Жаужүрек сардар

Жаужүрек сардар

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басындағы ашаршылық  қазақ даласын түгел шарпып, әр отбасының басына қара бұлт үйірілді. Аштық Hыспеков әулетін айналып өтпеді.

Әулеттің қос құлыны Зейіт пен Момбек ата-ана­сынан жастай айырылып, балалық шақ қы­зығын көрмей өсті. Ағайынды қоңыр қозы же­тім­дер үйінде тәрбиеленді. Бірақ екеуі бір-біріне аса қамқор болып өсті. Адал нан табуды ойлаған Зейіт боз­бала шағында шофер курсын аяқтап, тех­никаға қызығушылығының арқасында автокөлік жүр­гізуші болып еңбек жолын бастайды. Алдына қойған мақсатын жүзеге асыру жолында жұмысқа жастайынан араласқан ол жасын бір жылға ұзар­тып жазады. Негізі Зейіт атамыз Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бесағаш ауылында 1917 жылы дүниеге келген. Бірақ құжатқа 1916 жылы туған деп жаздыртады. Сондықтан әскерге де ерте ша­қырту алады. 1940 жылы 15 қаңтар күні Жамбыл аудандық әскери комиссариаты Зейінді шақырып, Отан алдындағы борышын Закавказье әскери округында атты әскер құрамында өтеуге бұйрық шы­ғарады. Бұл әскери құрама негізі қырғыз елінде жа­сақталған болатын. 1941 жылдың жазында әске­ри борышын тәмамдап, елге ораламын деп жүр­ген жауынгер неміс-фашист басқыншылары бас­таған Екінші дүниежүзілік соғыс отына шар­пылады.

Зейіт Рыспеков 1942 жылы 26 қыркүйектен 1943 жылғы 10 сәуір аралығында Калининград майданына, 1943 жылғы 10 сәуірден 1943 жылғы 20 маусым аралығында Батыс майдан, 1943 жылғы 15 маусымнан 1 қарашаға дейін  Оңтүстік-Батыс майданда, 1943 жылғы 1 қарашадан ІІІ Украин майданы құрамында және 1944 жылғы 21 ақпаннан Батыс Украин майданында  қар жамылып, мұз жастанып жүріп, басынан бақайшағына дейін қаруланған жауға 120 мм миномет батареясының командирі бола жүріп тойтарыс береді. Ол  бұл әскери мамандықты соғыс басталар алдында арнайы дайындық мектебінен өтіп, игерген еді. Сардар сұрапыл соғысты Праганы азат етумен аяқтады. Қан май­дандағы қаһармандығы үшін, қол бастаған коман­дир, гвардия лейтенанты Зейіт Рыспеков екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ор­ден­дерімен, «Будапештті алғаны үшін»,  «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

1944 жылы 31 қазан күні 1290-атқыштар полк ко­мандирі, майор Пивиков 120 мм миномет бата­рея­сының взвод командирі, гвардия лейтенант Зейіт Рыспековті шайқас алаңындағы ерлігі үшін «Қы­зыл Жұлдыз» орденіне марапатқа ұсынып, мара­пат қағазын толтырып, өз қолын қойған және полк мөрін соққан. Бұл құжат Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде сақтаулы.

Аталған құжатта Зейіт Рыспековтің гвардия лейтенант шенінде, 113 Нижнеднестров атқыштар дивизиясы, 1290-атқыштар полкының 120 мм ми­номет батареясында взвод командирі екені, 1916 жылы туғаны, ұлтының қазақ екені, 1942 жыл­дан ВКП (б) мүшесі болғаны тіпті партиялық би­летінің №4956476 номері, әскерге Жамбыл ау­дандық әскери комиссариатынан 1940 жылы 15 қаңтар күні шақырылғаны жазылған:

«Гвардия лейтенат Рыспеков Зейіт – 120 ми­лиметрлік минометтер батареясының взвод ко­ман­дирі. 1290-атқыштар полкінде 1944 жылғы 15 мау­сымнан Югославия қалалары үшін шай­қас­тарда Рыспековтың батареясы жақсы жағынан кө­рінді. Атыс позицияларын өзгерте отырып, ерек­ше маневр көрсетіп, Рыспеков  шайқас бары­сын­да өзінің жеке құрамын сақтап қалды, қар­сы­ла­сын үлкен шығынға ұшыратты. Жаудың 20-ға дейін отты нүктелерін жойды. Жаяу әскеріміздің Кра­гуевац қаласының шабуыл шебіне қарай іл­герілеуіне қатты кедергі жасаған жаудың 1 ми­номет батареясын және 5 пулемет нүктесін қала үшін шайқаста жойып жіберді. Осы атыс нүктелері жойыл­ғаннан кейін батальон қалаға аз шығынмен сәт­ті кірді. Гвардия лейтенанты З.Рыспеков «Қызыл Жұл­дыз» орденімен марапатқа лайық».

1944 жылы 2 қарашада 113 Нижнеднестров  ат­қыштар дивизиясының артиллерия қолбас­шысы, полковник  Гуртовенко З.Рыспектовті «Қы­зыл Жұлдыз» орденіне марапатқа лайық деп қо­лын қойған.  1944 жылы 28 қараша күні 113 Ниж­­­­неднестров атқыштар дивизиясының штаб бас­тығы, гвардия майор Щербаков З.Рыспектовтің 1944 жылы 18 қарашада  № 046/Н бұйрықпен «Қы­зыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын рас­тап құжатқа қолын қойған.

1945 жылы 8 сәуір күні атқыштар полк коман­дирі, гвардия подполковник Косянец 120 мм миномет батареясының взвод командирі, гвардия лей­тенант Зейіт Рыспековті ІІ дәрежелі «Отан со­ғысы» орденіне марапатқа ұсынып, марапат қаға­зын толтырып, өз қолын қойған және полк мөрін соқ­қан. Құжат Ресей Федерациясы Қорғаныс ми­нистрлігінің Орталық архивінде сақтаулы. Өкі­ніш­ке қарай, қол бастаған сардар З.Рыспековке ІІ дәре­желі «Отан соғысы» ордені бұйырмаған. Сұра­пыл соғыста Отан үшін елін жаудан қорғау жо­лын­да шайқас алаңдарында қайран ерлер оққа ұшып жатқанда штабтағылар жылы жерде отырып алып ордендерді таразыға салған-ау деген ой туады.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін оған кадр­лік офицерлер дайындайтын арнаулы оқу орындарына жолдама берілгенмен, бейбіт еңбекке араласу мақсатында елге оралды. Зейіт ата 1946 жылы Жамбыл облысы, Луговой (қазіргі Құлан) ау­даны Ақыртөбе ауылында 1924 жылы  дүниеге кел­ген Данақыз Жақыпбекқызымен көңілі жара­сып, отау құрады.

Майдангер Зейіт Рыспеков 1948-1950 жылдары Жам­был облыстық мал шаруашылығы шикізатын даяр­лау мекемесінің басшысы қызметін абырой­мен атқарды, 1950-1954 жылдары Жамбыл облы­сы­ның Талас ауданы Төгіскен кеңшарының (қа­зіргі Сарысу ауданы Тоғызкент ауылы) Досбол фер­масын басқарды, одан кейін Луговой ауда­ны­ның жылқы зауыты және Подгорный шаруа­шы­лықтарында жұмысшы комитетінің басшысы болып еңбек етті. Әскери өмірдің қатал тәртібіне үй­ренген Зейіт Рыспеков жұмыста талапшыл бо­ған. Ол еңбек ете жүріп білім деңгейін көтеру мақ­сатында Сарыағаш ауданындағы «Капланбек» мал дәрігерлік техникумына оқуға түседі. Бұл оқу орны 1943 жылы Ставропольден көшірілген мал дәрі­герлік институт пен дәл сол жылы Алматыдан кө­шірілген республикалық кеңес партия мекте­бі­нің негізінде күшейтілген оқу орны болатын.

Оқу орнын бітіргеннен кейінгі еңбек өтілі Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы «Бірлесу-Еңбек» колхозында партия комитетінің хатшысы, одан кейін Талас ауданы, Үшарал кеңшарында кадр бөлімінің басшысы қызметтерімен жалғасты.

Зейнетке шыққаннан кейін Жамбыл қаласына, одан Орал қаласына баласы Тұяқбай Зейітұлының қолына қоныс аударады. Зейнеткер кезінде Оралда Ша­ған су деңгейін бақылаушы ретінде облыстық су басқармасында жұмыс істеген.  Соғыс және ең­бек ардагері Зейіт Рыспеков  1997 жылы 19 ақпан күні өмірден өтті.

Ахмедияр БАТЫРХАНОВ,

Журналистер одағының мүшесі,

Орал қаласы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары