Биылғы 9 қаңтарда Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының Күрделі құрылыс департаментінің директоры М. Жолдыбаевқа үкім шығарған болатын, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аудару сылтауымен кәсіпкерден 75 млн теңге жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп танылған.
Сот үкімімен Жолдыбаев 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айырылған.
Алайда прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қалалық сотының сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді.
Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Ол сот залында қамауға алынды.
Үкім заңды күшіне енді.