Астананың тарихы мен рухани дамуын айна-қатесіз көрсетіп келе жатқан қос бірдей басылым – Astana Aqshamy және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойы елордада ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. «Бейбітшілік және келісім сарайында» өткен «Елорда шежіресі» атты салтанатты кешке зиялы қауым өкілдері, бұрынғы редакторлар мен қаламгерлер, басылымның тұрақты авторлары мен оқырмандар қатысты.
Айта кетсек, 1990 жылдың 13 қазанында алғаш рет жарық көрген «Ақмола ақиқаты» газеті кейін «Ақмола ақшамы», ал 1998 жылдан бастап «Астана ақшамы» деген атаумен елорда жылнамасын жасауды жалғастырып келеді. Газеттің жетістіктері де аз емес. 2002 жылы «Астана ақшамы» Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын жеңіп алса, 2018 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатына және «Нұр-Сұңқар» сыйлығына ие болған.
Ал мерекелік кештің шымылдығы ресми құттықтаулармен ашылды. ҚР Президент Әкімшілігі Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының консультанты Қалқаман Сарин сахнаға шығып, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің арнайы құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті Astana Aqshamy және «Вечерняя Астана» газеттерінің ұжымы! Сіздерді қос басылымның 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Өткен 35 жыл – Тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келген Астананың қалыптасуы мен өсіп-өркендеуінің айнасына айналған кезең. Осы жылдар ішінде газеттердің әр санында елорданың тыныс-тіршілігі, қоғам өміріндегі маңызды оқиғалар мен елдік істер кеңінен қамтылып келеді» – делінген құттықтау хатта. Сондай-ақ Ерлан Қарин Astana Aqshamy газетінің ел тарихындағы тағдырлы шешімдер мен маңызды оқиғаларды жеткізудегі рөлін ерекше атап өтті. Ал «Вечерняя Астана» газеті шынайы әрі сапалы ақпарат ұсыну арқылы қала өмірінің өзекті мәселелерін көтеріп, беделді басылымға айналғаны айтылды.
Салтанатты кеш барысында ҚР Президентінің баспасөз хатшысы орынбасары Ержан Байтілес Президент көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың құттықтау хатын оқыды: «Құрметті Elorda aqparat ұжымы! Сіздерді Astana Aqshamy, «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдығымен құттықтаймын. Басылымдар елордамыздың тыныс-тіршілігін, қаланың өсіп-өркендеу кезеңдерін газет беттерінде кеңінен дәріптеп келеді. Қос газетте жарық көрген көптеген мақала Астана тұрғындарының мұң-мұқтажына назар аударып, түйткілді мәселелердің шешілуіне оң ықпал етті. Басылымдардың оқырманы әрдайым көп болуына тілектеспін», – делінген хатта.
Кеш аясында Elorda aqparat медиахолдингінің бірқатар қызметкерінің еңбегі еленіп, арнайы марапатқа ие болды. Марапатты ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова табыстап, министрдің атынан құттықтау хатын оқып берді. Ол басылымдардың елордалық журналистикадағы рөлін, қаланың әлеуметтік, мәдени келбетін қалыптастырудағы үлесін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен сөз алып, мерейтойдың елорда тұрғындары үшін ерекше мәні бар екенін атап өтті. Ол Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан келген құттықтау хатын оқып беріп, қос газеттің елорданың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Кеш аясында мәдени және сән өнері де қатар өрбіді. «Тәрбие» сән үйінің ұйымдастыруымен өткен шапандар шеруі этно сән көрсетілімі көрерменге ұлттық нақыштағы әсем көріністер сыйлады.
Мерекелік концертте Қазақстанның танымал әншілері мен өнер ұжымдары өнер көрсетті. Сахнада Қайрат Баекенов, Құрмаш Махан, Өзгеріс Шерікбай, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосан, Гүлсім Мырзабек, Рухия Байдүкенова, сондай-ақ «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Жастар театрының» артистері, «Айналайын» балалар хоры көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Мерейтойлық кеш елорда тынысын жеткізетін ақпарат құралдарының халық өміріндегі маңызын тағы бір мәрте көрсетіп, қаламгер қауымның мерейін тасытты. 35 жылда қаланың қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі қарқынды дамуына дейінгі бүкіл шежірені хатқа түсіріп келе жатқан басылымдар – Астананың рухани жылнамасына айналды.
Осылайша, бас қаланың жылнамасын жасауда үлкен еңбек сіңіріп келе жатқан ақпарат құралдарының мерейтойы ел деңгейінде атап өтілді.
Наурызбек САРША