«Желтоқсан ақталсын» деп атой салған азамат

«Желтоқсан ақталсын» деп атой салған азамат

Біз өтпелі кезеңнің қиындықтарын бастан өткеріп келе жатқан ұрпақпыз. Әуелі арман қуып жоғары оқу орнына оқуға түскен кезімізде аты өшкір Ауған соғысының салдарынан бірінші курстан кейін әскерге алыну науқанына іліктік. Екі жыл жалындаған жастық шағымызды қиып, Отан алдындағы борышымызды өткеріп қайтқан тұсымызда 1986 жылғы аты шулы Желтоқсан көтерілісіне тап болдық. Ол сонау 1985 жылғы сәуір лебінің салдары болғанын бүгінде біреу біліп, біреу біле бермейді. Сол жылдың сол айында бүгінгі ұрпақтың жадында жоқ КСРО (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы) атты алып державаны 70 жылдай билеп-төстеген КОКП-ның (Кеңес Одағының Коммунистік Партиясының) ХХVІІ съезі өтіп, қайта құру мен жариялылық деген ұран тасталып, тиісінше соған сай шешім қабылданған болатын.

Оны, әсіресе, жастар қызу қолдап қабылдағанымыз жадымызда. Өйткені қоғамның шындығы айтылады, әділеттілік салтанат құрады деген үміт оты тұтанған кезең туғандай еді. Сондай рухпен жүргенімізде 1986 жылдың 16 желтоқсанында өткен Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің пленумына тап болдық. Онда Қазақстанды отыз жылдай басқарып, халықтың сүйіктісіне айналған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қызметінен босатылып, орнына ешкім білмейтін Колбин деген біреудің сайланғаны жанымызға қатты батты. Екінші курстың студенттері болсақ та, мынадай әділетсіздікке төзуге болмайды деп шештік. Бір жылдан аса қайта құру, жариялылық, пікір алуандығы (плюрализм) деген ұрандарды санамызға сіңірген жоғары биліктің алдамшы саясатына сеніп қалған басымызда алаңға шығып, ойымызды ашық айтып, қарсылығымызды білдірсек, қырғынға ұшыраймыз деген түйірдей де ой болған жоқ. Алайда бейбіт шерудің аяғы қанжоса боп тарағанына тарих куә. Елін жанындай сүйген талай бозбала құрбан болып, біразы сотталып кетті, жүздеген студент достарымыз оқудан шығарылып, еңбекпен күнін көріп жүрген мыңдаған жас жұмыстан қуылып, саяси қуғын-сүргін құрығына ілікті. Басымызға қара бұлт үйірілген күндер туды. Осындай алмағайып уақытта шындықтың шырақшысы болып, әділеттілікті ту ету, ақиқатты айтып, зұлымдыққа қарсы шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік дер едік. Сондай жанпидалыққа барған азаматтың бірі Бақытжан досым десем, артық айтқандық болмайды. Ол – сол уақытта қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінің 4-курс студенті. Онымен 1984 жылы бірінші курстан кейін әскерге бірге алынып, Грозный қаласындағы әскери оқу-жаттығу кезеңін бірге өткізген тұстан етене таныспын. Журналистика факультетінде оқитындықтан маған келіп: «Жазуға бейімделіп жүрген мамансың ғой. Мәскеуде өтіп жатқан Жоғары Кеңес съезі депутаттарына хат жазуға көмектес. Мен студенттердің қолын жинап, пошта арқылы жеделхат жолдауды өз мойныма алайын. Бакуде, Тибилисиде, Ригада болған оқиғалар шындығын өкілдері съезд мінберінен көтеріп, әділеттілікті талап етіп жатыр. Ал солардың барлығына бастау болған Алматыдағы Желтоқсан шеруі туралы неге айтылмайды? Біз жерлес депутаттарға хат жазып, ақиқатты айтуды өтінейік. Сонда ғана шындықтың беті бері бұрылып, түрмедегі боздақтар босанып шығуға, оқудан шығарылған студенттер қайта қабылдануға, жұмыстан қуылған жастар өз мекемелерінде еңбек етуге рұқсат алуларына мүмкіндік туар еді», – деп қолқа салды. Ол менің де көңіліме қона кетті. Өйткені бұл жара сол уақытта алматылық бар жастың жанын сыздатып жүрген қасірет болатын. Біздің «Ақиқат» тарихи-ағарту клубын құрып, Жұбан ақын тілімен айтқанда, мың өліп, мың тірілген қазақтың басынан өткерген нәубат жылдар тарихын ақтаңдақтардан арылту бағытында ізденіп жүрген тұсымыз-тұғын. Сондықтан Желтоқсан қасіреті де сол нәубаттың бірі деп қабылдадық та, Бақытжан достың ұсынысын құп алдық. Сөйтіп, Жоғары Кеңес съезінің делегаты Мұхтар Шахановтың атына үшбу хат жазып, жүздеген студенттің қолын қойғызып, Мәскеуге жеделхат жолдадық. Еңбегіміз далаға кеткен жоқ, көп ұзамай Мұхтар ағамыз съезд мінберінен Желтоқсан көтерілісінің шындығын жер жаһанға жария етті. Соның нәтижесінде Кремль амал жоқ халық талабына иіліп, іс бері қарағанына замандастарымыз куә. Ал бүгінде асқаралы алпыс жасты бағындырып жатқан Бақытжан Жарылқасынұлы сондай ел басына сынақ түскен уақытта Желтоқсанның шындығы айтылсын деп атой салған азаматтардың бірі болғанын ел неге білмеуі керек?! Мерейтой үстінде дос құрметі еселенсе, әділеттіктің салтанат құруы деп білеміз.

Біздің буынның басына түскен қиындық сонымен тәмәм болса, жақсы еді ғой. Бірақ олай болған жоқ. Оқуымызды тәмамдап, университеттің дипломын алып шыққан өткен ғасырдың 90-жылы ескі өкімет тарап жатқан, ал жаңасы әлі жасақталмаған алмағайып уақытқа тап келді. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен кезеңде үлкен өмірге жолдама алу оңайға соқпады. Бейнелеп айтсақ, құдды бір ескегі жоқ қайықпен теңізге тастап кеп жібергендей күйді бастан кештік. Әркім өз күйін өзі күйттеп, батып кетпей, амалдап жағаға шығу қамына кірістік. Біздің замандастарымыздың ерлігі де сонда. Құрдымға кетпей, тал қармап, қанша ауыр болғанына қарамай, бір-ақ рет берілетін мына өмірден өз орындарын табуы дер едім. Сондай замандасымның бірі де бірегейі – Бақытжан Жарылқасынұлы.

Алмағайып уақытта көз жазып қалған Бәкем араға 18 жыл салып барып 2008 жылдың қоңыр күзінде телефон соғып тұр. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ректор болып тағайындалғанын алдында БАҚ жарыса жариялаған-тұғын. Түрлі қиындық, алуан сынақты еңсеріп, еліміздің маңдайалды университетінің ректоры дәрежесіне дейін көтерілуі ортамыздан шыққан замандасымыздың тегеурінді күшін, рухты азамат екенін көрсетті. Қатарласымыздың биікке көтерілгеніне көңіліміз толып, әп-бәрекелді деп жүрген кезде су жаңа ректордың арнайы телефон шалып, университетке қызметке шақырғанына көңіліміз кәдімгідей көтеріліп қалды. Алайда 25 жыл тұрған Алматыны қимай, алғашында келісім бермегеніміз рас еді. Қайыра хабарласқанында жаңа астананы көтеруге, әсіресе, білімі мен ғылымын дамытуға қызметіміз керек екенін, ел болашағы астанада қаланатынын айтып, соған қызмет етуге тартынып тұрғанымызды айыптағанда, амал жоқ, келісім беруімізге тура келді. Дегенмен жай келісе қоймай, 12 жыл қызмет еткен, соның ішінде 8 жыл кафедра меңгерушісі лауазымын мүлтіксіз атқарған білікті маман ретінде қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журфагынан ауысып бару үшін екі талабымызды алға тарттық. Екеуін де орындауға уәде берді. Оған имандай сендік. Өйткені жастайынан білетін азаматтың айтқан сөзінде тұратынына көзіміз талай жеткен. Бұл жолы да солай болды. Берген уәделерін бұлжытпай орындады. Ол туралы айтпай кету, ақиқатқа қиянат болар еді. Мені меңгерушілікке шақырған «Журналистика» кафедрасы ол кезде университеттің Тарих және филология институтының құрамында болатын. Қосақта жүргендіктен кафедраның дамуына кедергі көп болғаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан өз алдына оңаша отау тікпей, ісі ілгері баспайтынын айтып, дербес факультет құру талабын алға тарттық. Оған бірден келісімін берді. Бірақ оған уақыт керек екенін, ол үшін көп жұмыс істелінуі тиіс екенін тілге тиек етіп, сол үшін де арнайы шақырып отырғанын уәж етті. Келістік. 2008 жылдың 3-қарашасынан жұмысқа кірісіп, сол жылдың желтоқсанында Тарих-филология институтынан еншімізді алып, бұрынғы Ақмола педагогикалық институтының оқу ғимаратына Әлеуметтік ғылымдар факультетінің құрамында қоныс аудардық. 2009 жылы бір кафедраны екіге бөліп, «Баспасөз және баспа ісі», «Теле-радио және қоғаммен байланыс» атты екі кафедра жасақтадық. Бірінші кафедраның меңгеруші міндетін өзіме алып, екінші кафедраға профессор Намазалы Омашұлын шақырдық. Бірақ ұстазымыз денсаулығына байланысты Алматыдан келе алмайтынын айтқандықтан, орнына тележурналистиканың тарланы Ғаділбек Шалахметов тағайындалды. Көп ұзамай Нәкең денсаулығына Астана қолайлы екенін айтып, ол үшін Қазақстанда бұған дейін болмаған Журналистика мәселелерін зерттеу институтын ашып, соған директоры етіп шақырсаңдар, барушы едім деген қолқа жасады. Бақытжан досыма ұстазымның сол өтінішін жеткізгенімде: «Ондай болса, институттың құжаттарын дайындап, университеттің Ғылыми кеңесіне шығар. Ұсыныстарың кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапса, институттың ашылуына менің қарсылығым жоқ» деп өзіме үйіп-төгіп тапсырма берді. Нәтижесінде, сол жылдың жазында институт ашылып, ұстазымызды директор етіп ортамызға алдық. Кафедрамыздың профессоры, Ақселеу аға бар, Ғадекең мен
Нәкең – үшеуін «үш биіміз» деп құрмет тұттық, абырой-атақтарын алға тартып, Журналистика факультетін ашу қамына қызу кірісіп кеттік. Ол оңай бола қоймады. Білім алушылар контингентін арттыру үшін жаңа білім беру бағдарламаларын ашумен айналыстық. «Баспа ісі» мамандығына мемлекеттік лицензия алу, «Қоғаммен байланыс» мамандығының магистратурасын, «Журналистика» мамандығының PhD докторантурасын ашу үшін күн-түн демей жұмыс істедік. Кәсіби бағдар жұмысын жандандырып, талапкерлер санын еселеп арттырумен айналыстық. Астанадағы бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты күшейтіп, білім алушыларымыздың өндірістік тәжірибеден өтуі мен түлектеріміздің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге көп күш салдық. Қысқасы, аз уақыттың ішінде қыруар іс тындырылды. Соған қарамастан факультет ашу уақыты созыла берді. 2009 жылдың қоңыр күзінде ойламаған жерден Ақселеу Сланұлынан айрылып қалдық. Оған дейін ағамызды алдымызға салып, факультет ашу туралы өтінішімізбен ректордың алдынан талай өткеніміз бар-тын. Соны есіне салып, аманатқа қиянат жасауға болмайтынын тілге тиек еткенімізде ректор уәдесінде тұрып, 2010 жылдың 5 мамырында Журналистика және саясаттану факультетін ашу туралы бұйрыққа қол қойып, төбеміз көкке жеткендей қуанышқа бөлеген күнді бастан өткердік. Айтқан сөзде тұру деген, міне, осы! Факультетіміз 15 жылдық тарихында үлкен табыстарға жетіп, Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда, тіпті Еуразия кеңістігінде танымал білім мен ғылымның іргелі ордасына айналса, сөз жоқ,  кезінде үлкен бастамаға сенім артып, қолдау білдірген сол тұстағы ректорымыз Бақытжан Жарылқасынұлының да еңбегінің жемісі. Сол үшін де аптал азаматты бүкіл журналистер қауымы құрмет тұтамыз.

Университетке  ректор болып тұрған кезінде білім ордасын көтеру үшін ел ішінен, шетелдерден көптеген білікті маманды шақырып, оларға қолынан келгенше жағдай жасап, қолдау білдіргенін көзіміз көрді. Солардың ішінде өзім де болдым. Мына жай есімнен кетпейді. Арнайы шақырылғандарға білім ордамыздың жанынан салынып жатқан қызыл үйден орын беремін деген уәдесі бар-тын. Соған сеніп, тез тұрғызылып жатқан құрылысқа қарап қойып, беймарал жүргенімізде күтпеген жерден ректорлық қызметінен босатылғаны туралы шұғыл хабар жетіп, есімізден айрылып қала жаздадық. Жаңадан келетін ректор бізді танымайды. Ендеше, жақында қол жеткіземіз деп жүрген пәтеріміз сағымға айналды ғой деп уайымдап қалдық. Тым болмаса, қолымда бір қағаз болсын, үй сұраған өтінішіме қол қойғызып алайын деп кабинетіне кірдім. Өтінішімді айтып үлгермегенім абырой болды. «Көріп тұрсың, қызметімнен кетіп жатырмын, ендігісіне мен жауап бермеймін» десе де болады ғой. Оған өкпелей де алмаушы едік. Бірақ бағымызға орай, өйтпеді. «Үй берем деп шақырғандарға пәтер бөлгізіп, университеттің бас органы – Ғылыми кеңестің шешімін шығарып, ордер дайындатып жатырмын. Тездетіп орналасып алыңдар» деп қысқа қайырды да, уақыт тығыздығын айтып шығарып салды. Өзі орнынан алынып, қиналып отырғанына қарамастан, көптің қамын жеп, берген уәдесінің орындалуына маңыз беріп жатқаны тектілігі мен өр мінезін паш етіп, жадымызда қалды.    

Бәкеңнің бойындағы асыл қасиеттің бірі – мәрттігі. Ақселеу ағадан айрылып қалғаннан кейінгі жылы туған күнін қалай өткіземіз деп қатты қиналдық. Өзі барда мол дастарқан жайылып, мәре-сәре болып, кафедра ұжымы бір жасап қалушы едік. Өзі жоқ деп туған күнін ескерусіз қалдырсақ, адамшылығымызға үлкен сын. Ойлана келіп, Ақселеу оқуын ұйымдастырып, солай атап өтуді жөн деп таптық. Сөйтіп, оған Алматыдан «жеті жетім» деп аталып кеткен достарын шақырдық. Олар бастамамызды қуана қоштап, төрт көзі түгел ортамыздан табылды. Аңыз аға туралы ағыл-төгіл естеліктерін айтып, кеш ойлағанымыздан да артық әсерлі өтті. Шараның басы-қасында ректорымыз Бақытжан досымыздың өзі жүрді. Аяғында қонақ кәде жасалынып, Ақаңның көңіліндей кең дастарқан жайылды. Көңілдері әбден өскен қонақтарымызды Алматыға шығарып салуды маған тапсырып тұрып, Бәкең: «Ағаларымыз әбден риза болып аттансын, бренд тауарлар сататын супермаркетке апарып, таңдаған киімдерін сатып алып бер», – деп өзінің банк-картасын қолыма ұстатты. «Ректордың мұндай сый-құрметі күнде бола бермейді. Әкесін танытып тұрып таңдайық» деп ағалар әзіл-шыны араластырып жүріп бір-бір киім алғандары әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Балаша қуанып, ризашылық  көңілдерін білдіріп, баталарын жаудырып жолға шыққандары күні кешегідей көз алдымда. Уәдесіне берік, ер мінезді, мәрт тұлға досымның халқына бергенінен, әлі берері көп. Ендеше, ұзақ жасап, ел құрметіне бөлене беріңіз дегіміз келеді.

Қайрат САҚ,

Журналистика мәселелерін зерттеу   институтының директоры,

алаштанушы-ғалым

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары