Трамп пен Маск USAID-қа неге шүйлікті?

Трамп пен Маск USAID-қа неге шүйлікті?
сурет: istockphoto.com
488

Әлемнің әр түпкіріндегі мұқтаж жандарға көмек көрсететін USAID бағдарламалары бір-ақ сәтте тоқтап қалды. Халықаралық сарапшылар мен тәжірибелі гуманитарлық қызметкер бұл оқиғаны «көмек көрсету саласындағы жер сілкінісі» деп сипаттады.  

Жыл сайын ондаған миллиард доллар көле­мінде көмек көрсетіп, жұмсақ күштің не­гіз­гі құралы саналып келген АҚШ агенттігі Трамп­тың билікке келе сала майшаммен қараған мәселесі болды. Ол UsAID-ты реформалауды Илон Маскке се­ніп тапсырды, техномиллиардер бұл агенттікті бұ­ған дейін қылмыстық ұйым деп атаған болатын. 
Сонымен, USAID деген қандай ұйым, оның жа­былуы я реформалануы әлемге қалай әсер етуі мүм­кін?  

«Радикалдардан құралған 
қылмыстық ұйым..»

АҚШ үкіметінің шетелге көмек көрсету бойын­ша басты агенттік – USAID-тың болашағы бұлың­ғыр. Трамп әкімшілігі агенттікті Мемлекеттік депар­та­ментпен біріктіруді жоспарлап отыр.  
Дональд Трамп екінші мерзімге сайланғаннан кейін USAID-тың мыңдаған қызметкерін еңбек де­малысына жіберді. Сондай-ақ агенттік бүкіл әлем­дегі қызметкерлерін кері шақыртып алды. 20 қаң­тарда қол қойылған атқарушы жарлыққа сәйкес, Трамп әкімшілігі шетелдік көмекті 90 күнге тоқ­татты. Президент бұл шешімді «шетелге көмек көр­сету жүйесі АҚШ мүдделеріне сәйкес келмейді» деп түсіндірді. Дональд Трамп АҚШ-тың шетелге жұм­сайтын қаржысын ұзақ уақыттан бері сынға алып келеді және оны салық төлеушілердің ақша­сын тиімсіз пайдалану деп есептейді.
Содан соң АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Мар­ко Рубио өзін агенттіктің уақытша басшысы деп жариялады. Washington DC-дегі USAID-тың штаб-пәтері жабылып, көптеген қызметкер жұмысынан уа­қытша шеттетілді. USAID-ты бақылауға алған Мем­лекеттік хатшы Марко Рубио агенттіктің көп­теген функциясы жалғасатынын, бірақ шығындар ел мүддесіне сай болуы керек екенін айтты.  
Ақпанның басында Трамп Truth Social парақ­ша­сында: «USAID-тың шығындары түсініксіз... Жабу керек!» – деп мәлімдеген еді. Ол шетелдегі шы­ғын­дарды өзінің «Бірінші кезекте – Америка» саясатына толық сәйкестендіруге ниетті екенін ашық білдіріп отыр. 
Трамп бұл реформаны федералды үкіметтің ау­қымын қысқарту үшін тағайындалған миллиардер Илон Маскке сеніп тапсырды. Президент өз мә­лім­демесінде: «USAID радикалды топтардың қо­лында бол­ды, біз олардан құтылып жатырмыз», – деп мә­лімдесе, Маск бұл ұйымды қылмыстық құрылым деп атап, оны жабуды қолдайтынын айтқан бола­тын.  Алайда Трамп та, Маск та бұл айыптауларын нақ­ты дәлелмен растаған жоқ. 
Ақ үй USAID қаржыландырған жобалардың ті­зімін жариялап, оларды «ысырап пен заң бұзудың дә­лелі» деп атады. Бұл жобалардың ішінде Сер­биядағы ЛГБТҚ+ ұйымына бөлінген 1,5 млн дол­ларлық грант, Вьетнамдағы электр көліктеріне бө­лін­ген 2,5 млн доллар қаражат, Египеттегі туризм са­ла­сына бөлінген 6 млн доллар көмек бар.  
Алайда сыншылар Ақ үйдің бұл шығындарды сипаттау тәсілімен келіспейді. Мысалы, Египет жо­басы – 2019 жылы Трамп әкімшілігінің бастамасымен іске қосылған бағдарламаға және оған Солтүстік Си­найдағы су, білім беру және көлік инф­рақұры­лы­мын дамытуға арналған бағдарламалар кіреді.  
CNN Ақ үй мен USAID арасындағы шиеленіс Илон Масктың өкілдері агенттіктің штаб-пәте­рін­дегі құпия деректерге қол жеткізе алмаған кезде кү­шейе түскені туралы мәлімет тартатты. Ақпарат агент­тігінің мәліметінше, бұл әрекетке тосқауыл қой­ған жоғары лауазымды қауіпсіздік қызмет­кер­лері кейіннен қызметінен уақытша шеттетілген.
Бұдан бөлек, Трамп әкімшілігі USAID қыз­мет­кер­леріне агенттік жұмысын реформалауға көмек­тесуді талап етті. Егер олар бұйрықты орындамаса, шара қолданылатынын да ескертті. Бұл шешім әлем­дегі көптеген гуманитарлық ұйым мен БҰҰ агент­тігін алаңдатып отыр. Бірақ агенттікті жабуға заң кедергі болуы мүмкін деген де ақпарат бар.

USAID қалай 
қаржыландырылады?

АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) 1961 жылы демократ-президент Джон Кеннедидің бас­та­масымен құрылған. Оны құрудағы басты мақсат – халықаралық көмек көрсету процестерін үйлестіру. Яғни, АҚШ үкіметінің атынан көрсетілетін гума­ни­тарлық көмек бағдарламаларын басқару.  
Бүгінде агенттік АҚШ-тың шетелге көрсететін кө­мегінің шамамен 60 пайызын басқарады. Әлемнің 130-дан астам еліне гуманитарлық көмек көрсетеді. 2023 жылы агенттік 43,79 миллиард доллар көле­мін­де көмек таратқан. Конгресс зерттеу қызметінің (CRS) баяндамасына сәйкес, агенттікте 10 мың қызметкер бар, олардың үштен екісі шетелде жұмыс істейді.
USAID-тың негізгі қаржыландыру көзі – АҚШ Конгресі. Агенттік АҚШ-тың стратегиялық серік­тес­теріне, кедейлік пен қақтығыстардан зардап шек­кен елдерге көмек көрсетеді. 2023 жылы көмек ал­ған елдердің көшін Украина, Эфиопия, Иордания, Кон­го Демократиялық Республикасы, Сомали, Йе­мен, Ауғанстан, Нигерия, Оңтүстік Судан және Сирия бастады.
Ұйым бюджетінің едәуір бөлігі денсаулық сақтау бағдарламаларына жұмсалады. Ол кей елдерді полиомиелитке қарсы вакциналармен қамтамасыз етіп, пандемия қаупін тудыруы мүмкін вирус­тардың таралуына жол бермеуге көмектеседі. Сон­дай-ақ халықаралық даму жобаларын қаржы­лан­дырады. 
Жалпы, USAID қызметінің ауқымы кең. Агенттік аштық жайлаған елдерге азық-түлік көмек көр­сету­мен қатар, әлемдегі ашаршылықты болжаудың ең үздік жүйе­сін басқарады. Бұл жүйе деректерді талдау ар­қы­лы азық-түлік тапшылығы қаупі бар аймақ­тар­ды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.  

Көмектің көлемі қанша?

АҚШ үкіметтік көмек көрсету көлемі бойынша әлем­де көш бастап тұр. 2023 жылы АҚШ халық­ара­лық көмекке 68 миллиард доллар жұмсады.  Алайда оның ұлттық табысқа шаққандағы үлесі басқа да­мы­ған елдерден әлдеқайда төмен. 2023 жылы Нор­ве­гия өз табысының 1,09 пайызын халықаралық кө­мекке бөлсе, АҚШ бұл көрсеткіш бойынша 0,24 пайыз­бен ең соңғы орында тұрды. 
Кейінгі жылдары АҚШ-тың көмегі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) шамамен 0,33 пайызын құрады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Маршалл жоспары аясында бұл көрсеткіш 3 пайызға дейін жеткен. Қырғи-қабақ соғыс кезінде көмек 1 пайыздан 0,5 пайызға дейінгі аралықта болды. 2023 жылы АҚШ әлем бойынша 72 миллиард долларға көмек көрсетіп, БҰҰ тіркеген барлық гуманитарлық көмектің 42 пайызына жеткен.
Бұл қаражат бірнеше министрлік пен агенттік арасында бөлінгенімен, оның жартысынан астамы – шамамен 40 миллиард доллар – USAID бюджетіне түскен. Бұл АҚШ-тың жалпы жылдық мемлекеттік шы­ғысының (6,75 трлн доллар) шамамен 0,6 пайызы болады.  
USAID қаражатының басым бөлігі Азия, Са­хараның оңтүстігіндегі Африка және Еуропаға ба­ғыт­талады. Әсіресе, Украинаға көрсетілетін гума­ни­тарлық көмекке айтарлықтай қаражат бөлінген.  

Халық бастаманы 
қолдауы мүмкін

Тарихи тұрғыдан алғанда, демократиялық әкімшіліктер мен Конгресс мүшелері шет­елге көмек көрсетуді көбірек қолдаған. Дегенмен Екін­ші дүниежүзілік соғыстан кейін Трамптан басқа бар­лық президент халықаралық көмектің маңызды құрал екенін мойындаған.
Трамп алғаш рет билікке келгенде халықаралық көмектің үштен бірін қысқартуды ұсынды, алайда Конгресс бұл бастаманы қолдамады. 2024 жылы шет­елдік көмекке қатысты заңнаманы кейінге қал­дыру әрекеті де сәтсіз аяқталды. 2025 жылғы бюд­жет­ке түзету енгізу кезінде Өкілдер палатасының 80 пайызы халықаралық көмекті толығымен жою ұсынысына қарсы дауыс берді.
USAID-тың болашағы АҚШ-тың жаңа саяси ба­ғытына байланысты болмақ. Егер агенттік Мем­лекеттік департаментке толық біріктірілсе, оның жұмысында түбегейлі өзгерістер болуы мүмкін.
Дегенмен агенттікті тарату идеясын америка­лық­тар қолдауы мүмкін. Chicago Council on Global Affairs зерттеуіне сәйкес, 1970-жылдардан бері жүр­­гізілген сауалнамалар америкалықтардың ше-т­ел­ге көмек көрсету шығындарын қысқартуды қол­дайтынын көрсеткен.

«АҚШ жұмсақ күшінен 
айырылады..»

АҚШ-тың халықаралық көмегі ауқымды екенін ескерсек, USAID-тың жабылуы жаһандық деңгейде се­зілмек. Еуроодақ агенттіктің көрсетіп келген кө­ме­гінің орнын толтыруға қауқарсыз екенін мәлім­деді.
Ал АҚШ демократиялық партия өкілдері бұл қадамды заңсыз деп атап, оның ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін айтты. Олар Сириядағы АҚШ қаржыландыратын түрме күзетшілерінің жалақысы уақытша тоқтатылған кезде мыңдаған содыр қашып кете жаздағанын еске салды.  
Көптеген сарапшы агенттік әдейі жойылып жа­тыр деп қауіптенеді.  Көмек көрсету саласының ма­мандары USAID-ты Мемлекеттік департаментпен бірік­тіру кері әсерін тигізуі мүмкін деп санайды. Олар USAID-тың дамушы елдерде жұмыс істеу тәжі­рибесі мен жұмсақ күш құралдары Мемлекеттік депар­таментте жоқ екенін алға тартады. «USAID – шет­елдегі жағдайды терең түсінуге мүмкіндік бере­тін жалғыз америкалық үкіметтік ұйым. Егер бұл институт жойылса, АҚШ-тың сыртқы саясаты әлсі­рейді», – деп мәлімдеді олар.  

Сонымен, USAID-тың болашағы әзірге бұлыңғыр. Егер ол жабылса, АҚШ дипломатиясы өзінің негізгі жұмсақ күш құралдарының бірінен айырылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл өзгеріс ұйымның саяси емес бағыттағы гуманитарлық көмек көрсетуіне кері әсер етуі ықтимал.

Серіктес жаңалықтары