Өскемен қаласында полицейлер бопсалаушыны ақша алып жатқан жерінен ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.
Шығыс Қазақстан облысының орталығында полицейлер өңірлік прокуратураның үйлестіруімен бопсалаумен айналысты деп күдікке ілінген ер адамды ұстады.
Бұған дейін құқық қорғау органдарына 20 жастағы қала тұрғыны, танысының хабарласып, ақша талап еткенін және бермесе «күш қолданамын» деп қорқытқанын айтып, жүгінген.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде күдікті қаладағы аулалардың бірінде ақша алу кезінде ұсталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіні үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
ШҚО полиция департаменті азаматтарды осындай қылмыстың куәгері болған жағдайда үнсіз қалмауға және бірден көмек сұрап жүгінуге шақырады.