Момышұлының майданда айтқан сөздері

Момышұлының майданда айтқан сөздері
сурет: el.kz

«Әй, жігіттер, – деді Бауыржан. – Қазақ қа­зақ болғалы талай-талай тар қамаудан өт­кен. Талай шабуыл жортуылдарды басынан ке­шіріп, халық өз ойлаған мақсатына да жет­кен. Сонау кездегі Исатай, Абай мен Шоқан­дар халыққа қызмет етумен есімдерін мәңгі қалдырды. Олар – тарихи адамдар. Ха­лық басына күн туғанда қалың қауымды бастайтын ері болмаса ел не болмақ? Ерді ел қол­дамаса, ер не болмақ? Халқымыз бізді мұн­да қонаққа жіберген жоқ, майданға, ха­лық бақытын қорғауға жіберді. Соғыстың аты соғыс қой, өлі я жарадар болатынымыз да бар шығар. Бірақ жігіттер істеріңе адал бо­лыңдар, өлсек шәйітпіз, халық үшін қа­за­мыз».

Соның бір саласы – көркем проза, әскери мемуарлар туындатудағы айтар­лықтай еңбегі. Әскери-патриоттық тақырыпқа жазылған «Менің майдандас дос­тарым» (1947), «Алтын жұлдыз» (1948) де­ректі хикаяларында соғыс жылдарында ер­лігімен айдай әлемге аян болған Бауыр­жан­ның асқақ пікірлеріне сүйеніп айтар бол­сақ, парасатты, логикалы, кең толға­ным­ды, әдісқой-айлакер, қажырлы, саспайтын сал­қын қанды, дегеніне жетпей тынбайтын генерал И.Панфилов пен қаруластарын қи­сапсыз ерлік құлшыныстарға шақырған сая­си жетекші В.Клочковтың, жауға жай оғын­дай атылған, тұйғындай түйілген Төле­ген Тоқтаров пен нағыз көкжал, қара сөзден май ағызған майталман әскери шешен Бауыржан Момышұлының, лапылдаған жа­лынды өзегі бар «Жас қазақтай» ән шығарған жауын­гер-композитор Рамазан Елебаев пен егесте есесін жібермейтін полк комиссары Ах­метжан Мұхамедияровтың, жігіттің өткір болаты Балтабек Жетпісбаев пен батыр бар­лаушы Бақтияр Меңдіғазиннің, полк ко­мандирі Илья Васильевич Капров пен білікті, әдеп­ті, тәжірибелі рота командирі Василий Ни­колаевич Шутьтің батырлық тұлғаларын шынайы шыншылдықпен бейнелеп, қаһар­мандық іс-қимылдарын маржандай тізіп, келістіре баяндады.

Әскери шешендік өнері тарихында Б.Момышұлы­ның тапқырлық қабілеті ай­рықша аталуға тиісті. Оның осындай талант-дарыны Мәлік Ғабдуллиннің 1941-1942 жыл­дардағы хатқа түсірілген «Бауыржан Момышұлы» дейтін мемуарлық повесі мен «Қазақ мақалының күші» деген эссесінде (1944) әдемі сипатталады.

«Дивизия командирі генерал-майор Пан­филовтың бұйрығы бойынша – деп әң­гі­ме­лейді гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин, – бұ­рынғы артиллерист, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Н. полкының бірінші батальо­ны­на командир болып тағайын­далды». Міне, осыдан бастап командирлік тізгінін қолына алған соң, айбынды міндеттерді абыройлы орын­дау мақсатында жауынгерлерді небір қиын да күрделі сынақтардан өткізді. 50 ша­қырымға марш жасау, оның ерекшеліктері, маршта тәртіп сақтау және қорғаныс құры­лыстарын салу секілді. Әрі осы ұзақ жорықта жауынгерлердің ептілігі, тұрмысқа икемділігі де (мысалы, тамақ пісіру) сыналатыны да аян. Қиыншылықтар мен қайшылықтарды жеңу үшін шыдам да, көнтерлілік те, төзім де, икемді қабілет те қажет.

Б.Момышұлы бір топ қазақ командирлері мен саяси жетекшілерге арнап жалынды сөз сөй­лейді.

«Әй, жігіттер, – деді Бауыржан. – Қазақ қа­зақ болғалы талай-талай тар қамаудан өт­кен. Талай шабуыл жортуылдарды басынан ке­шіріп, халық өз ойлаған мақсатына да жет­кен. Сонау кездегі Исатай, Абай мен Шоқан­дар халыққа қызмет етумен есімдерін мәңгі қалдырды. Олар – тарихи адамдар. Ха­лық басына күн туғанда қалың қауымды бастайтын ері болмаса ел не болмақ? Ерді ел қол­дамаса, ер не болмақ? Халқымыз бізді мұн­да қонаққа жіберген жоқ, майданға, ха­лық бақытын қорғауға жіберді. Соғыстың аты соғыс қой, өлі я жарадар болатынымыз да бар шығар. Бірақ жігіттер істеріңе адал бо­лыңдар, өлсек шәйітпіз, халық үшін қа­за­мыз. Ал біріміз осалдық істесек, опасыздық, қор­қақтық жасасақ – халық алдында абы­ройы­мыз жоқ, халықтың ар-намысына қара күйе жағушы боламыз. Мұндай жағдайдан аулақ болайық, жігіттер. Жасасақ та, өлсек те өмір үшін, ел намысы дегенді ұмытпалық.

– Бауыржан дұрыс айтасың. Міндет те, кім екеніміз де бұл жерге не үшін келгеніміз де түсінікті. Тірескеннің тізесін, белдескеннің бе­лін сындырайық. Халқымызға, ел-жұр­ты­мызға, қазақ баласы деген атымызға қате таңба салмайық, – деді Мұхамбетқұл.

– Айтқаның айбарлы батырдың сөзі. «Төр­теу түгел болса, төбедегіні алады, алтау ала болса, ауыздағы кетер» деген бар емес пе? «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген ха­лықтың данышпандық сөзін естен шы­ғар­майық. Халқымыз бізді мақтан етсін, «Сен­ге­нім сен болсаң, күйсеген аузыңды ұ...» деп жүр­месін – деп Бауыржан ақыл айтты.

Бұл әңгімелерге зер сала тыңдап, ақыл­мен ойлаған Бозжанов:

– Ақсақал, «Ел намысы – ер намысы» деп дұ­рыс айттыңыз. Біз еркіндік адамдарымыз, қауіп етпеңіз, бастаңыз майданға, біз ердік, – деді.

Олар «Қазақ баласы ар мен намыс иесі» де­ген атақты абыроймен ақтауға анттас­қан­дай болып тарасты» (Мәлік Ғабдуллин. Ме­нің майдандас достарым. Алматы, 1947 жыл, 10-11 беттер).

Мінеки, жігерді жанитын, жаныңды толқытатын, көңілі ойлы жанға да­ри­тын, миға тоқитын даналық мәйегіне ие қасиетті сөз. Мәлік батыр өмір мен өлім­нің шекарасында қар жастанып, мұз тө­сеніп жүргенде Бауыржанның жауынгерлердің жан дүниесін тебіренткен асыл ойларын, се­зім­ді селт еткізерлік сәулетті сөздерін, «окоп­ты – кабинет, жерді – орындық, тізесін – үстел» етіп, жаны мұрнының ұшында жүрсе де, соғыс сәттерін суымай тұрғанда, қаз-қал­пын­да, ізінше қойын дәптеріне түсіріп отыр­ған.

Әрбір қанатты, нақыл сөздің тарихы, оқиғасы, себебі болары анық. Бұл орай­да Мәлік Ғабдуллин мына бір өнегелі сөз­дің тарихын былайша сөйлетеді:

«Күн кешкіріп барады. Бауыржан бір төм­пешіктің үстіне шықты да, көз алдынан ше­гінуге беттеген батальонын өткізіп тұр. Оның алдынан өткенде жұрт үндемей, тәр­тіп сақтап өтіп барады. Ол осы қалпымен бүкіл батальонды өткізіп болды да, саптың ар­тынан өзі жүрді. Оның қасына саптың соңында келе жатқан Бозжанов келді де:

– Ақсақал, неге жалғыз келесіз, жазым бол­саңыз қайтеді, – деп ақыл сала айтты.

– Е, мен өлсем, сендер бар емессіңдер ме? Ба­та­льонды сендер басқаруға жарамай­сың­дар ма?

– Ойбой-ой, комбат қай жерде болса, ба­­тальон сол жерде. Сіз жоқ болсаңыз, бата­льон­да не сән, не күш қалар дейсіз...

Бауыржан бұл сөзге ызаланып кетті: «Біреу батыр болғанша, мың батыр болсын» деп айтып салды» (М.Ғабдуллин. Менің май­дан­дас достарым. Алматы, 1947, 26-бет).

Мәлік Ғабдуллин «Қазақ мақалының кү­ші» эссесінде («Социалистік Қазақстан» га­зе­ті, 1943 жыл, 27 ақпан) Бауыржан Мо­мышұлы­ның бірсыпыра төлтума ғибратты сөз­деріне назар аударып, дәптеріне сақтап, олар­дың туу тарихын, нақты себептерін шебер баяндайды.

«Жауынгер майданда жеткен табысына қу­анады, кейде қолайсыз жағдайға түсіп қалғанына қынжылатын кездері де болады. Осындай қынжылысты сейілту үшін, жауын­герлерді жігерлендіріп, қиыншылықты жеңуге аттандыру үшін берілетін айбынды бұй­рықтың әсерімен бірге, халықтың қара тасты қақ жаратын өткір поэзиясының, да­ныш­пандық мақал-мәтелдерінің әсері, ық­палы өте күшті болады. Мұны қазіргі соғыс жағ­дайы әбден анықтады» – деп әділ көрсе­теді Мәлік батыр.

Қолбасшы командир Бауыржанның теңіз­дей толқыған көкірегінде күмістей жар­қыраған сөздер жатыр.

Бұлардың тек-төркіні – соғыс жағ­дайын терең бақылағандықтан, оқи­ғаларды нәзік таразылап, дұрыс қорытын­ды­лар шығарғандықтан, ақыл мен ойдың тізг­інін тең ұстағандықтан, тәрбие мен тә­жі­рибенің сырларын мінсіз меңгергендіктен.

Мәселен: 1. Намысты нанға сатпа. 2. Қы­ра­ғының көзі де батыр, өзі де батыр. 3. Тәр­тіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек. 4. Ті­зе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық.

5. Ана үшін аянба – ант ұрады,

Бала үшін аянба – бетің күйеді,

Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,

Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.

6. Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұ­мы­лып істе.

7. «Батыр – батыр емес, батырларды бас­таған батыр».

Біз қас жауды қарумен де, халықтың қаһар­лы сөзімен де қиратудамыз. Халық сөзі, оның данышпандық мақалдары, бізге зең­бірек, танк, винтовка, автомат қандай қыз­мет етсе, олар да сондай қызмет етуде деп, аяқ­тайды «Қазақ мақалының күші» эссесін Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин.

Бұл ретте Бауыржан Момышұлы афо­ризм­дерін жедел хатқа түсірген М.Ғабдул­лин­нің ұқыптылығын, кісілігін, екі ірі та­рихи тұлғаның арасындағы шығармашылық байланысты атамауға болмайды. «Егер жа­зу­­шы не ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, кө­кала дарияны сия етіп «Батыр Бауыржан» деген хикая да жазған болар ем» – деген Ер Мәліктің лала лебізінде телегей сыр – бар-ау! (1942 жылдың 15 қыркүйек күні жазылған хатынан).

СЕРІК НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары