Биылғы 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң күшіне енді, ол мерзімдерді қысқартуға және оларды өткізу кезіндегі рәсімдерді оңайлатуға бағытталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жасалған келісімшарттар көлемі бес есеге өсіп, 1 трлн теңгеге жетті.
«Жасалған келісімшарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес есе өсті. Егер өткен жылы шарттар 200 млрд теңге сомасына жасалған болса, биыл 1 трлн теңгеге жуық шарт жасалды. Бес есе өсім. Сондай-ақ сатып алу мерзімі екі айдан 10 күнге дейін қысқартылды. Рейтингтік-балдық жүйе құралы енгізілді. Ол жүйеге адам қатыспайды. Мердігер мәліметтер базасын пайдалану арқылы анықталады. Жергілікті мердігерлерді, жергілікті компанияларды қолдау шарасы енгізілді. Шартты балл бір балдан екі балға дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда біз оң нәтижелерге қол жеткіздік. Бес жұмыс күні ішінде көптеген салада әлеуметтік маңызы бар нысандар бойынша мердігерлер анықталды. Бұл мердігерлер жергілікті компаниялар. Ол біздің мемлекеттік органдарымыздың, тапсырыс берушілеріміздің тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді тезірек сатып алу ісіндегі үлкен ілгерілеушілік. Оған қоса, әрине, бұл біздің отандық тауар өндірушілерімізді қолдау», – деп атап өтті ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.