Түтінге тұншыққан қалалар

Түтінге тұншыққан қалалар
сурет: istockphoto.com
Бүгінде әлем елдерінің 81 пайыздан ас­тамы Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының ауа сапасы бойынша алғашқы арал­ық мақсатқа (35 мкг/м³) қол жеткізген. Тек 14 пайызы ғана ең қатаң ұсынылған стан­­­­дарт­тарға (10 мкг/м³) сай келеді екен. Яғни, әлем халқының едәуір бөлігі әлі де ауа лас­тануы­нан зардап шегіп отыр деген сөз.

БҰҰ сарапшылары жариялаған мәліметке сүйенсек, ел халқының 5 млн-ға жуығы ауасы ластанған жерде, 2 млн-дайы ластану деңгейі өте жоғары жерде өмір сүреді. Ал тазалық жағынан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сай қала жоқ. Оның бір көрінісі –  ластанған ауа салдарынан елде жыл сайын 8 мыңнан астам адам көз жұматыны. 

Ал әлемде жыл сайын ауаның ластануы сал­дарынан 7 млн адам өмірден өтеді екен. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының баяндамасында жарияланған. «Атал­ған келеңсіз жағдай әсіресе Азия, Аф­рика мемлекеттерінде өршіп отыр. Бір өкі­ніш­тісі, адамдар ауаның аса күшті лас­тануы­ның денсаулыққа әсерін ескере бермейді. Эко­­логияның нашарлауы жүрек, өкпенің созылмалы ауруға ұшырауы, рак, балалардың өкпесінің қабынуына ұшырауын бірнеше есе кө­бейтеді», – дейді ДСҰ Қоғамдық денсаулық сақ­тау департаментінің директоры Мария Ней­ра. Сондай-ақ ауаның ластануы шектен тыс тұрғындары көбейген мегапопистерге де тән болып отыр.
Дүние жүзі бойынша 2021 жылы ауаның лас­тануы салдарынан 8,1 миллион адам қай­тыс болған. Оңтүстік Азия мен Африка ай­мақ­­тарында бұл көрсеткіш жо­ғары болған­дық­тан балалар мен ересектер арасындағы өлім-жітім деңгейі жоғары. Олар мұндай жағ­дайға тамақ дайын­дау мен жылынуға қат­ты отынды пай­да­лану, өнеркәсіптік шы­ғарын­дылар мен кө­лік лас­тануынан тап бо­лып отыр. Мәселен, аталған ел­дерде өмірге кел­ген сәбилердің 30 пайызы ал­ғашқы айла­рын­да-ақ осы ауа лас­тануы әсері­нен шетінеп ке­теді екен. Зерт­теу­лер ауа­ның ластануы жүрек­тің ишемиялық ауру­лары­нан болатын өлімнің 28 пайызын, тө­менгі тыныс алу жол­дарының инфек­ция­ларынан болатын өлім­нің 30 пайызын және созыл­малы обструк­тив­ті өкпе ауруларынан болатын өлімнің 48 пайызын құрайтынын көр­сетіп отыр. 
Бүгінде әлем елдерінің 81 пайыздан ас­тамы Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының ауа сапасы бойынша алғашқы арал­ық мақсатқа (35 мкг/м³) қол жеткізген. Тек 14 пайызы ғана ең қатаң ұсынылған стан­­­­дарт­тарға (10 мкг/м³) сай келеді екен. Яғни, әлем халқының едәуір бөлігі әлі де ауа лас­тануы­нан зардап шегіп отыр деген сөз. 

19 ірі қаланың 11-і ластанған

Еліміздің ірі қалаларында, әсіресе өнер­кәсіп орындары мен халық тығыз орналасқан аймақтарда ауа сапасы мәселесі оң шешімін таппай тұр. 2022 жылғы әлем қалаларының ластануына қатысты түзілген рейтингте Қазақстан 115 елдің ішінде 33-орынға тұрақ­таған. Ластану индексі – 73,4. Индекс неғұр­лым жоғары болса, жағдай соғұрлым нашар деген сөз. Ең лас елдер рейтингінің көш ба­сын­­да Камерун, Моңғолия және Мьянма тұр. Ал тазалығы жағынан бірінші орында Фин­лян­дия, ластану индексі – 12,1 ғана.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің елде эколо­гия­лық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ. Қа­зақстан әлемнің экологиялық анти-рей­тин­гісінде көш бастап тұр» – деп еді. Одан бе­рі жағдайдың түзелгені шамалы. Өйткені біздегі ауа ластануының деңгейі Дү­ни­е­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы бел­гілеген шекті көрсеткіштен төрт есе жоғары. Швейцариялық ұйымның индексіне сенсек, 2023 жылы ең таза қала мәртебесіне Шу лайық­ты болса, Қарағанды ең лас қала атан­ған. Ал IQAir рейтингі бойынша Қазақстан ауа сапасы жағынан 134 елдің ішінде 40-орын­ға орналасқан. IQAir-дің жаңа есебі әлемнің 134 елі мен аймағында орналасқан 30 мыңнан астам бақылау стансасынан жиналған деректер негізінде жарияланып отыр. Жалпы, қандай ұйымның зерттеуін ал­сақ та, еліміз ауа сапасының нашарлығы бойын­ша алдыңғы орында. Мұны Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жа­риялаған тізімінен де көруге болады. Ми­нистр­лік 2022 жылы ауасы қатты ластанған 10 қаланың тізімін жариялады. ТОП-10 қалаға: 
1. Астана
2. Алматы
3. Қарағанды
4. Теміртау
5. Атырау
6. Ақтөбе
7. Балқаш
8. Өскемен
9. Жезқазған
10. Шымкент енген болатын. 
Тізім 2023 жылы да өзгермеді. Тек былтыр ға­на Жезқазған қаласының ауа ластануы «жо­ғары» деңгейден «орта» деңгейге тө­мен­деді. 
«Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, атмосфералық ауасы ең нашар аймақ – Аста­на мен Қарағанды. Бас қаланы, әсіресе қыс мез­гілінде көмір түтіні тұмшалап алатыны жа­сырын емес. Қарағанды облысындағы қор­ша­ған ортаны ең ірі ластаушы Балқаш тау-кен металлургия комбинаты мен «Испат-Кар­мет» компаниясы еліміздегі барлық ластану кө­лемінің үштен бірін құрайды екен. 
Ауасы аз ластанған, бірақ экологиялық жа­ғынан қолайсыз қалалар тізімінде Алматы, Өс­кемен, Түркістан, Петропавл, Қостанай, Орал және Ақтөбе бар. Ал ауасы таза аймақ­тар­ға Көкшетау, Қызылорда және Талдық­ор­ған кірді. 
Қазақстан Ұлттық статистика бюро­сы­ның мәліметінше, экология салдарынан сыр­­­­қаттанатындар Алматы, Шығыс Қазақ­стан, «Семей ядролық полигонының эколо­гия­лық апат аймағы», Арал өңірінің эколо­гия­лық апат аймағында көп тіркелген. Он­ко­логиялық аурулардың «көшін» солтүстік және шығыс аймақтары бастап тұр.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша 2023 жылы еліміздегі 19 ірі қаланың 11-інде ауа­ның ластануы жоғары болған. Ал лас­танудың жоғары деңгейі Өскемен, Түр­кі­стан және Павлодарда, ал өте жоғары дең­гейі Алма­ты, Астана және Қарағандыда тіркелді.
Былтыр жыл соңында IQAir халықаралық ком­паниясы жүргізген зерттеу нәтижесіне сәй­кес, Алматы ресми түрде әлемдегі ең лас­танған ірі қалалардың онлайн рейтингіне ен­гізілді. Ару қала экологиялық қолайсыз ірі қа­лалардың ондығында бесінші орынға «ие» болды.
«Қазгидромет» ұсынған мониторинг нә­тижелері соңғы 5 жылда Қазақстанның бар­лық ірі қалаларының ішінде экологиялық жағ­дай тек Шымкентте жақсарғанын көр­се­теді. Қалған облыс орталықтары мен мега­по­лис­терде ауа сапасы тұрақты төмен деңгейде қалып отыр немесе нашарлаған.

Энергия өндірушілерге ешкімнің тісі бат­пай ма?

Ірі қалаларда ауаның ластануына өндіріс ошақ­тары тікелей әсер етіп отыр. Олардың ат­мосфераға зиянды заттарды көп мөлшерде тара­туы тұрғындардың денсаулығына кері әсер етеді. Алайда халықтың жағдайын ой­лай­тын зауыт бізде кемде-кем. Бұл сөзімізге DataHub ұсынған деректер дәлел бола алады. М­ә­селен, Алматы қаласында 2023 жылы соң­ғы үш жылдағы рекордтық деңгейдегі ауа лас­­­­­тануы тіркелген. Ал Ұлттық статистика бюро қала кәсіпорындары атмосфераға 44 мың тонна ластаушы зат шығарғанын мәлім­де­ді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6 пайыз­ға көп және 2020 жылдан бергі ең жо­ғары көрсеткіш.
Сарапшылар атмосфераны ластайтын негізгі ластаушыларға күкірт ангид­ри­дін, азот оксидтері мен ұсақ бөлшектерді жат­қызады. Барлық шығарындылардың жар­ты­сына жуығы (20,2 мың тонна) күкірт ан­гид­ридіне (SO2) тиесілі. Мамандардың айтуынша, еліміздегі ЖЭС-тар Екібастұздан алы­натын, құрамында күлі көп көмірді қол­данады, сөйтіп оны жағу кезінде бұл заттың көп мөлшері түзіледі. Ал азот оксидтері (NO2 түріне шаққанда) мен ұсақ бөлшектердің жал­пы көлемі сәйкесінше 8,7 мың және 7 мың тонна. Бұл барлық шығарындылардың 36 пайызына тең. Көміртек оксидінің (CO) шы­ғарындылары 5,7 мың тоннаны (13 пайыз) құрады. 
Өскемен түсті металлургия мен энер­ге­тика орталығы болғандықтан ауада ауыр ме­­­­талдардың, азот және күкірт қоспалары­ның да көлемі жоғары. Бұл қаланың тұрғын­дары кейде түсініксіз дертке шалдығып, та­мақ­­тары қышып, бастары ауырады. Бүгінде Өс­кемендегі ауа сапасы қандай екенін білу мақ­­сатында жергілікті эколог Дәулет Аса­нов­қа хабарласқан болатынбыз. 
– Көп жыл бойы қалада кешенді жұмыс бол­ған жоқ. Содан кейін бизнес өз бетімен, мем­лекет өз бетімен, министрлік өз бетімен не­ше түрлі жоспарлар құрады, бірақ орын­дал­майды. Оның орындалып, орындалмай жат­қанын да ешкім бақыламаған. Қаражат та қалай болса солай жұмсалған. Қала қатты газданғаннан кейін облыс әкімі ауа сапасына жауапты бір орган құрайық деген шешімге кел­ді. Нәтижесінде, «Өскемен тынысы» деген арнайы бюро құрылды. Ұйым қаланың ауа­сына қатысты өзекті мәселені шешумен шұ­ғылданады. Оның құрамына қарапайым тұрғындардан бастап құзырлы орган өкілдері кіреді. Қаладағы әр ауданға орнатылған арнайы құрылғылар арқылы экоахуалға тұрақты мониторинг жасалады. Кәсіпорын­дар­дағы сүзгілердің уақытылы ауыстырылуын да қадағалайды. Ал ауаны ластап, тіпті тұр­ғын­дардың денсаулығына нұқсан келтіретін зиянды затты шектен шығаратын кәсіпорын анықталса, жетекшілері жауапкершілікке тар­тылады. Қазір тексеріс жұмыстары жүріп жатыр, нәтижесі ақпан айында белгілі бо­лады. Ал жалпы біздің жұмысымыздың мақ­саты – экологиялық іс-шараларды дұрыстап таңдап алу және оны орындауға қаражаттың бөлінуін қадағалау. Өйткені көбінесе эколо­гиялық іс-шаралар жасалғанымен, облыстық әкімшілік қажетті ақшаны бөлмей жүрді, – деді эколог. 
Маманның айтуынша, халық ауаның ластануы туралы тек әлеуметтік же­ліде жазады, ал қоғамдық тыңдаулар мен үл­кен жиналыстарға қатыспайды. Мәселені ди­ванда жатып шешкісі келеді, алайда уә­кілетті органдар басқосу ұйымдастырып, ха­лықты тыңдайын десе ешкімді таппайды. Бы­лай қарасаң мәселе бар, алайда түптеп кел­генде тұрғындарды аса алаңдатпайтындай әсер қалдырады. Содан кейін мемлекеттік органдар да жағдай сондай жаман емес екен ғой деп шешім шығарады екен. 
– Былтыр басталған «Таза Қазақстан» рес­публикалық акциясын әлі де жалғастыру ке­рек. Одан кейін жастарды, студенттерді жи­нап дала сыпырып, қар күреп, көше таза­лап, әр жерге ағаш еккеннен гөрі әр қала бір-бір саябақ жасаса деп ойлаймын. Биыл ек­кен ағашқа келесі жылы күтім болмаса, су құйылмаса өліп қалады. Ал арнайы бір жерді бел­гілеп, саябақ ретінде ағаш отырғызып, соны жыл сайын суғарып, арам шөбін отап, тазалық жұмыстарын жүргізсе, әлдеқайда пай­далы болар еді. Әр қаладан бір саябақ ашыл­са, сол қаланың экологиясына да пайда­лы болады. Жалпы, үлкен қалалардағы ауа сапа­с­ын жақсарту үшін бірінші кезекте үлкен кәсіп­орындар және энергетика өндірушілер­мен кешенді жұмыс істеу керек. «Экологиялық кодекс» қабылданған соң енді бәріне қатты қараймыз деген еді, әзірге тек кәсіпорындарды аз­дап қыспаққа алып отыр. Ал энергетиканы мүлдем қараусыз қалдырды. Негізі, ауаны 70 пайыз ластап отырған – энергия өндірушілер. Бұл салаға әлеуметтік нысан деп, монополист деп ешкімнің тісі батпай отыр. Жылу бағасы жыл сайын қымбаттайды, ал ауаға шығарған шығарындылары азаймайды. Олар күндіз-түні көмірді жағып, энергия алумен ғана бас қа­тырып отыр. Экологиялық іс-шараларға атса­лыспайды, бір тиын ақша салмайды. Ми­нистрлік қыспаққа алуға қорқады, өйткені олар Үкіметке барып шағымданады. Тіпті, соңында «Қалаларды жылусыз қалдырамыз» немесе «Құбыр атылып, қатып қалса біз жауап бермейміз» дейді. Бұл дегенің таза боп­салау ғой. Сондықтан да оларға ешкім тиісе алмайды, – деп қорытты ойын эколог Дәулет Асанов. 

Ауаны тазалаудың жолы қайсы?

Бәріне кінәлі өндіріс орындары деуден аулақпыз. Мысалы, Алматы мен Аста­нада ластанудың негізгі пайызы жылу көздері автокөлікке, жеке секторға тиесілі. Өскемен жә­не Теміртау қалаларында қоршаған орта­ны өндіріс орындары бүлдіреді. Ақтөбе мен Аты­рауда ескірген кәріздерді тазарту жұ­мыс­тары ауаның ластануына себеп болады. Қа­рағанды көмір өндірісінің орталығы бол­ған­дықтан, атмосферада зиянды қалдық­тар­дың концентрациясы жоғары. Ал Ақтөбеде хи­мия­лық өндіріс пен өнеркәсіп дамыған­дық­тан, ауада фосфор және ауыр металдардың концентрациясы жоғары. Ауаның сапасына көліктерден шығатын түтін, зауыттардан бөлінетін зиянды заттар, тұрмыстық және өнді­рістік қалдықтар, және ауыл шаруашы­лы­ғындағы пестицидтер мен гербицидтер те­ріс әсер етеді. Бұл – ластағыштар адам ден­­­­сау­лығына өте қауіпті.
Экологтардың бас ауруына айналған ауаның ластануы мәселесі ғалым­дарды да толғандырып отыр. Былтыр әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық универ­сите­тін­де заманауи аналитикалық әдістер мен мо­дельдеу құралдарын пайдалана отырып, Астана және Алматы қалалары ауасының сапа­сын жақсарту бойынша ғылыми-зерттеу бағ­дарламасы әзірленді. Зерттеу кезеңінде Ал­маты және Астана қалаларының ауасында ор­ганикалық қосылыстардың концент­ра­ция­сы анықталып, зерттеліп, олардың көз­дері анықталды. Алайда әр қалада жасалатын мұн­дай зерттеулер нақты нәтиже бермей отыр. Өйткені бұл әрекеттер тұрақсыз, тиім­ділігі төмен. Мамандар мәселені терең зерт­теп, себеп-салдарын анықтағаннан кейін де тиім­ді шешімдер қабылдауға кедергі бар дей­ді. Ол – ауа сапасы бойынша сенімді де­рек­­тердің жоқтығы. 
Қазақстанның ауа сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қажет. Бұл эко­ло­гия­лық саясатты жетілдіруді, жаңа технология­лар­ды енгізуді және халықтың экологиялық мә­дениетін арттыруды қамтиды. Ауа сапасын жақ­сарту үшін ең алдымен өнеркәсіп шыға­рын­дыларын азайту керек. Бұған көмірмен жұ­мыс істейтін ЖЭС-терді біртіндеп жаңарту не­месе газға алмастыру, кәсіпорындарға эко­логиялық стандарттарды қатаңдату және жа­сыл технологияларды енгізуді міндеттеу, қал­дықсыз немесе төмен шығарындылы өн­дірісті дамыту кіреді. Екінші бір жолы – көлік шы­ғарындыларын қысқарту. Нақтырақ айт­сақ, электр және гибрид көліктерді пайдалану, қо­ғамдық көлікті дамыту және электробус­тар­ды көбейту, қала ішінде велосипед және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жақсар­ту. Ауа сапасын жақсартудың үшінші жолы – жасыл аймақтарды кеңейту. Әсіресе, кеңейту кө­бейту, орман алқаптарын қорғау және кө­бейту, ландшафтық экологияны ескере оты­рып, көгалдандыру жобаларын жүзеге асы­ру маңызды. Қалдықтарды басқару жүйе­сін жетілдіруді тығырықтан шығудың төр­тін­ші жолы ретінде қарастырсақ болады. Оған қоқысты сұрыптау жүйесін енгізу және қай­та өңдеу саласын дамыту, пластик пен бас­қа да зиянды қалдықтарды пайдалануды азайту, тұрмыстық және өндірістік қалдық­тар­дың экологиялық таза әдістермен ути­лиза­циялануын қамтамасыз етуді жатқызуға болады. Бесінші тәсілі – құрылыс пен ком­му­нал­дық секторда экологиялық стандарттарды ен­гізу. Мәселен, энергияға тиімді материал­дар­ды қолдану, көпқабатты үйлерде энергия үнемдеу жүйелерін енгізу, қатты отынмен жы­лытуға балама ретінде газ және электр энер­гиясын қолдануды дамыту. Біз атаған жол­дардан бөлек халықтың экологиялық мә­дениетін арттыру да өте өзекті. Балалар мек­тептен экологиялық білімді, ал халық жауапкершілікті сезінсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұдан бөлек біз жоғарыда атаған процес­тер­дің дұрыс атқарылуын мемлекет өз ба­қылауына алуы керек. Айыппұлдарды қатаң­дату, ауаны ластаушы кәсіпорындарға мони­то­ринг жүйесін енгізу, экологиялық саясат­тың ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары