дүйсенбі, 14 сәуір, 2025

Алматыда 45 жастағы әйелді көшеде «құдасы» ұрып кетті

/
Ашық дереккөзден

Алматыда әйел адамға жасалған шабуыл ісі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.

Алматы қаласында 45 жастағы Галина Борзоваға көшеде белгісіз ер адам шабуыл жасап, ауыр соққыға жыққан.

Оқиға Түрксіб ауданында сәуір айының басында тіркелген. Жәбірленуші жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанда, белгісіз азамат артынан келіп, басына темір дубинкамен соққы жасаған. Одан кейін бірнеше рет ұрып, қатты жарақаттаған. Салдарынан Борзованың басы жарылып, қолы сынған.

Жәбірленушінің айтуынша, оған көмектесуге көлік жөндеу орталығының жұмысшылары келіп, күдіктіні ұстап қалған. Шабуылдаушының тұлғасы кейін белгілі болып, ол Борзованың құдағиының бұрынғы азаматтық некедегі күйеуі екені анықталған. Айтуынша, бұған дейін олар арасында ешқандай дау-дамай болмаған.

— Жай ғана үйге қайтып бара жаттым. Артымнан біреудің келе жатқанын сездім. Бір сәтте темір затпен басымнан ұрып, ұра бастады. Есімді жисам, жанымдағылар оны ұстап алған екен. Қарасам – таныс адам, төрт жылдан бері араласқан емеспіз. Ешқандай жанжал болмаған, — дейді Галина.

Полиция оқиғаны ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 1-бөлігі — «Адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша тіркеген. Дегенмен, жәбірленуші бұл баптың жеңіл екенін айтып, істі «қасақана ауыр дене жарақатын салу» ретінде қайта саралауды талап етуде.

Қазір бұл оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Галина Борзова әділдік орнап, шабуылдаушының қатаң жазаланатынына үміт білдіруде.

Бөлісу: