Қазақ-өзбек байланысының басты бағыттары, аймақтың кауіпсіздігі мәселесіндегі екі елдің рөлі қандай, қай салаларға ерекше мән беріліп, қандай проблемаларға назар аудару керек? Осы және басқа да сұрақтарды сарапшы мамандармен талқылап көрген едік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті мен «Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» халықаралық конференциясына қатысу үшін Самарқанд қаласына барды. Мемлекет басшысы жұмыс сапарының бірінші күнінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті.
Президенттер Алматыдағы бейресми кездесудің нәтижелі өткеніне назар аударды. Сондай-ақ оның қазақ-өзбек қатынастарын тағы бір пысықтап, бірлескен жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік бергеніне тоқталды.
Естеріңізге сала кетейік, бір апта бұрын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те Қазақстанға жұмыс сапарымен келген болатын. Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бейресми кездесу бауырлас Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымағын бекіте түсетін маңызды оқиға екенін айтқан еді.
– Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді, – деді Қазақстан Президенті.
Ал Өзбекстан Президенті екіжақты байланысты нығайтуды көздейтін кездесудің маңызына тоқталған болатын.
– Кейінгі жылдары қарым-қатынасымыз мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Біз – одақтаспыз. Өзара сыйластығымыздың арқасында көптеген мәселе шешімін тауып келеді, екеуара уағдаластықтардың барлығы іске асырылып жатыр. Нақты нәтижелер бар. Сізді Қазақстанның зор табыстарға жетуімен құттықтаймын. Экономикаларыңыз дамып келеді, жетістіктеріңіз жоғары. Бірінші тоқсанды 5,4 пайызбен қорытындылап отырсыздар. Бүгінгі кездесуіміздің сипаты ресми болмаса да, мен үлкен құраммен келдім. Дегенмен әрбір осындай бейресми жүздесулер біздің байланыстарымызға, барлық келісімдеріміздің орындалуына тың серпін береді, – деді Шавкат Мирзиёев.
Қос тарап саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық, энергетикалық, су шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы және туризм салаларындағы өзара байланыстың алдағы бағытын жан-жақты талқылаған еді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше мән берілді. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін қарады.
Жасанды интеллектінің дамуына арналған көрмеде мемлекеттер басшылары GovTech, Fintech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысты. Сонымен қатар IT-компаниялардың жетістіктері, инновациялық және білім беру жобалары қойылған арнаулы аймақты аралап көрді. Қорытындылай келе, президенттер екі ел стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.
Жалпы, қазақ-өзбек байланысының басты бағыттары, аймақтың кауіпсіздігі мәселесіндегі екі елдің рөлі қандай, қай салаларға ерекше мән беріліп, қандай проблемаларға назар аудару керек? Осы және басқа да сұрақтарды сарапшы мамандармен талқылап көрген едік.
Айдар Құрмашев,
Президент жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы:
Бірлескен индустриялық аймақтар қажет
– Қазақстан мен Өзбекстанның алдына қойған мақсат-міндеті ұқсас: шикізаттық экономикадан инновациялық экономикаға көшу, экспортты әртараптандыру және өнеркәсіпті жаңғырту, жұмыспен қамту мәселесін шешу бірнеше негізгі секторды атап өтуге болады.
Ең алдымен, Ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі – озық технологияларды қолдану, ауылшаруашылық өнімдерін және ауыл-аймақтардағы өмір сүру деңгейін көтеру.
Екі елдің экономикалық ынтымақтастығының басты бағыттары ретінде бірлесіп өңдеу және сыртқы нарықтарға шығу.
Екіншіден, көлік және логистика саласы – Транскаспий дәлізін және басқа да көлік бағыттарын тиімді байланыстыру арқылы екі елдің транзиттік әлеуетін барынша пайдалану.
Одан кейін энергетика – оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, бұл салада бірлескен инвестициялар мен технология алмасу мүмкіндіктері бар.
Туризм және қызмет көрсету саласы да бар – туристік бағыттарды өзара насихаттау және басқа да салалар бойынша ынтымақтастық орнатудың маңызы зор.
Өнеркәсіптік кооперация мәселесінде бірқатар нақты қадамдар жасау қажет деп санаймын. Біріншіден, бізге инвесторларға қолайлы жағдай жасайтын және жергілікті кәсіпорындармен серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін бірлескен индустриялық аймақтар қажет. Екіншіден, сауданы жеңілдету және бюрократиялық кедергілерді жою үшін бірлескен стандарттар мен рәсімдерге ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ ғылыми және технологиялық әзірлемелермен тиімді алмасу, сондай-ақ заманауи өнеркәсіп талаптарына сай жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша барлық мүмкіндік бар.
Қазақстан мен Өзбекстанның өңірлік тұрақтылықты нығайтудағы рөлі туралы айтатын болсам, бірнеше маңызды аспектіні атап өткім келеді. Бірлескен экономикалық жобалар тек біздің елдеріміздің дамуына ғана емес, сонымен қатар аймақтың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Бұл мемлекеттер арасындағы өзара байланыстарды күшейтіп, қақтығыстар қаупін азайтады.
Сонымен қатар біз халықаралық алаңдарда – ШЫҰ, БҰҰ және C5+1 форматы аясында белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруымыз керек. Бұл біздің ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге және Орталық Азияда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Таир Нигманов,
саясаттанушы:
Екі ел ынтымақтастығы – өңір тұрақтылығы мен дамуының басты факторы
Бірінші мәселе – шекара маңындағы ынтымақтастық. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында арнайы экономикалық аймақ құру туралы ауқымды жоба мақұлданды. Бұл аймақтың бір бөлігі Қазақстан аумағында, екінші бөлігі Өзбекстан аумағында орналасады. Бұл аймақ негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіру және саудалау бағытында жұмыс істейді.
Екінші маңызды мәселе – логистика. Ресей мен Қазақстан – Өзбекстанның ең ірі үш сауда-экономикалық серіктесінің қатарында. Өзбекстан үшін Ресейге шығатын басты бағыт – Қазақстан арқылы өтетін жолдар. Дәл сол сияқты, Қазақстан үшін Өзбекстан – оңтүстікке шығатын қақпа. Бүгінде біз өз ұн өнімдеріміздің басым бөлігін Ауғанстанға экспорттаймыз, бұл біздің оңтүстік бағыттағы сауда-саттықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан екі ел үшін де логистикалық дәліздерді дамыту өзекті болып отыр. Осы мақсатта теміржол салу және басқа да инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азияның экономикалық және адами капитал тұрғысынан көшбасшы елдері. Екі елдің өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі өте маңызды. Өйткені бұл мемлекеттер көрші елдермен салыстырғанда экономикалық, әскери және саяси тұрғыдан анағұрлым тұрақты.
Өңірде шешуді қажет ететін маңызды мәселенің бірі – су ресурстары. Қазақстан мен Өзбекстанның басты өзендерінің бастауы Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан аумағында орналасқан. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану, судың үлестірілуін реттеу, суармалы жерлерге қажетті инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық қажет. Бұл проблема ғаламдық жылыну мен климаттық өзгерістерге байланысты жыл сайын күрделене түсуде.
Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі де екі елдің тұрақты назарында. Қазақстан мен Өзбекстан – өңірдегі басты азық-түлік өндіруші елдер. Қазақстан бидай өндірісінде көш бастап тұрса, Өзбекстан жеміс-көкөніс экспорты бойынша жетекші ел. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды.
Өңірдегі тағы бір өзекті мәселе – есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес. Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы тұрақсыздық аймақтағы елдерге қауіп төндіріп отыр. Заңсыз қару мен есірткі тасымалының жолын кесу үшін Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен іс-қимылдары қажет. Бұрын бұл мәселе негізінен апиын саудасына байланысты болса, бүгінде синтетикалық есірткілердің заңсыз айналымы ұлғайып келеді.
Сондай-ақ өңірде экстремизм мен терроризм қаупі де өзекті. Бұл қауіптер трансұлттық сипатқа ие болғандықтан, олармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастық қажет. Қазақстан мен Өзбекстан құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтері арасындағы әріптестікті нығайту арқылы бұл мәселелерді тиімді шешуге ұмтылуда.
Қазақстан мен Өзбекстанның тағы бір ортақ мәселесі – теңізге шығатын жолдың болмауы. Өзбекстан – double landlocked мемлекет, яғни әлемдік теңіз саудасына қосылу үшін кемінде екі елдің аумағын басып өтуі қажет. Бұл шектеу халықаралық нарықтарға шығуда қиындық тудырады. Әлемдік сауданың 80-90 пайызы теңіз арқылы жүзеге асатынын ескерсек, бұл – екі ел үшін үлкен мәселе. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан экономикаларын әртараптандыруға және халықаралық өндірістік тізбектерге қосылуға мүдделі. Қазір бірде-бір ел, тіпті АҚШ немесе Қытай секілді алпауыт мемлекеттер де өндірістің барлық кезеңін өз ішінде толық қамтамасыз ете алмайды. Өндірістік процестер жаһандық деңгейде бөлініске түскен, яғни әр мемлекет белгілі бір кезеңін ғана жүзеге асырады.
Қазақстан мен Өзбекстан үшін осы өндірістік тізбектерге қосылудың екі негізгі шарты бар:
1. Білікті әрі салыстырмалы түрде арзан жұмыс күші
2. Ішкі нарықтың көлемі мен сатып алу қабілеті.
Біріккен нарықтың жалпы көлемі – 50 миллион адам. Бұл көрсеткіш жеке-жеке қарастырғанда аса үлкен болмаса да, аймақтық деңгейде айтарлықтай маңызды. Сондықтан екі ел бірлесіп әрекет етсе, ірі халықаралық өндірушілер үшін тартымды өндірістік және логистикалық орталыққа айнала алады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық – Орталық Азияның тұрақтылығы мен дамуының басты факторы. Логистика, қауіпсіздік, су және азық-түлік мәселелері, сондай-ақ өңірлік экономикалық интеграция сияқты бағыттарда серіктестікті одан әрі нығайту – екі ел үшін де стратегиялық маңызға ие.