өзін фамилиясыз адам деп есептейтінін ұқтым», – дейді. Рас, қалам мен қаруды қатар ұстаған қаһар­ман батыр қазақы рухтың тірі бейне­сін­дей еді.  Жазушы батыр атамыздың өзінің ата-тегімен, дәстүрлі қазақи атауын –ов, -ев-пен былғағысы келмей, қа­зақ тегінде қалуы да өрліктің өлшемі болатын. Батыр атамызды «Момышев» деп атап шақырғанда «Момышев дегенді та­нымаймын. Ал мен Момышұлымын» деп жоғары атақ, орден-медаль, сый-сия­паттарды да алмай кеткен кездері болған дес­еді. Қойылымда бұл ерлік пен өрлік жақ­сы көрініс тапқан. Қойылым шы­найы тарихи фактілер мен көркем дра­ма­тургия көріністерін үндесуінен тұра-ды. Онда майдан алаңындағы ұрыс­тар, командирдің сарбаздарға қам­қор­лығы, әділеттілікке адалдығы және ада­ми, рухани әлемі дәл әрі әсерлі сурет­те­леді. Әсіресе, опасыздық жасаған сарбаз­ды ату шешімінен бастап, оның күрделі мо­ральдық толғанысы арқылы көрер­мен­ге ер мен ездің айырмасы, намыс пен жауапкершіліктің терең мәні танылады. Туындыда Бауыржан Момышұлының ішкі дүниесі, адам ретінде де, қолбасшы ретінде де биік парасаты, ұлтқа сүйіс­пен­шілігі мен ұрпаққа аманат етер рухани мұрасы кеңінен ашылған. Жамбыл Жа­баевпен кездесу эпизоды, бала Бауыржан мен әже тәрбиесі арқылы қазақы дү­ние­танымның тереңдігі, ұлттық рух пен тәр­биенің қуаты айқын көрінеді. 

Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙ, қойылым ре­жиссері: 

– Актерлерге қойылған ең басты та­лап – Бауыржан атамыздың сөйлеу мә­нерін, дауыс ырғағын, образын шы­найы көрсете алу. Сөзбен-ақ ол кісінің мінезін, мысын байқату. Ал «Ар адамы» деп атаған себебіміз – ол кісінің өтірікке жа­нының қастығы. Соғыста еңбек де­ма­лысы болып, Бауыржан ата­мыз елге қай­тады. Сол кезде атақты жазушы, ға­лым­дармен кездесіп, лекция оқиды. Сон­дағы құжаттарын оқып оты­рып, Әуе­зовке, Мүсіреповтерге ескер­ту айта­тын, қалай жазу керек екені туралы өз ойын білдіретіні – қан-дай күш, қандай мінез деп таңғалдым. Қойы­лым­ның дайындық жұмыстарына – 1 ай, ал жазып шығаруға 6–7 ай кетті.

 Деректі драманың сценарий авторы жазушы-драмматург Бақытбек Қадыр бұл қойылымға дайындықты былтыр театр маусымы басталған сәттен қолға алға­нын айтады. 

Бақытбек ҚАДЫР, драматург:

– Шамамыз келгенше іздендік. Барынша батырдың портреттік образын ашуға тырыстық. Батырдың ерлігі, ішкі толғанысы, шегінісі: қарт әжесінің әңгімесі, жыр алыбы Жам­был­дың батасы секілді детальдар қам­тыл­ды. Сол арқылы оның тұлғалық бол­мысын ашуға талпындық, ұлтқа қыз­мет еткен ер-азамат қана емес, әке, жар, ұл болған жайсаң жан қандай болу­ға тиіс дегенге жауап іздеп көрдім. Қойы­лымда Мәскеу түбіндегі шайқастарға да ерекше мән берілген. Волоколамск тас жо­лын­дағы қаһармандық сәттер, бата­льонның қоршаудан ерлікпен шығуы, дивизияның «Гвардия» мәртебесіне ие болуы – барлығы да тарихи шындыққа негізделіп, көр­кем­дік тәсілдермен берілді. Жастарға отан­сүй­гіштік, адалдық, намысшылдық се­кіл­ді асыл қасиеттерді насихаттай отырып, нағыз батырдың бейнесін қарапайым әрі елеусіз сәттермен жымдастыруға тырыс­тық. 


– Бұл – автордың драматургиядағы  екін­ші қойылымы. Соған қарамастан кейіп­керлерді көркем тілде сөйлетуі, диалог­тарының мазмұны сәтті шыққан. Оқиғаның шарықтау шегін барынша әсерлі жеткізген. 
Қойылымда Бауыржан Момышұлы­ның өміріндегі шешуші сәттер, май­дан­дағы ерліктері, отбасылық қарым-қа­ты­настары мен ішкі жан дүниесінің терең иі­рімдері шебер суреттеледі. Автор ба­тыр­дың тек әскери қолбасшы ғана емес, сонымен қатар терең ойлы философ, әділ­дік пен ар-намысты ту еткен азамат екенін көрсетеді. Режиссерлік шешімдер мен сценографияда ұлттық нақыш пен за­манауи театр тәсілдері үйлесім тапқан. 
Басты рөлді сомдаған актер Әмірхан Оразбақ Бауыржан Момышұлының міне­зін, дауыс ырғағы мен жүріс-тұрысын дәл беріп, көрермендерді тарихи кезеңге же­телейді. 

Әмірхан ОРАЗБАҚ, актер:

– Менің таңғалатыным – Бауыржан атамыздың мінезі. Өте адуын, бірбеткей кісі болған. Оны біз қай жерден көре аламыз? Соғыста өзінің батальонындағы жауынгері майданнан кету үшін өз қолын өзі атады. Солай қашып кетемін деп ойлайды. Ал Бауыржан атамыз ол кісіні барлық батальонның алдында өзінің бөлімшесіне атқызады. Ол – қазақ жауынгері еді. Былай қарасаңыз, өте қиын нәрсе ғой. Бірақ атпасқа болмады. Өзгелерге сабақ болсын деді. 


Сонымен қатар қойылым кезінде Бауыржан Момышұлының ұстазы, апасы мен өзбек солдатымен әңгімесінен үзінді көрсетілді. Бұл ретте режиссер Жұлдыз-бек Жұманбай «Бауыржанның тек бірбеткейлігін ғана емес, өздеріңіз көріп отырғандай, оның әйелге, отба­сына, отанға, солдатқа деген көзқарасын бейнелегіміз келеді. Бұл жерде Бауыржан атамыздың келіні Зей­неп апамыздың да диа­логтары бар. Өзбек солдатымен кез­десетін оқиғалары бар. Жалпы, деректі драма дегеннен кейін, әскери тақырып болғаннан кейін, біздің мақ­сатымыз  міндетті түрде нақты де­рек­ті көрсету болды», – дейді.
Спектакльді сахналауға театрдың бар­­лық актерлік құрамы жұмыл­дыры­лып­ты. Сахнада қолданылған жарық пен дыбыс эффектілері де көрерменнің эмо­циялық әсерін күшейте түсті. Премьераға кел­ген көрермендер қойылымнан алған әсерін жылы лебізбен білдіріп, ба­тырдың бейнесі арқылы ұлттық рух пен патрио-тизмнің маңыздылығын атап өтті. 


Иә, батыр Бауыржан туралы айтыл­ған һәм жазылған аңыз бен ақиқат же­терлік. «Ақиқат пен аңыз» кітабында Әзіл­хан Нұршайықов: «Бауыржан Мо­мыш­ұлы ерлігі мен батырлығының тең­де­сі жоқ. Ол 1 418 күн мен түн бойы ер­­­лік көрсетті»,  деп жазады. «Ұлы тұл­ға­лар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясымен жарық көрген «Бауыржан Момышұлы» жи­нағында ерлігі елге аңыз болған ба­тыр­дың Қызыл Армия қатарына алынып взвод, рота командирі, полк штабы бас­шы­сының көмекшісі, Қазақ әскери ко­мис­сариаты нұсқаушысы қызметтерін ат­қарып ысылғанын баяндайды. Ал Екін­ші дүниежүзілік соғыс басталғанда қол­басшы Бауыржан сол жиған тәжі­ри­бесіне сүйеніп 316 атқыштар диви­зия­сы­ның (кейінірек Панфилов атындағы 8 гвардиялық дивизия) жасақталуына белсене атсалысып, осы бөлім құрамында батальон, полк командирі, кейін дивизия ко­мандирі ретінде Мәскеу түбінде, Кали­нин майданында ерлігімен даңқы шы­ға­ды.  Батыр бабамыз соғыстан кейін де он жыл­дай әскери қызметте болып, Воро­ши­лов атындағы академияны, Кеңес Ар­­­миясы Бас Штабының жанындағы Ж­о­ғары әскери академияны аяқтап, осы әскери оқу орындарында генералдарға са­бақ беріп, ұстаздық етеді. Көзі тірісінде «Ке­ңес Одағының Батыры» даңқы бұйыр­­маған. Бұл атақ 1990 жылғы 12 жел­тоқ­санда Бауыржан Момышұлы дү­ние салғаннан кейін 8 жылдан кейін ғана бері­леді. Қан майданда қан мен терді қа­тар кешіп, аңызға бергісіз ғұмыр сүр­ген аңыз тұлғаның бейнесі сахнада қай­та жаңғырды. Спектакль қазіргі жастарға тарихты тереңірек түсініп, елжандылық сезімін оятуға ықпал ететін маңызды мә­дени оқиға болды. «Бауыржан Момыш­ұлы. Ар адамы» спектаклі – ұлт қаһарма­ны­ның өмірі мен мұрасын жаңа қыры­нан танытқан, көрерменнің жүрегіне жол тапқан көркем туынды. 

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары