266
Оралда есірткі сатқандардың әрекеті бейнекамераға түсіп қалған
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Орал қаласында есірткі сатқан 20 жастағы ер адам қолға түсті, деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, күдіктінің әрекеті көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жедел басқару орталығының инспекторы көпқабатты үйдің ауласында күдік тудырған адамдар тобын байқап, оқиға орнына патрульдік полицияны жіберген.
Тексеру кезінде 20 жастағы ер адам ұсталып, оның қалтасынан ерекше иісі бар жасыл-қоңыр түсті өсімдік тектес зат табылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Заңнамаға сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін 80 АЕК (314 560 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.