Алматыда моншадағы қызды жасырын видеоға түсірген жасөспірім ұсталды

/
Алматыда моншадағы қызды жасырын видеоға түсірген жасөспірім ұсталды
Ашық дереккөзден

Алматы облысында қоғамдық моншада жасалған жасырын түсірілімге қатысты шулы оқиға тіркелді, деп хабарлады turkystan.kz.

Ащыбұлақ ауылындағы «Достық» атты қоғамдық моншада 16 жастағы қызды жуыну кезінде бір топ жасөспірім жасырын бейнежазбаға түсіріп алған.

Бейнежазба моншадағы душ бөлмесіне шығатын қабырғадағы шағын тесіктен түсірілген. Кейіннен бұл видео ауыл тұрғындарының арасында таралып кеткен.

Жәбір көрген қыздың айтуынша, ол бұл жағдайдан видео жарияланғаннан кейін ғана хабардар болған. Қыздың сөзіне сенсек, күдікті жасөспірімдер оны алдап, «судың қысымы төмендеп қалды» деп сыртқа шығуын сұраған.

Бейнежазбада ювеналды полиция қызметкерінің бір жасөспірімді ұстап, қалған қатысушыларды шақыруды талап етіп, қатаң ескерту жасап жатқаны анық көрінеді.

– Қалғандарын осында шақыр. Егер келмесе, қиын болады. Бұл – ойын емес, – дейді инспектор.

Жәбірленушінің анасы қызының қатты күйзелісте екенін айтып, қазір үйден шықпай, тұйықталып қалғанын жеткізді.

Алматы облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірімнің анықталғанын және олардың әрқайсысымен профилактикалық шаралар жүргізілгенін хабарлады.

Видео түсірген жасөспірім де қолға түскен.

– Балаларының әрекетіне дұрыс бақылау жасамаған ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға ұсыныс жолданды, – деді полиция өкілдері.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары