Ресейдің Ханты-Манси автономиялық округінің Ханты-Манси ауданы аумағында автобус жолдан шығып кетіп, аударылып қалды. Салдарынан екі адам қаза тауып, тоғыз адам жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгін сағат жергілікті 07:40-та Югра бойынша Ресей ІІМ кезекші бөліміне Ханты-Манси ауданындағы Түмен – Тобыл – Ханты-Манси автожолында автобустың жол-көлік оқиғасы туралы хабар түсті», – делінген Югра үкіметінің ресми мәліметінде.
Аймақ үкіметі оқиға салдарынан екі адамның қаза тапқанын, тоғыз адамның зардап шеккенін растады. Жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін тоғыз жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі көлікті басқара алмай, жолдан шығып кетіп, автобус аударылып қалған. Зардап шеккендер Ханты-Манси округтік клиникалық ауруханасына жеткізілді. Автобуста барлығы 16 адам болған, олардың арасында кәмелетке толмағандар жоқ.
Югра үкіметінің хабарлауынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасына көмек көрсету мәселесі аймақ губернаторы жеке бақылауында.