Соғысқа қанша қазақ қатысқаны толық зерттелмеген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылғы 3 қаңтарда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бейжай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз» деген болатын.
Қазақстан – сол соғыста хабар-ошарсыз кеткен азаматтарын іздеуші әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Майданға кетіп, із-түзсіз жоғалғандардың саны 271 мыңнан асады. Бұл шаруамен 2019 жылдың 19 мамырында құрылған Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі айналысады. Содан бері ұйымның ресми сайты, әлеуметтік желілері және байланыс телефондары арқылы хабарсыз кеткендерді іздестіруге 10 мыңнан астам өтініш келіп түскен. 4 500-ден астам қазақстандық жауынгерлердің жерленген жерлері мен жеке бас мағлұматтары анықталды. Майдан даласынан табылған 19 сарбаздың сүйегі Қазақстанға жеткізіліп, әскери құрметпен салтанатты түрде жерленді.
Жалпы, биылғы жыл марапат үлестірудің, жай ғана жиын-тойдың жылы болмауы керек. Керісінше, осы соғысқа қатысты деректер бойынша не бар, не жоғын бағамдап, кем-кетігімізді түгендейтін кезең болуға тиіс. Адамзат тарихындағы сұрапыл соғысқа бүгінгі күн тұрғысынан баға беріп, сабақ алатын уақыт жетті. Мысалы, 1941-1945 жылдар аралығында Қазақстаннан майданға 1 млн 300 мыңнан астам, ал бір деректерде 1 млн 500 мыңдай адам аттанды деп айтылады. КСРО Қорғаныс минсистрлігінің 1989 жылғы мәліметі де осы шамалас. Бірақ біз неге есепті тек 1941 жылдан бері қарай жүргіземіз?
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, БКП(б) Орталық Комитеті мен КСРО ХалКомының 1938 жылғы 7 наурыздағы «Ұлттық бөлімдер және жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясын құру туралы» қаулысы шықты. Артынша жалпыға бірдей әскери міндет жарияланып, қазақтар да енді Қызыл Армия қатарына алына бастады. Бұған дейін қазақтардың жекелеген ұлттық, негізінен атты әскер бөлімдері болды және олар тек Қазақстан аумағында ғана орналасқанын айта кету керек. Жоғарыдағы құжат негізінде қазақтар Қызық Армия қатарында 1930 жылдары КСРО-ның әр түпкіріндегі әскери қақтығыстарға қатыса бастады.
Мысалы, 1938 жылы Хасан көліндегі шайқастарға қатысқан артиллериялық батарея командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы алғаш рет ұрыс тәжірибесінен өтті. 1939 жылы Павлодар облысының тумасы Әбілқайыр Баймолдин Халхин гол шайқасына қатысып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ал 1939 жылдың қарашасы мен 1940 жылдың наурызы аралығында КСРО мен Финляндия арасында кескілескен соғыс болды. Қолда бар деректерге сүйенсек, сол соғыста қатардағы жауынгерлер Нығымет Жамантаев, Базарбай Мұхамбетов, Бекей Садуов, Құрбек Серікбаев, Мұхамбетқали Амантаевтар қаза тапты. Бұл бізге белгілі сарбаздар, ал есімдері беймәлім, аты мәңгілікке өшкен қазақтар қаншама?! Оны ешкім білмейді.
Сондықтан біз Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан отандастарымыздың есебін кем дегенде 1938 жылдан бастап жүргізуіміз керек. Сол кезде қан майданда шайқасқан қазақтардың саны қазіргіден әлдеқайда көп болары анық. Ол үшін архив қорларын түгел ақтару керек және бұл – әскери ғалымдардың, тарихшылар мен зерттеушілердің міндеті.
Тағы бір түйінді мәселе, Екінші дүниежүзілік соғыста қанша қазақ Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды деген сұрақ. Біз мектепте оқып жүргенде 95 адам болатын. Қазір жүзден асты деп жүр, бірақ нақтысын ешкім білмейді. Осы мәселені де түбегейлі зерттеп, біржола нүкте қоятын уақыт жеткен сияқты.
Кеңес Одағының Батыры демекші, сол ең жоғары атаққа екі мәрте ие болған жалғыз қазақ – Талғат Бигелдинов. Өз басым Ұлттық музейде өткен көрмеде Талғат батырдың омырауында қос Алтын жұлдыз тұрмақ, бірде-бір ордені жоқ кителін көрдім. Себебі кезінде даңқты ұшқыштың үйіне ұры түсіп, бәрін үптеп кеткен екен. Қызы Галина Талғатқызына хабарласқанымда ол осы жайтты растады, уақытында құқық қорғау органдары ұрыларды іздегенімен, таба алмапты...
Тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі Қазақстандағы Ресей елшілігі арқылы Мәскеуге хат жолдады. Онда Батырдың барлық наградаларының тізімін көрсетіп, ең алдымен екі Алтын жұлдыздың дубликатын жасап беру жөнінде өтініш айттық. Қазір екі арада хат алмасулар жүріп жатыр. Егер осы ниетіміз оң нәтиже берсе, онда қайта оралған наградалар көрмеге келген көпшіліктің көзайымына айналар еді.
Біз жаңа қырынан қарауға тиіс тағы бір тарихи факты бар. Ол – Екінші дүниежүзілік соғыс өртінің Қазақстанды да, нақтырақ айтсақ, оның Батыс өңірін шарпығаны. Әсіресе, жастар жағы мұны біле бермейді.
КСРО Қорғаныс Халық Комиссарының 1941 жылғы 26 қарашадағы №0444 бұйрығымен Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы майдан аймағына жатқызылды және осы өңір фашистік ұшақтардың бомбалауына ұшырады. Орда ауданы аумағында фашист әскерлерінің десантымен ұрыстар жүрді. Әуе қорғанысы штабтарының деректеріне сәйкес, фашистік авиация Шонғайға – 24, Сайқынға – 36, Жәнібекке – 40-қа жуық әуе шабуылын жасаған. Толық емес мәліметтер бойынша кем дегенде 300 бейбіт тұрғын мен әскери қызметкер қаза тауып, шамамен 250 адам жараланған. Қазір аталған аймақта соғыстан қалған зерттелмеген 50-ге жуық бауырластар зираты – төмпешіктер бар.
Бомбалау салдарынан қаза тапқан боздақтардың сүйектерін көтеру үшін №372 және №365 бекеттері бойында (Батыс Қазақстан облысы, Бөкейорда ауданы, Сайқын ауылы) қазба жұмыстарын жүргізу және оларды мәңгі есте қалдыру үшін мемориалдық тақта орнату мақсатында «Батыс Қазақстан – Сталинград майданының аймағы» Халықаралық тарихи-іздестіру экспедициясын ұйымдастыру жөнінде бес жыл бойы ұсыныс айтып, баспасөз бетінде, Парламент қабырғасында мәселе көтеріп келеміз. Оны Парламент Сена-тының депутаттары қызу қолдап, 2024 жылғы 20 желтоқсанда Үкіметтің атына депутаттық сауал жолдады. Нәтижесінде, Atamnyn Amanaty ҚБ ұсынысы Үкімет бекіткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына ар-налған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты іс-шаралардың республикалық жоспарына енгізілді. Сол құжаттың 69-бөлі-мінде аталған жұмыстың жергілікті бюджет есебінен, Батыс Қазақстан облысы аума-ғында қаңтар-тамыз айларында атқары-латыны нақты жазылған.
2020 жылдың қыркүйек айында Atamnyn Amanaty ҚБ Батыс Қазақстан облысы жергілікті атқару орындарының рұқсатымен аталған ауданда алдын ала далалық іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 17 жауынгердің сүйегін тапқан еді. Мәйіттерге сараптама жасалып, марқұмдардың аты-жөндері анықталып, мәліметтер (бәрі Ресей Федерациясының азаматтары) Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігіне жіберілген болатын. Сонымен қатар Сайқын елді мекенінде сол 17 жауынгердің есімдері жазылған мемориалдық ескерткіш орнатылды.
«Батыс Қазақстан – Сталинград майданының аймағы» Халықаралық тарихи-іздестіру экспедициясының бастамашысы ретінде далалық қазба жұмыстарын 2025 жылдың маусым-шілде айларында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Экспедицияға біздің шақыруымыз бойынша Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан, Волгоград және Вологда облысынан үш бірдей жасақ қажетті құрал саймандарымен (мина іздегіш аспаптар және т.б.) келмекші. Олардың ішінде далалық қазба жұмыстарын жүргізіп, табылған мәйіттерді рәсімдеуде тәжірибесі мол мамандар мен криминалистер бар.
Халықаралық экспедицияға ресейлік іздеушілермен қатар, Еуразия ұлттық университетінің студенттері, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептерінің курсанттары, жалпы саны 400-ге жуық адам тартылып, олар 15 күннен 4 ауысымда (әрбір топ шамамен 100 адамнан) жұмыс істейтін болады. Экспедицияны жүзеге асыруға Батыс Қазақстан облысының басшылығы жан-жақты көмек көрсетеді деген үміттеміз.
Далалық қазба жұмыстарын жүргізуде біздің ұйымның біршама тәжірибесі бар. Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің еріктілер жасағы Ресейдің Калуга облысы аумағындағы «Батыс майданы. Варшава тас жолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына жыл сайын қатысып келеді. Алдыңғы жылы біздің жасақ 387-ші Ақмола атқыштар дивизиясы соғысқан Ульяновск ауданында жерлестеріміздің құрметіне ескерткіш-белгі орнатып қайтты.
Бұл – ата-баба Аманатын орындауға, елдікті танытуға, ерлікті ұмытпауға және ұлт тарихындағы ақтаңдақты зерделеуге бағытталған игілікті істің бір парасы. Өйткені өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды, отансүйгіштік сезімді қалыптастыру Мемлекет басшысы айтқандай ортақ парызымыз.
Әбубәкір СМАЙЫЛОВ,
Atamnyn Amanaty
ҚБ Басқарма
төрағасының орынбасары