Жас мамандар үлкен клиникаларда жұмыс істеуге ұмтылуы ауылдағы медицина сапасына ықпал етеді. Жас дәрігерлер жұмысын үлкен қалаларда бастағысы келеді, алайда шағын мекемелерде қызмет ету тәжірибе жинақтауда өте маңызды рөл атқарады.
Бүгінде дүние халқы жаһандық эпидемиялардан бастап климаттық өзгерістер мен әлеуметтік тұрақсыздыққа дейінгі күрделі мәселелерге толы әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда денсаулық сақтауды жақсарту, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру өте маңызды.
Денсаулық сақтау саласы әрдайым өзгерістерге дайын және сыртқы факторларға төзімді болуға тиіс. Еліміздің тұрақты даму мақсаттарын іске асыру медицина қызметкерлерінен жоғары дәрежедегі кәсібилік пен жауапкершілікті талап етеді.
Жалпы, еліміздің денсаулық сақтау саласында 270 563 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның 79 261-ы дәрігерлер. Дегенмен ауылдық жерлерде дәрігер жетіспейтіні жасырын емес. Жас мамандар үлкен клиникаларда жұмыс істеуге ұмтылуы ауылдағы медицина сапасына ықпал етеді. Жас дәрігерлер жұмысын үлкен қалаларда бастағысы келеді, алайда шағын мекемелерде қызмет ету тәжірибе жинақтауда өте маңызды рөл атқарады. Ауылда еңбек етіп жүрген жас мамандардың бірі – Қызылорда облысы Шиелі ауданы Тартоғай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Гүлзира Әубәкірова
– Өзім Жалағаш ауданы Таң ауылында туып өстім. 2009 жылы ауылдағы №118 орта мектептің 9 сыныбын бітірген соң Қызылорда қаласындағы медицина колледжіне оқуға түстім. 2013 жылы дипломымды алып, келесі жылы тұрмысқа шықтым. 2015 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша Қылмыстық атқару жүйесінің №37 мекемесіне мейірбике болып жұмысқа орналастым. Осы аралықта жұмыс істей жүріп, үш баланың анасы атандым. Ал 2022 жылдан бастап Шиелі аудандық ауруханасының Тартоғай ауылдық дәрігерлік амбулаториясында аймақтық мейірбике болып еңбек етіп келемін, – дейді Гүлзира Болатбекқызы.
Кейіпкеріміз адам жанына арашашы болуды бала кезінен армандаған. Жоғары білім алып, дәрігер боламын деген арманын ана болуға, отбасы бақытын сақтауға айырбастағанына еш өкінген емес. Күнделікті жұмысы көңілінен шығады. Ауыл тұрғындарының бәрін жақсы таниды, емен-жарқын араласады. Дертіне шипа іздеп келгендер алғысын айтып қайтады.
– Кішкентайымнан укол салуға, алғашқы көмек көрсетуге бейім болдым. Жұмыста егде жастағы тұрғындармен қатар 5 жасқа дейінгі балаларды да бақылаймыз. Науқастарды үйіне барып қарап, жаңа туған нәрестелерді уақытылы тексереміз. Біздің негізгі мақсатымыз – асқынудың алдын-алу, науқастарға көмек көрсету, – дейді Гүлзира Әубәкірова.
Мейірбикенің айтуынша, тұрғындардың көбі қан қысымының жоғарлауымен, созылмалы бүйрек ауруымен, жүрек ауруымен есепте тұрады және олар тегін дәрімен қамтамасыз етіледі.
Былтыр желтоқсан айында Тартоғайда жаңа амбулатория ашылды. Заман талабына сай жасақталған орталық медицина қызметкерінің жұмыс жасауына да, науқастардың ем қабылдауына да қолайлы. Күндізгі стационарда 6 төсек орны 3 ауысыммен жұмыс істейді. Науқастарға 2 дәрігер, 9 мейірбике, 3 кіші қызметкер қызмет көрсетеді. Аурудың алдын алу мақсатында барлық тұрғын жылына бір рет жасына байланысты толық тексеруден өтеді.
– Медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне толық жағдай жасалды. Мәселен, жаңа жедел жәрдем көлігімен, жаңа үлгідегі аппараттармен қамтамасыз етіп қойды. Өзім осылай ауылда еңбек етіп, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетіп, пайдам тиіп жатқаныма қуанамын, – деп қорытындылады ойын кейіпкеріміз.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ