Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов мұнай-газ химиясын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол 2022 жылдың соңынан бастап елімізде Теңіз кен орнының шикізаты негізінде полипропилен өндіру зауыты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Биылғы І тоқсан қорытындысы бойынша полипропилен өндіру көлемі 126 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 73%-ға жоғары. Жыл соңына дейінгі болжам – 486 мың тонна.
Жалпы, зауыт іске қосылғаннан бері қазақстандық полипропилен экспортының көлемі 9 есеге ұлғайды, гомополимерлердің импорты 63%-дан 17%-ға дейін қысқарды.
«Еліміздегі полипропилен бағалары көрші елдермен салыстырғанда ең төмен деңгейде. Әрі қарай өңдеуді ынталандыру мақсатында 2024 жылы “Форсаж” бағдарламасы іске қосылды. Бұл тұтынушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, полипропиленді жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда кілем бұйымдарын, полимерлі гофроыдыстарды, қосалқы материалдарды және басқа да өнімдерді шығаратын отандық өндірушілермен 8 форсаж жасалды. Оларға берілетін жеңілдік 11%-дан 23% аралығында», — деді Асхат Хасенов.
Осы жылдың І тоқсанында ішкі нарықта полипропиленді тұтыну өсімі 25%-ға құрағаны атап өтілді.
Осы бағыттағы жұмыс қосылған құны неғұрлым жоғары полимерлерден жасалатын өнім өндірісін құру және оны кеңейтуді ынталандыруға бағдарланған.
Полипропилен – синтетикалық полимерлерге жататын химиялық қосылыс. Ерекше беріктігі мен қаттылығының арқасында полипропилен өнімдері көптеген салада қолданылады