Кеше Семейде ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталып, 2026 жылы халықаралық жарыстарда ел атынан сынға түсетін ұлттық құрама жасақталды. Абай елінде соңғы рет бокстан Қазақстан чемпионаты 1996 жылы өткен екен. Араға 29 жыл салып Семейде ұйымдастырылған тартысты додада көп сенсация тіркеліп, боксты бұрыннан бақылап жүрген көпшілік жаңа есімдердің қарқынына тәнті болды. Айта кетерлігі, Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бұл жарысқа қатыспады. Сонымен қатар ел чемпионаты World Boxing ұйымы бекіткен жаңа салмақ дәрежелері бойынша өтті.
Биылғы жарыстың басты ерекшелігі – қатысамын деушілерге шектеу қойылмады. Еліміздің 20 аймағынан 371 былғары қолғап шебері (246 ер және 125 әйел боксшы) басты сайысқа қатысуға ниет білдірген. Оның ішінде 6 бірдей әлем чемпионы бар. Оның екеуі ересектер арасында, төртеуі жастар арасында топ жарған. Атап айқтанда, Теміртас Жүсіпов (50 келі), Сәкен Бибосынов (55 келі), Бексұлтан Боранбек (55 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Санжарәлі Бегалиев (80 келі) және Өнер Сейілхан (85 келі) ішкі біріншілікте бағын сынады.
Қазақстан чемпионатын 8 рет жеңіп алған 36 жастағы ақмолалық Теміртас Жүсіпов ширек финалда оралдық Нұрсұлтан Нұриденовтан жеңіліп қалды. Әлем, Азия чемпионы деген дардай атағы бар тәжірибелі боксшы осылайша 14 жылда бірінші рет жүлдесіз қалды.
Көпшілік асыға күткен тағы бір боксшы – үш дүркін ел чемпионы Әбілхан Аманқұл. 2017 жылы әлем чемпионатының күміс және Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған жамбылдық босшы Токио Олимпиадасында 85 келіде ел намысын қорғаған болатын. Олимпиада да ширек финалда сүрінгеннен кейін кәсіпқой боксқа ауысып, 10 кездесу өткізіп үлгерген-тін. Әйгілі Сауль «Канело» Альварестің жеке жаттығу залында спаррингке шығып, қарсыласын ауыр нокаутқа жіберген ол шетел жанкүйерлерін, соның ішінде Канелоны да таңырқатқан. Араға 5 жыл салып, қайтадан ел чемпионатында бақ сынауға бел буған Әбілхан ширек финалда алматылық Сұлтанбек Айбарұлына жол беріп, жарыс жолынан шығып қалды.
Ширек финалда көпшілік тағы бір асыға күткен кездесу небәрі 1 минутқа ғана созылды. 80 келіге дейін салмақта жастар арасындағы әлем чемпионы атанған, өзіндік жұдырықтасу мәнерімен жанкүйерлерді тәнті етіп жүрген шымкенттік Санжарәлі Бегалиев құрама көшбасшысы, 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, былтыр Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген маңғыстаулық Нұрқанат Райысты ¼ финалдың алғашқы мину-тында-ақ нокаутқа түсіріп, төреші жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.
Тағы бір айта кетер қызық жайт, Семейде алтын жүлдеге таласқан оралдық Даниял Сәбит пен ақтөбелік Бекзат Алдамжаров былтыр да финалда қолғап түйістірген-тін. Екі жыл қатарынан Бекзаттан айласын асырған Даниял Сәбит айқын басымдықпен жеңіске жетіп, Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды.
Былтыр чемпионаттың ақтық сынында жұдырықтасқан қос шымкенттік боксшы қыздардың да кездесуі тартысқа толы болды. Әлем чемпионатының жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері 35 жастағы Жайна Шекербекова былтыр Қарағандыдағы финалда өзінен 15 жас кіші жерлесі, жастар арасындағы әлем және Азия чемпионы Элина Базарованы шаң қаптырып, жеңімпаз атанған болатын. Ал биыл Элина Семей рингінде атой салып, Жайнадан айласын асырып, тұңғыш рет ересектер арасында ел чемпионы атағын иемденді. Бір қызығы, Жайна мен Элина шымкенттік бапкер Шамиль Сафиуллиннің қол астында жаттығады.
Жанкүйерлер сүйсінген тағы бір оқиға – жамбылдық Әйгерім Сәттібаеваның араға 15 жыл салып, Қазақстан біріншілігінде тағы топ жаруы. Ол ең жеңіл салмақ саналатын 48 келінің финалдық бәсекесінде жетісулық Әнел Құдайбергенді жеңді. Әйгерім – бес баланың анасы, әрі бокстан ұлттық құраманың мүшесі болған, 2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында ел атынан сынға түскен Олжас Сәттібаевтың жары. Былтыр Азия чемпионатында 48 келіде бақ сынап, үздік үштік қатарына енген-тін.
15 жасында бірінші нөмірлі боксшы болып ересектер құрамасына қабылданып, 16 жасында Қазақстан чемпионы атанған Әйгерім бір жыл бұрын біздің басылымға берген сұхбатында бар арманы – әлем чемпионы атану екенін айтқан-тын. Көп жылғы үзілістен соң оның рингке қайта оралғанын сынайтындардың сөзіне үйреніп қалғанын да тілге тиек етті.
«Іште от «қалып» қойғанын бәрі байқайтын. Көкейімде үнемі «Әлі өз сөзімді айтпадым» дегендей бірдеңе тұратын. Спортқа қайта оралғанда сыртымнан сөз айтқан кісілер көп болды. Ондайда не істейсің? Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың ғой. Олар сөйлеп-сөйлеп қояды. Мен оларды тыңдасам, арманыма жетемін бе? Олардың бос әңгімесіне еріп кетсем, қазіргі деңгейге жетпейтін едім ғой. Мен ең алғаш бокс залына кіргенде «Қыз балаға бокста не бар?» дегендер кейін мен Қазақстан чемпионы атанғанда басқаша сөйледі. Сондықтан мен олай сөйлейтіндерге үйреніп қалғанмын», – деген еді.
Осылайша, 34 жастағы Әйгерім Сәттібаева чемпионаттың ең жасы үлкен жеңімпазы атанды. Ал ең жас чемпион атағын 20 жастағы түркістандық Ұлжан Сәрсенбек иеленді. Ерекше айта кетерлігі, жастар арасындағы әлем чемпион атағын Ұлжан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына бірінші рет қатысып, бірден ел чемпионы атағын иемденді. 57 келідегі тартысты финалда өзінен тоғыз жас үлкен тәжірибелі боксшы, Азия чемпионы, әлем чемпионаттарының үш дүр-кін жүлдегері, Токио Олим-пиадасының қатысушысы, көкшетаулық Карина Ибра-гимовадан айласын асырып, чемпиондық атақты жұлып алды.
Олимпиада демекші, төртжылдықтың басты додасында ел атынан шаршы алаңға шыққандардан, жуырда жаңа салмаққа ауысқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Семейдегі жартылай финалда алматылық Фарух Тоқтасыновқа жол беріп, қола жүлдені місе тұтты. Ал қос бірдей Олимпиадаға қатысқан, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, қарағандылық Абылайхан Жүсіпов финалда сол Фарух Тоқтасыновтан басым түсіп, жеңімпаз атанды.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов ақтық сында Қызылорда облысының боксшысы, екі дүркін Азия чемпионы Нұрсұлтан Алтынбектен айласын асырып, ел чемпионы болды.
Қазақстан чемпионатының нәтижесі бойынша, ерлер арасындағы үздік боксшы деп Сабыржан Аққалықов (Қарағанды облысы) танылды. Ал әйелдер арасындағы үздік боксшысы атағы Жазира Орақбаеваға (Алматы қаласы) табысталды.
Жалпы есепте 4 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлдемен Түркістан облысы көш бастады. Екінші орын Алматы қаласына (2 алтын, 3 күміс, 6 қола), ал үшінші орын Шымкент қаласына (2 алтын, 2 күміс, 6 қола) бұйырды.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарыс аяқталған соң бір аптадан соң құрамаға ілінген боксшылардың басын біріктіретін жиын өтетінін мәлімдеді.
«31 қазан мен 13 қараша аралығында оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Алда бокстан Әлем кубогінің ақырғы кезеңі өтеді. Біз сол турнирде бақ сынаймыз. Қаңтар айында Азия чемпионаты өтеді. Ал жарысқа кімдер баратынын осы жарыс нәтижесіне қараймыз. Алдағы оқу-жаттығу жиынына осы жарыстан босатылған боксшылар да қатысады», – дейді бас бапкер.
Әлия ТІЛЕУЖАН