дүйсенбі, 14 сәуір, 2025

«Жеңіске 100 күн» акциясы: Әскери қызметкерлер соғыс қаһармандарын еске алды

/
Қорғаныс министрлігі

Алматыда Қарулы күштер ардагерлерінің бастамасымен 1 Кеңсай мен Орталық зиратта жерленген Ұлы Отан соғысы батырлары қабірлерінің басында іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Оған қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметшілері, "Қарулы күштердің ардагерлері" РҚБ филиалының басшылығы, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары, Политехникалық университет пен Азаматтық авиация академиясы әскери кафедрасының студенттері қатысты.

Кеңсай зиратында екі мәрте Кеңес Одағының батыры авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры полковник Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, Халық қаһармандары Рақымжан Қошқарбаев және Қасым Қайсенов жерленген. Акцияға қатысушылар қабірлердің айналасын ретке келтіріп, плиталар мен ескерткіштерді тазартты.

- Бүгін мұнда бірнеше ұрпақтың өкілі жиналды. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз Ұлы Отан соғысы майданында жанқиярлықпен шайқасты. Олардың ерлігін есте сақтаймыз. Майдангерлердің жауынгерлік және өмір жолы болашақ Отан қорғаушылар үшін үлгі. Сондықтан Жеңіс күні қарсаңында зират басына келіп, қаһармандардың рухына тағзым еттік, - деді "Қарулы күштердің ардагерлері" РҚБ Алматы филиалы төрағасының орынбасары отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин. 

Сол күні Алматы қаласының Орталық зиратында Азаматтық авиация академиясы әскери кафедрасының студенттері аты аңызға айналған ұшқыш Кеңес Одағының екі мәрте батыры авиация генерал-майоры Сергей Луганскийдің қабіріне  жиналды. Мұндағы іс-шара Әуе қорғанысы күштері ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Валерий Кузьменконың басшылығымен өтті.

«Жеңіске 100 күн» акциясы жалғасып жатыр. Оған қатысушылар түрлі іс-шаралар өткізіп, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жәрдем көрсетеді.

Бөлісу: