Алматы облысында орналасқан “Белый Бим” жануарлар үйінің басшысы Наталья Сульжик орталыққа құпия адамдардың шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ақпарат таратқан.
Наталья Сульжиктің сөзіне сенсек, оқиға түнгі сағат үш шамасында болған. Бетперде киген екі белгісіз адам орталыққа кірген. Олар қолдарына арматура ұстап келген.
“Үндемей, бір ауыз сөз айтпай, біздің иттерге қарайтын жалғыз күзетшіні аяусыз ұрып-соққан. Оның қолдары мен аяқтары сынған, қазір ауруханада жатыр”, – дейді Наталья Сульжик.
Ол мұны орталықтың жерін тартып алу үшін жасалған қысымның бір бөлігі деп санайды.
“Соңғы бірнеше айда осы жер телімі үшін ашық соғыс жүргізіліп жатыр, жергілікті шенеуніктер мен жасанды “қоғамдық белсенділер” жалған резонанс тудырып, бізді кетуге мәжбүрлеп жатыр. Біз шегінбейміз. Бұл жер қорғансыз жануарлардың үйі”, – дейді Наталья Сульжик.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
“Жазбада айтылған атыс туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Барлық дәлелдер мен мәліметтер мұқият тексеріліп жатыр, нәтижелері қосымша хабарланатын болады”, – делінген полиция хабарламасында.
Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында екені хабарланды.