Түрікменстаннан қызанақ әкелуге тыйым салынды

/
Түрікменстаннан қызанақ әкелуге тыйым салынды
Ашық дереккөзден

Әзербайжан Түрікменстаннан қызанақ импорттауға қауіпті вирусқа байланысты тыйым салды, деп хабарлады turkystan.kz.

Әзербайжан Республикасының Азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі (АПБА) жүргізген бақылау шаралары аясында Түрікменстаннан әкелінген қызанақтардың үлгілері алынып, зертханаға жіберілген.

Oxu.Az агенттігінің АПБА-ға сілтеме жасап хабарлауынша, зертханалық зерттеулер нәтижесінде өнімнің 11 партиясынан қызанақтың қоңыр әжімді жеміс вирусы (Tomato brown rugose fruit virus) табылған.

Осыған байланысты бұл өнімдердің кеден аумағынан шығарылуы немесе жойылуы туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып, Түрікменстаннан қызанақ әкелуге уақытша тыйым енгізілді. Вирус анықталған шаруашылықта сауықтыру шараларын жүргізу қажеттігі туралы Түрікменстанның тиісті органына хабарлама жолданды.

Қоңыр әжімді вирус негізінен қызанақ, баклажан, бұрыш, темекі сияқты өсімдіктерді зақымдайды. Жұғу деңгейіне қарай қызанақ шаруашылықтарында өнімнің 30-70%-ына дейін жоғалуына әкелуі мүмкін. Бұл вирус өнімнің сапасын және сақтау мерзімін төмендетеді. Ол халықаралық саудада және ел ішінде көшет, өсімдік бөліктері мен жемістер арқылы таралады. Механикалық жолмен таралуы вирустың кең аумаққа жұғуына әсер етеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары