Ақтауда жеңіл көлік жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан екі баланы қағып кетті, деп хабарлады turkystan.kz.
Lada.kz мәліметінше, зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқыс оқиға бүгін Шығыс-2 мен Шығыс-3 ықшамаудандары арасындағы жол учаскесінде болды. Оқиғаның мән-жайын облыстық полиция департаменті хабарлады. Екі жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде жатыр.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында тұр», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бірі комада жатыр.
«2013 және 2014 жылы туған балалар жол апаты салдарынан бас-ми жарақатын алған. Жағдайлары ауыр. Қазір олар жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер қажетті тексерулер жүргізіп, шұғыл көмек көрсетіп жатыр», – деп хабарлады ведомство.