XXI ғасыр – ақпараттың тасқыны мен әлеуметтік желілер үстемдік еткен дәуір. Бұл өзгеріс адамның өзін-өзі тануына, өзге адамдармен байланыс орнатуына түбегейлі ықпал етуде. Адамзат санасының дамуы барысында өз орнын тану үшін өзге адамдармен салыстыруға үйреніп кеткен. Пенде біткен мына фәниде біреуден ілгері болсам деп, біреуден кем қалмасам деп жанталасады. Мұқағалиша айтсақ: «Өмір дейтін – тағатсыз бір қозғалыс, Өмір дейтін – өлемін деп қарамау».
Осы ретте әулие жазушы Әбіштің: «Өмір – күрес» дегенді жетіскен кісі айтпаған, жетіспеген кісі айтқан. Өмір күрес емес. Өмір деген – ол еңбек, өмір деген – ықылас, өмір деген – пейіл. Басқалар да мендей болсын, мен де басқалардан кем болмайын деген намыс қана – өмірдің шын аты. «Өмір – күрес», деп бір-бірімен жау-жағалас жасағаннан ешкім ұтқан жоқ», – деген сөзі ойға оралады. Әбіш айтқан «бір-бірімен жау-жағалас жасау» бүгінде кең етек алып тұр. Әсіресе, жастар арасында әлеуметтік салыстыру күшейіп, оның рухани, психологиялық салдары анық сезіле бастады. Бұл құбылыс – психологияда әлеуметтік салыстыру теориясы деп аталады.
Леонард Фестингер есімді америкалық психолог алғаш болып әлеуметтік салыстыру ұғымын 1954 жылы ғылыми айналымға енгізді. Оның айтуынша, адам өз қабілетін, жетістігін, тіпті өз құнын бағалауда әрдайым өзге адамдарды өлшем етіп алады. Мұндай салыстыру үш бағытта жүреді: Жоғары бағытта – өзінен табысты, көрнекті тұлғалармен салыстыру; Төмен бағытта – өзінен төмен адамдарға қарап жұбаныш табу; Жанама бағытта — өзімен шамалас ортадағы адамдармен салыстыру. Енді осыларға мысалдар келтіріп көрелік.
Жоғары бағыттағы салыстыруда (Upward Comparison) адам өзін өзінен жақсырақ, жетістікке жеткендермен салыстырады. Мәселен, студент: «Гүлназ үнемі емтиханнан 100 балл алады, мен неге 80-нен аса алмаймын?». Бұл шабыттандыруы мүмкін немесе өз-өзіне сенімсіздік тудыруы да ықтимал. Әлеуметтік желідегі қыз: «Қарашы, бәрі шетелге шығып жатыр, әдемі киінеді, мен ғана артта қалып қойған сияқтымын...». Жас ақын: «Абай мен Мағжандай бола алмаймын…». Егер дұрыс бағытта пайдаланса, бұл ішкі дамуға жетелейді.
Төмен бағыттағы салыстыру (Downward Comparison – адам өзін өзінен нашар жағдайдағылармен салыстырып, ішкі жұбаныш табады. Мәселен, «Менің жағдайым қиын емес екен, ана біреу пәтер жалдап, бала-шағасымен пәтерден пәтерге көшіп жүр…», «Мен толықпын, бірақ арық құрбым күйзеліспен күресіп жүр», «Мен жұмыссызбын, бірақ кем дегенде денім сау, отбасым бар».
Үшінші салыстыру – жан-жақты салыстыру (Lateral Comparison) – адам өзін өзімен шамалас адамдармен салыстырады. Мысалы, «Менің жасым 30-да. Құрдастарым үйленіп, балалы-шағалы болды, ал мен ше?», «Біз қатар түскен едік университетке, ол қазір бөлім басшысы, мен әлі маманмын…».
Әлеуметтанушылар әлеуметтік салыстырудың жақсы және жаман жағы да барын айтады. Жақсы жағы – мотивация береді, жеке дамуға түрткі болады, бағыт береді десе, жаман жағы – өзін кемсітуге апарады, қызғаныш, ішкі күйзеліс тудырады, депрессия мен апатияға себеп болады дейді.
Ақпараттық дәуір және салыстырудың ушығуы
Бүгінде әлеуметтік желілер адам санасында «идеал өмір» бейнесін қалыптастырып жатыр. Жас буын әр күн сайын өзгелердің жетістігін, сән-салтанат өмірін көріп, өзін солармен салыстыра бастайды. Иә, әлеуметтік желілер әлеуметтік салыстыруды бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Адамдар енді күн сайын жүздеген «жетістікті өмірлерді» көріп отырады. Таңдамалы контент (яғни шынайы емес, тек жақсы сәттерді көрсету) жастарда «менің өмірім кемшін» деген ой туғызады.
«Fear of Missing Out (FOMO)» – басқалардың бәрі бір нәрсеге үлгеріп жатқандай сезіну – жастардың ішкі дағдарысын күшейтуде. Себебі Instagram, TikTok және басқа да платформаларда өз жетістігін көрсеткен адамдар көп. Бұл шын мәнінде адамдарға жеңіліс сезімін тудырып, өзін төмен бағалауға әкеледі. Әсіресе, Қазақстандағы жас ұрпақтың мұндай әлеуметтік қысымнан зардап шегуі жиі кездеседі. Бір ғана мысал. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде біртүрлі үрдіс пайда болды. Әсіресе, TikTok тұтынушыларының ішінде қатты танымал үрдістің ерекшелігі – қасындағы жолдастарымен, құрбы-құрдастарымен өмірдегі жеткен жетістігімен жарысуы. Бұл тренд былайша өрбиді: бір жас өзінің бұрынғы сыралғы жолдасының өткенін жақсы білгендіктен «Мен тым болмаса көлігімді несиеге алмағанмын» дейді. Несиеге көлік алған жолдасы, оның шетел көрмегенін бетіне басып, оған жауап ретінде «Мен тым құрығанда шетел көргенмін» деп жалғастырады. Осылайша, екеуі әлеуметтік статустарымен жарысып бағады. Бұл тренд вирустық үрдіске айналып, желі қолданушыларының арасында кең таралды. Тіпті, мұндай «жарыс» барысында бір-біріне ауыр сөздер айтып қалып жататындары да жоқ емес. Мәселен, сондай бір «жарыста» әлдебір қыз құрбысына «Мен тым болмаса толық отбасында туып-өскенмін» дейді, жетім өскен қызға қарата. Осы ретте Абайдың «Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейінгілерге «Әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» – дейтұғын болмаққа ойланбақ. Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», дегені еске түседі. Леонард Фестингер ұсынған әлеуметтік салыстыру теориясы осы күрделі процесті түсіндірудің маңызды кілті. Ал қазақ жастары осы құбылыстың ортасында – жаңаша рухани ізденіс пен ішкі күйзелістің арасында өмір сүріп жатыр. Әлеуметтік желілердегі лайктар, пікірлер, сілтемелер сияқты индикаторлар да осы салыстырулар мен баға беру жүйесін күшейтеді.
Ғалымдар не дейді?
Әлеуметтік салыстыру тақырыбында біраз ғалымдар зерттеу еңбектерін жариялады. Соның бірі Элиот Аронсонның «Когнитивті диссонанс және салыстыруы». Э.Аронсон бұл салыстыру барысында адамның ішкі қайшылығы (когнитивті диссонанс) пайда болатынын айтты. Мысалы: Егер біз өзімізді «жақсы адам» деп санасақ, бірақ біреуден нашармыз деп сезсек – психологиялық қысым пайда болады. Бұл қысым не әрекет арқылы, не өз-өзіңді алдау арқылы шешіледі.
Ал Зигмунт Бауманның салыстыру туралы айтары басқа. Бауман өзінің «Сұйық заман» концепциясында бүгінгі адамдар тұрақсыз, салыстыруға тәуелді ортада өмір сүретінін жазады: Қоғамда «болу» емес, «көріну» маңызды және салыстыру – өмір сүру формасына айналған. Мысал: Instagram-да «Басқалар секілді өмір сүрмесем – менің тірлігім мәнсіз» деген ой – сұйық замандағы салыстыруға тәуелді психологияның көрінісі. Зигмунт Бауманның «Сұйық заман» концепциясы қазіргі әлемде әлеуметтік салыстырудың көбейгенін және оның адамдардың өздерін қабылдауға қалай әсер ететінін терең түсіндіреді. Бауманның айтуынша, біз тұрақтылық пен сенімділіктен гөрі, әлдеқайда өзгермелі, уақытша өмірде өмір сүріп жатырмыз. Бұл да жастардың өздерін басқалармен салыстыруда ішкі тұрақтылыққа ие бола алмай, жиі алаңдаушылық сезімін тудыруына себеп болуда. Ал ғылым философы Томас Куне «Парадигмалық ауысым» туралы айта келе, қоғам да өз дамуын бұрынғы жағдайлармен салыстыру арқылы түсінетінін жазады. Мысал: «Кеңес кезінде былай еді, қазір басқаша» деген сөздер – ұрпақаралық салыстырудың мысалы.
Қазақ дүниетанымында бұл қалай көрінді?
Қазақ қоғамында әлеуметтік салыстыру көбінесе әлеуметтік статусқа, табыс деңгейіне, отбасының жағдайына байланысты болады. Қоғамдық пікірдің, әсіресе, отбасының, достардың, тіпті әлеуметтік желілердегі таныстардың әсері жастарды басқалармен салыстыруға итермелейді. Мысалы, жиі қойылатын сұрақтар: «Қашан үйленесің?», «Қайда жұмыс істейсің?», «Не істеп жүрсің?» деген сияқты сұрақтар жастарды басқалармен салыстыруға әкеледі, өйткені олар мұндай сұрақтарға қоғамның қалыптасқан нормаларына сай жауап беруі керек деген ойда болады. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында адамның сыртқы келбетінен бұрын, ішкі болмысы маңызды. Абай айтқан «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма. Шын сөз қайсы біле алмай, Әр нәрседен құр қалма» деген жолы осыны меңзейді. Осы жағдайда қазақтың бай рухани танымы, дәстүрі, құндылықтары – жастар үшін тірек бола алады. Қазақ дәстүрінде де әлеуметтік салыстыру болған. Бірақ ол тәрбиелік сипатта, үлгі көрсету мақсатында жүргізілді. «Кісіден кем болма», «Саған қарағанда ана баланың сөзі орнықты» деп айтып отыратын үлкендер сөзі – сол кезеңнің әлеуметтік салыстыру үлгісі. Алайда бұрын мұндай салыстырудың ар жағында жүзбе-жүз байланыс, жеке қатынас, тұлғалық ықпал жататын. Қазақы ортада әрдайым үлгі арқылы тәрбиелеу болды: «Пәленшенің баласы озат болыпты», «Түгеншенің қызындай бол» деген сөздер – әлеуметтік салыстырудың дәстүрлі түрі болды. Өз жолыңмен жүр: «Бәсеке емес, береке маңызды». «Көрпеңе қарап көсіл». Яғни, адам бойындағы ізгі қасиетті – шынайылық, кішіпейілділік, рухани кемелдік – бірінші орынға қою тұрды. Десек те, бүгінгі қазақ қоғамы әлеуметтік салыстырудың жаңа түрімен бетпе-бет келді.
Қазақстанда жастардың әлеуметтік салыстыруға көбірек ұшырауының бір себебі – отбасылық және әлеуметтік қысым. Жас азаматтар ата-аналарынан немесе қоғамнан өмірлік таңдау мен мансапқа қатысты қысым көріп, өздерін «қалыпты» өмір сүріп жатқан басқалармен салыстыруға бейім болады. Мысалы, халықаралық зерттеулерге сәйкес, қазақ жастарының көпшілігі отбасында немесе қоғамдық ортада нақты өмірлік мақсаттар мен жетістіктер туралы сұрақтармен жиі бетпе-бет келеді. Мәселен, халық арасында «жұрттың баласы» деген тіркес бар. Әлеуметтік желілерде жастардың «осы «жұрттың балалары қайда өмір сүреді? Бәріміздің ата-анамыз «жұрттың баласын» мысал етеді?» деп әзіл де болса шындық араласқан әңгімелері ұшырасып қалып жатады. Бұл олардың жеке өмірі мен кәсіби дамуына қысым көрсетуі мүмкін. Қазақстандағы жастардың әлеуметтік салыстыруы көбінесе қаржылық жағдайға байланысты болады. Қоғамдағы экономикалық жағдай, жұмыссыздық деңгейі және табыс деңгейінің төмендігі кейде жастарды басқа адамдармен салыстыруға мәжбүр етеді. Айталық, жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 2020 жылы 5,1% құрады, бұл өз кезегінде жастарды жұмыс табуға және жақсы табысқа қол жеткізуге бағыттайды. Сонымен қатар қазіргі зерттеулерге сәйкес, әлеуметтік салыстыру әлеуметтік психологияға теріс әсер етуі мүмкін, әсіресе, жастардың өзін-өзі бағалау деңгейіне. 2020 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша, әлеуметтік медиа мен жалпы қоғамдағы көріністерді басқалармен салыстыру жастар арасында депрессия мен алаңдаушылыққа жиі алып келген. Мұндай психологиялық әсерлер Қазақстанда да айқын байқалады, әсіресе, қала жастары арасында.
Не істеу керек?
Әлеуметтік салыстыруды тоқтату мүмкін емес. Бірақ оны басқаруға болады, дейді әлеметтанушылар мен психологтар. Ол үшін жалған бейнелердің жетегіне ермеу; өз мүмкіндігіңе сай мақсат қою; шшкі дамуға мән беру; қоғам ұсынған стандарттарға емес, өз табиғи болмысыңа сену қажет. Демек, жалған образдар мен жылтырақ жетістікке емес, шынайы даму жолына түскенде ғана адам өзімен үйлесім табады.
Әлеуметтік желілер мен қоғамның қысымынан құтылу үшін жастар өздерін басқалармен емес, тек өздерінің өткен кезеңдерімен салыстыруы керек. Себебі адамның рухани өсуі мен өзін-өзі дамытуы тек өзіндік бағалау арқылы ғана мүмкін болады. Әлеуметтік желілер мен қоғамдық пікір бізді өзімізге сенімсіз етуі мүмкін, бірақ ең бастысы – адам өзіне сеніп, ішкі дүниесін дамытып, тек өзін ғана артық санамай, өз жолын табуға тиіс. Сондықтан да жастардың өзара салыстыруын тоқтатып, ішкі құндылықтарына мән бергені маңызды. Өз жетістіктерін өзінен ғана бағалап, «Мен кіммін және мен неге қол жеткіздім?» деген сұраққа жауап беру – ең бастысы.
Иә, әлеуметтік салыстыру – адамның өзін іздеу жолындағы қалыпты құбылыс. Бірақ ол асыра пайдаланылған жағдайда, адамның ішкі тепе-теңдігін бұзады. Жалған жетістік емес, шынайы мазмұн ғана адамды толықтыратынын ұмытпағанымыз абзал. Әңгіме түйінін жазушы Шерхан Мұртазаның оймақтай ойымен тәмамдайық: «Кедей – бай; бай Құдай болсам дейді. Нысапсыздық жаман. Бір кем дүние».
Наурызбек САРША