Ет державасына неге айнала алмадық?

Ет державасына неге айнала алмадық?
сурет: istockphoto.com
160

Былтыр елімізде ет экспорты бойынша рекорд тіркелді. Өсім 64 пайызға жеткен. Бұл – кейінгі онжылдықта байқалған ең жоғары көрсеткіш. Дегенмен 2023 жылы ет шаруашылықтарының 30 пайызы жұмысын тоқтатқан. Себеп – шығын көп, пайда жоқ. 

Осы уақытқа дейін бөлінген қаражат, стратегиялық жос­пар­лар мен жобаларда есеп жоқ, Ауыл шаруашылығы саласы, соның ішінде шаруашылықтар жеңілдік пен көмектен кенде болып көрген жоқ сияқты көрінеді. Бірақ шындығына кел­ген­де, жағдай мүлде басқа болып отыр. Бір кездері ет державасына ай­наламыз деген асқақ арманымыз да болған еді...

Қамтығаным – бір нарық

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы алғашқы 10 айда 13,3 мың тонна қой және ешкі етін сыртқы нарықтарға жө­нелт­кеніміз туралы мәлімет берді. Осылайша, өткен жылғы сол уақыттағымен салыстырғанда екі есе көп өнім саттық. Ақша­ға шаққанда экспорт 45,3 миллион долларға жетіп, 64 пайызға өскен. Бұл кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр.  
Ет экспортының негізгі бағыты – қой еті. Ешкі еті жалпы экспорт көлемнің бар болғаны 0,1 пайызын құрап отыр. Қой етінің негізгі тұтынушылары, яғни негізгі нарық – Өзбекстан, оған барлық экспорттың 80 пайызы жөнелтіледі. Қалғаны негізінен араб елдері мен Иранға сатылды. 

Сонымен қатар елімізден жаңа сойыл­­ған ірі қара мал еті және оның мұзда­тыл­ған түрі де жақсы экс­порт­талады. Бұл сег­ментте өсім баяу болға­ны­мен, 2024 жылы 17,4 мың тонна ірі қара мал еті сыртқа саты­лып, 72,8 миллион дол­лар табыс әкелген. Бұл көрсеткіштер өт­кен жылғыға қарағанда 30 пайыз­ға және 13 пайызға жоғары. Мұн­да да не­гізгі сатып алушы – Өзбекстан, ол Қазақ­стан­нан экспортталған ірі қара мал етінің 96 пайызын сатып алды.  
Ал мұздатылған ірі қара мал еті бойын­ша ай­тарлықтай өзгеріс жоқ. Бұл бағыт бойынша экспорт көлемі айтарлықтай емес: биылғы 10 айда 300 тоннадан аз бол­ды, ал кейінгі он жыл­да 1,4 мың тоннадан асқан жоқ.
Ал 15 жыл бұрынғы деректерге қарасақ, 2010 жылы Қазақстан 916 мың тонна ет өн­­діріпті, оның ішінде ірі қара мал еті 406 мың тонна болған. Етімізге Иран да, алыс­тағы Фран­ция да қызығушылық танытып отыр­ға­ны, елдегі ет шаруашылығымен ай­налы­са­тындарға әлем нарығы айқара ашық екені ай­тылыпты. Сол кезде 2020 жылға қарай ет­тің экспорттық әлеуетін 180 мың тоннаға жет­кізу жоспарланған екен...

Етімізді неге ешкім алмайды?

2020 жылдан бері 5 жыл өтті. Дегенмен на­рық әртараптанудың орнына керісінше үрдіс қалыптастырған. Бұған дейін кел­тір­ген дерекке қарасақ, біздің елде өндірілген етті Өзбекстан ғана алады деуге де әбден болады. Бұл нарықтағы сын-қатерді одан сайын арт­тырады, өйткені бір ғана нарық­қа тәуелді болу экономикалық тұрғыдан қауіп­ті. Егер Өзбекстан сұранысты төмен­дет­се немесе им­­­­порттық саясатында өзге­ріс­тер енгізсе, сала айтарлықтай зардап шегуі мүмкін. 
Ең алдымен, дайын өнім, яғни ет емес, тірі малдың жаппай сыртқа сатылуы ет өн­ді­рі­сін айтырлықтай тежеп отыр. Соның ішінде, ірі қара малдың жаппай Өзбек­стан­ға сатылуы бір жылдары мораторий жа­рия­лауға дейін жеткізген еді. Осылайша, ет өн­діргенге қа­рағанда тірі мал сату тиімді­рек болып отыр.
Екіншіден, ет экспорты нарығында бә­секе өте жоғары. Бразилия, Аустралия, АҚШ, Аргентина сияқты ет экспортының дер­жа­ва­­лары халықаралық стандарт талаптарды қа­таң сақтайды, логистикалық мүмкін­дік­тері де зор. Көптеген елде ветеринарлық стан­­дарттар қатаң болғандықтан, Қазақ­станның ет өнімдері кейбір нарықтарға кіре алмаған.
Одан бөлек, етті шетелге экспорттау үшін инф­рақұрылым қажет. Логис­ти­калық жүйелердің жеткіліксіздігі, за­ма­науи ет өңдеу кәсіпорындарының аз­дығы жә­не тоңазытқыш қоймалардың тапшы­лы­ғы экс­порт көлемін шектейді. Ет өңдеу зауыт­та­рының жеткіліксіздігі немесе мал азы­ғының қымбат болуы сияқты мәселелер фер­мерлерге өз өнімдерін тиімді түрде экспорт­тауға мүмкіндік бермеді. Әсіресе, Қы­тай және Еуропа нарықтарына шығудың талабы қатал, ал бізде бұл талаптарға сәй­кес келетін кәсіпорындар саны аз. 
Тағы бір мәселе – өнім сапасы. Біз өн­діретін еттің сапасы кейде халықаралық та­лаптарға сай келмейді екен. Еттің халық­ара­лық нарыққа шығуы үшін малдың са­па­лы азықпен қоректенуі, ветеринарлық ба­қылаудың жоғары деңгейде болуы және қа­сапханалар мен ет өңдеу орындарының ха­лықаралық стандарттарға сәйкес болуы қажет. 
Сонымен, инфрақұрылым ақсап тұр, логистикалық байланыс әлсіз, өн­діріс аз, өнімнің сапасына қатысты мәселе көп. Экс­п­орт көлемі 15 жыл бұрынғы асқақ ар­­­ман­ның маңына да жуымайды. 

Жоспардан-жоспарға

Әу баста ет экспортындағы әлеуетіміз ас­тық экспортындағы мүмкіндігімізден асып кетпесе, кем емес дедік. Сөйтіп, ет дер­жавасына айналамыз деген мақсат қойдық. Әдеттегідей стратегиялық жо­балар, жоспарлар құрдық, қыруар ақша бөл­дік. Ол жоспардың мерзімі біткенде, жа­былып келесі жобаны жасауға көштік, ал нәтиженің бар-жоғы алаңдатпаған да сияқты. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігі де саланы дамытуға толық мүм­кіндік берген жоқ. Кредиттеудің қиын шарттары мен субсидиялардың дұрыс бө­лін­беуі, көздеген жеріне жетпеуі, ұста­ған­ның қолында, тістегеннің аузында кетуі көп­теген шаруа қожалығының дамуын те­жеді.
Мәселен, 2010 жылдары қабылданған бағ­дарламада 2020 жылға дейін ірі қара мал­дың ет бағытындағы үлесін жалпы мал ба­сының 61 пайызына дейін жеткізу, сон­дай-ақ 2016 жылы еттің экспорттық әлеуетін 60 мың тоннаға, ал 2020 жылы 180 мың тоннаға жеткізу үшін жағдай жасауды мақсат еттік. Өнім көлемін арттыру мақ­сатында шетелден 72 мың бас ірі қара мал­ды импорттау жоспарланды. Дегенмен солар­дың өнімі туралы да, кейіннен өзі туралы да еш ақпарат естімедік.
Ал 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамытудың ұлттық бағ­дарламасы аясында сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тон­наға дейін ұлғайту жоспарланыпты. Стра­те­гия аясында 80 өнеркәсіптік бордақылау алаңы мен 7 заманауи ет өңдеу кешенін салу көзделген еді. Сондай-ақ шамамен 400 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарда бол­ды. Жауаптылар бағдарламаны жүзеге асыру экономикаға қосымша инвестиция тар­туға мүмкіндік беріп, мал өсірушілерге жеңілдетілген кредитпен қатар жер ре­сурстарын да береді деп сендірді. Осының барлығы саланы дамытуға жүйелі түрде әсер етеді деген үміт болды.
Ауқымды стратегиялық жоспарлардан бөлек, мал шаруашылығын дамытуға ба­ғыт­талған бірнеше мемлекеттік бағдарлама да іске қосылды.  Олардан да күткен нәти­жені көре алмадық. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» секілді бағдарламалар мал басын көбейту және ет экспортын арттыруға сеп болуы керек еді, бақылаудың болмауы, қар­жыны тиімсіз пайдалану және сыбайлас жем­­қорлық саланы өсірген жоқ. Фер­мер­лердің сыбағасын өзгелер алып, қолдаусыз қалған шаруашылықтар өз күнін өзі көрді. Сондай-ақ шаруалар үшін жеңілдетілген кредит алу шарттары тым күрделі болып, көп фермер мемлекеттік қолдауға қол жет­кізе алмады. Осылайша, технологиялар мен заманауи фермалардың жетіспеуі, инвес­тицияның аздығы мен шаруашылықтардың ескі әдіспен жұмыс істеуі өндірістің қар­қын­ды дамуына мүмкіндік бермеді.
Былтыр тағы бір жоспар құрдық. Бұл жол­ғы көздеген меже – 2027 жыл. 2024-2026 жылдарға арналған сүтті мал шаруа­шы­лығы, етті ірі қара өсіру және қой шаруа­­­­шы­лығын дамыту бойынша Жол картасы ал­дыңғы жобаларда орындалмаған мақсаттар мен міндеттерді дәстүрлі түрде «қабылдап алды». Осы саланы дамыту үшін 7 пилоттық жоба іске қосылмақ,  соның ішінде ет өнім­дерін экспортқа бағыттайтын заманауи ет комбинаттарын құру және малдың сал­ма­ғын арттыру үшін бордақылау алаңдарын ашу жоспарланып отыр...

Осылайша, бір жоспарды сәтсіз аяқтап, келесі жоспарға көштік. Мақсат қаншалықты айқын, асқақ болса да, оның нәтиже емес екенін түсінетіндей жағдайға жеткен секілдіміз. Бұл ретте, талай жыл тұралап тұрған көрсеткішке сәл де болса «жан бітіп», ілгерілеу байқалғаны, әрине, қуантады, дегенмен, саладағы жағдайды ретке келтіру үшін қыруар жұмыс атқарылуы керек.

Серіктес жаңалықтары