Ат баптаған Ақмарал

"Біле білсеңіз, жылқы адамға адал әрі ақылды жануар ғой. Оны біраз уақыт баптап-баққаннан кейін жақсы көрмеу мүмкін емес. Жылқыны қа­лай жақсы көретінімді сөзбен айтып түсін­діре алмаймын".

Ат баптаған Ақмарал
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
1411

Жетісу облысы Ескелді ауданына қарасты Абай ауылында тұратын Ақмарал Адыбаеваға таңданбайтын адам кемде-кем шығар. Ат жаратып, бәйгенің бабын біліп, ердің ісін еңсеріп жүрген Ақмаралдан айналасында мал ұстап отырғандар ақыл-кеңес сұрап, өз арасында оны мал дәрігері деп те атайды екен. Жылқы десе ішер асын жерге қояр Ақмарал жуырда Ресейден тұлпар сатып алып, оның құлындарын келесі жылы бәйгеге қоспақ. Тоңазытқышы азық-түліктен гөрі жылқыны емдейтін дәрі-дәрмекке толы атсүйер Ақмаралға хабарласып, әңгімелескен едік.

«Ертең менімен некелеспесеңіз, жолымыз екіге айырылсын»

Мен – Талғар қаласының тумасы­мын. Аспаз мамандығын меңгер­ген­мін. Денсаулығыма байланысты климат ауыс­тыру керек болды. Сөйтіп, Талғардан Тал­дықорған қаласына қоныс аудардым. Он­да бір кафеде аспаз болып жұмыс істе­дім. Екі күн істеп, екі күн демалатынмын. Қо­лым бос күндері мүмкіндігі шектеулі жан­дарға қарайласқым келді. Зағип жан­дар­ға «Бір жерге бару керек болса, маған ай­­тыңдар» дейтінмін. Арбаға танылған апай­дың тамағын әзірлеп беретінмін. Оным үшін ақы алмаймын, Алла разылығы үшін қиын жағдайда жүрген жандарға көмектескім келді. Осылайша, волонтер болып жүрдім. Талдықорғандағы мүге­дек­тер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұл­бике апайға үнемі көмектесетінмін. Ол кісі бірде мені кеңсесіне шақырып, бірінші топ­тағы мүгедек, зағип – қазіргі жолда­сым­мен таныстырды. Кеңседегі қызметкерлер менің онымен көңіл жарастырғанымды қалады. Біраз уақыт араласып жүрдік. Уақыт өте келе оны ұнатып қалғанымды тү­сін­дім. Екеуіміздің де бес уақыт нама­зы­мыз түгел. Бұлай жүре берген болмас деп ой­ла­дым. Сөйтіп, бір күні онымен ашық сөй­лестім. «Маған қатысты ойыңыз не? Ара­мыздағы құр достық па әлде не?» деп тікесінен сұрадым. Әйтпесе, өзі сөз айт­пай­ды, тек «кел, көмектес» дейді. Жасымыз бол­­са, қырыққа таяп қалған. Ол бір-біріміз­ді тағы да тани түскісі келетінін, тағы біраз уа­қыт сөйлесіп жүргісі келетінін айтты. Мен «Ертең – жұма. Ертең менімен неке­лес­песеңіз, жолымыз екіге айырылсын» деп қойып қалдым. Ол кісіге де оңай болмады. Екеуіміздің отау тігіп, бөлек шаңырақ бола алатынымызға күмәнданса керек. «Мен кейін ауылды жерде тұрамын. Мал өсіремін. Сен ол тұрмысқа шыдас бересің бе?» деп сұрады. Қалада өскен мен «Мал бағудан хабарым жоқ, алайда үйреніп аламын» дедім. Келесі күні туған-туыс, дос-жаран, имамды шақырып, некемізді қидық. Бастапқыда Талдықорғанда пәтер жалдап тұрдық. Бірақ екеуіміз де жер үйден артық баспана жоқ екеніне көзіміз жетті. Сөйтіп, Ескелді ауданына қарасты Абай ауылынан несиеге үй алдық. 
Күйеуім кезінде ауданға белгілі жыл­қы­шы болған. Он үш жыл бұрын оқыс жағ­дай­ға тап болып, екі көзі көрмей қалған. Көз көргенге дейін үйі, мал-жайы, отбасы бол­ған. Тағдырдың ісі шығар. Кейін бәрінен айы­рылып қалған. Бірінші жолдасын «Төрт қа­бырғаға телміріп отыратын адамға бай­ла­нып қалмай, өз теңіңді тап» деп, ажыра­су­ға өзі бастамашы болған. Ұзақ жыл жал­­ғыз жүрген екеуімізді тағдыр Талды­қор­ғанда қосып тұр.

«Шап, қане! Шап!» деп айқайлаймын

Біз жылқы баптау ісімен бірден айналысып кеткен жоқпыз. Алдымен тауық сату бизнесін қолға алдық. Бір кісіден инкубатор сұрап алып, онда 60 теңгеге жұмыртқа сатып алып, балапан өсірдік. Сосын оны 1 000 теңгеге саттық. Одан соң арзан бағаға 7-8 ешкі сатып алып, оны 19 басқа жеткіздік. Сөйтіп, балапан, ешкі сатып жүріп жиған ақшамызға бір тай сатып алдық. Ол тайды өз баламыз секілді мәпелеп, асты-үстіне түсіп, әбден күтіп-баптадық. Базардан апта сайын сәбіз сатып алып, оны жақсылап жуып, тазалап, жеміне араластырып беремін. Кейін бір кісілер оны ұнатып қалып, бой бермей сұраған соң, 1 млн теңгеге сатып жібердік. Содан кейін бір бие сатып алдық. Ол үш құлын туды. Сосын біраз қаражат жинап, тағы бие сатып алдық. Сөйтіп жүргенде бәйгеге қызығушылық пайда болды. Өзім бәйге жарыстарынан қалмаймын. Бәйге десе, қаным қызып, делебем қозады. Жарыстарда біреудің үкілеп қосқан жылқысы құлап жатса, иесімен бірге жылап, жаным ашып тұрады. Ипподромға жолдасымды ерте барамын. Ол кезінде бәйгеге бәленбай ат қосқан, өзі де шапқан. Жарыс басталған кезде «Көк ат былай келе жатыр. Сұр ат артта қалып қойды» деп бәйгенің барысын сипаттап айтып отырамын. Өзіме ұнайтын жылқы артта қалып келе жатса, жолдасыма сипаттап тұрғанымды ұмытып, арқам қозып, көппен бірге «Шап, қане! шап!» деп айқайлаймын. Айналамдағы ер адамдар біртүрлі көзбен қараса да, мән бермеймін. Сосын алға қарай жүгірген топтың ішіне қа­­­­лай кіріп кеткенімді байқамай қаламын (кү­ліп). Қанша айналым бойы қарсы­лас­тарын шаң қаптырып, алдыңғы шепте келе жатып, мәреге жақын қалғанда шаба алмай қалған жылқыларға қарап сіздің де жа­ныңыз ашиды ғой. Сондай сәтте алаңға атып шығып, болдырып қалған жылқы бай­ғұсқа көмектескің келіп кетеді-ақ. Бір кезде анау жақтан жолдасым «Әй, жалғасын неге айтпай тұрсың? Кім бірінші келді?» деп айқайлайды. «Қазір айтамын» деп қасына жетіп барып, бәрін егжей-тегжей айтып бере­мін (күліп). Осылайша, жарыстарға ба­рып жүріп, өзгелер секілді біздің де аламанға ат қосқымыз келді. Сөйтіп, жан-жақтан бәйгеге шабатын жылқы іздедік. Бәйгеге бүгін қосыла салатын тұлпарлардың құны өте қымбат. Біз секілді шаруада ондай қаражат қайдан болсын? Ат жарыстардың бірінде бәйге федерациясының вице-президенті Мұрат Өсербаевты көріп қалдым. Ол кісіні сыртынан танып, елдік істерге белсенді араласып жүргені үшін айрықша сыйлайтынмын. Әдетте ол кісі отыратын басты трибуна жаққа ешкімді өткізбейді ғой. Ол жаққа сүрініп, жығылып жүріп өтіп, Мұрат ағамен танысып, суретке түсіп, сосын ол кісіден бір бас жабағы сатып алғым келетінін айттым. Ақыры ол кісіден бір жылқы сатып алдық. Содан соң Қордайдан, кейін Алматыдан бір-бір жыл­қы тағы сатып алдық. Сол аралықта дұ­рысы жылқыны қай жақтан, қандай тек­тен алу керек екенін жіті зерттедік. Жол­дасым­ның жалақысын, менің бар тапқанымды жинап, Ресейдің Краснодар аймағынан іздеген жылқымызды – араб тектес Едина­ны таптық. Әкесі – үш кубок ұтқан айғыр. Бұйырса, бір айдың ішінде құ­лындайды. Оған да айрықша күтім жа­сап, үстіндегі шаңын үрлеп, бағып-қағып отырмын. Аман-есен құлындаған соң, бұйырса, келесі жылы көктемде бәйгеге қоссақ па деп отырмыз. Оған дейін де қора­да тұрған басқа жылқыларды жарысқа бап­тап апарамыз. Бізде осыған дейін арнайы бәйгеге баптап жатқан қаншама жылқымыз болды. Енді қосамын деп жүр­генде басқалар сатып алып кетеді. Біздің үй  ауданға апарар басты жолдың бойын­да орналасқан. Біздің үй жақта болып жат­қанның бәрі көрініп тұрады. Әрі-бері жылқы іздеп жүретін, әрі біздің ауылдан кейін орна­ласқан, ел ауызында жүрген жас шабандоз Хамза мен тұлпары Жұмыртұяқ тұратын ауылға арнайы баратындар жолай бізге соқ­пай кетпейді. Кейбірі жылқыны жақ­сылап баптап жатқа­ны­мызды байқап, екі есе бағаға сатып алатынын айтады. Осы­лай­­ша, талай тұл­пар­ды баптап, сатып жі­бер­геніміз бар. Қа­зір қорамызда 10 шақты жылқымыз бар. Со­ның үшеуін алда өтетін бәйге жарыс­тары­на қоспақ ниеттеміз. Негізі, бәйге жа­рысы – күйеуімнің хоббиі. Оның қасын­да жүріп, жылқыға деген сүйіспеншілігім пайда болды. Бір кезде кәсіп етіп ашқан ісім бүгінде сүйікті ісіме айналды. Біле білсеңіз, жылқы адамға адал әрі ақылды жануар ғой. Оны біраз уақыт баптап-баққаннан кейін жақсы көрмеу мүмкін емес. Жылқыны қа­лай жақсы көре­тінімді сөзбен айтып түсін­діре алмаймын. 

«Ақмарал, бүгін биеңнің жағдайын білдің бе?»

Ресейден сатып алған биені күтіп алу үшін Ұзынағаштан ары орналасқан бір ауылға бардық. Жылқылар тиелген КамАЗ келгенше атбегінің үйінде күтіп отыр­дық. Бізді күткен келіншек: «Сіз мұнда не істеп жүрсіз?» деп сұрады. «Мен де күйеуің секілді атбегімін. Ресейден бие са­тып алып жатырмын. Соны күтіп алуға келдім» десем, ол әйел маған «Әйел адам­ның жылқыда не шаруасы бар?» дегендей таңдана қарайды. Мен онда сіңлім мен оның шопырымен бірге барғанмын. Дас­тар­қан басында сіңлім «Мен дым түсінбей­мін, әпкемнің көңіліне қарап келе салдым» десе, жасы үлкен шопыр ағай «Осы жасқа ке­ліп әйел адамның осыншалық атқа қы­зық­қанына таңғалып отырмын» дейді. Кенет әлдебіреу даладан үйге кіріп, КамАЗ келгенін айтты. Отырған жерімнен атып түрегеліп, «Единам келді» деп бәрінен бұ­рын көргім келіп, сыртқа атып шықтым. Бір жағынан 6 күн жол жүріп, қиналып кел­ген оны тезірек көліктен алып шыққым келіп тұр. Екінші жағынан, оны онлайн таң­дап алғасын, өмірде қандай екенін тезі­рек көруге асықпын. Осы уақыт ішінде жыл­қыны бір кісідей танып алдым ғой. Де­генмен Единаны көзбен көрмей, видео арқылы таңдаған соң күдігім басым бол­ға­ны рас. Сөйтсем, бекерге уайымдап­пын, мен ойлағаннан да жақсы жылқыны ал­дыр­тыппыз. Оны көліктен түсіргендегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Құшақ­тап, жыладым кеп. Айналамдағылар ви­деоға түсіріп әлек. Жолдасыма хабар­ла­сып «Единамыз келді! Мен оны жетелеп жүр­мін» деп хабарладым. Сосын Талды­қор­ғандағы ипподромның салынуына зор үлесін қосқан, кез келген мәселемді айтып, ақыл­дасатын жанашыр жан, арбаға таңыл­са да, ат баптаудың шебері Асқарбек ағаға ха­барластым. Ол кісінің айтқан ақылы үне­мі пайдама жарайтын. «Ақшаны неге ерте бердің? Ертең қандай бие келетінін білмейсің ғой», «Ақмарал, бүгін биеңнің жағдайын білдің бе?» деп менімен бірге уайымдап, үнемі қолдап жүретін мәрт кісі. Жолдасымнан кейін ол кісіге де хабарласып «Асқарбек ағай, менің бием келді ғой!» деп сүйінші сұрадым. Ол маған жылы лебізін ай­тып, желпіндіріп қойды. Ол жердегі атбе­гі жігіттер «Әпке, бүгін осында қалсын. Бос орын бар» десе де, өзім білетін жаққа апа­рып, түнетіп, сосын өзіміз жаққа алып кел­дік. 
Күйеуім Қаскелеңдегі мәдениет кол­лед­жін бітірген. Қазір Ескелді ауданындағы кітап­хананың зағиптар бұрышында жауап­ты кітапханашы болып жұмыс істейді. Күні бойы жұмыста болғасын малға өзім қарай­мын. Жұмыстан келгесін екеулеп мал жай­ғаймыз. Аллаға шүкір, елімізде мүмкіндігі шек­теулі жандарға барлық жағдай жасал­ған. Мен – жолдасымның жеке көмекшісі әрі заңды өкілімін. Үкімет сол үшін маған ақша төлейді. Жолдасым жұмысына инва­так­си арқылы барып келеді. Еш қиындығы жоқ. Күпірлік айтпаймыз.
Мал қарау ісіне көмекші жалдап көр­дік. Дегенмен бәрібір өзің се­кіл­ді қарамайды екен. Сондықтан қазір бүкіл шаруаны өзіміз істейміз. Көршінің 2-3 баласын атқа мінігізіп, серуендетіп қай­тамыз. Жылқының бойын жазу үшін күн­делікті сыртқа шығарып тұрамыз. Мысалы, біз күні бойы үйде отыра берсек, денеміз құрысып қалады ғой. Сол секілді жылқыны да күніне сыртқа алып шығып, сергітіп тұру керек. Жылқыға мінетін бала таңдау да бір өнер. Олардың әрбірінің мінезіне сай ат­тарды таңдап береміз. Тұйық балаларды мі­незі «шатақтау» аттарға мінгіземіз. Ал жұлқынып тұрған балаларға жуас аттарды таңдап береміз.

«Тоңазытқышым азық-түлікке емес, дәрі-дәрмекке толы»

Қазір не көп, чат көп қой. Кез келген мә­се­лені сонда талқылаймыз. Атбегілердің бө­лек чаты, базардағылардың арнайы чаты бар. Шаруалар малы ауырып қалса сонда жазып, «Не істесем болады?» деп ақыл сұ­рай­ды. Малға туған баламдай қарап жүр­ген­дік­тен, бар білгенімді ұзын сонар мәтін қылып, жауап жазып отырамын. Сол жер­дегі бір кісі менен үнемі кеңес сұрап оты­рады. Ол мені телефонына «Ақмарал – мал дәрігері» деп сақтап қойса керек. Бірде ол жылқысы ауырып қалған көршісіне менің нөмірімді беріпті. Ол кісіге қажет ем-домды айтып берген соң, «Қай ветинститутты бітіргенсіз? Көп біледі екенсіз» дейді. Мені расында, көпшілік мал дәрігері деп ойлайды екен. Малды айрықша ұстап отырғасын бұл саланы да меңгеріп алады екенсің. Оған қоса, асырап отырған малыңның жаны шығуға шақ қалып, ауырып жатса «Мал дәрі­герін күте тұрайық» деп қарап отыр­майсың ғой. Әсіресе, түнде ауырып қалса, мал дәрігерін қайдан іздеп жүресің? Сон­дықтан бәрінен хабардар болғаның абзал. Қазір менің тоңазытқышым азық-түлікке емес, дәрі-дәрмекке толып тұр. Малдың ем-домына қажет дәрінің бәрі бар.
Бар мақсатым – қорамдағы жылқы­лар санын көбейту. Үлкен ат қора салып, таза қанды мал өсіруді көздеймін. Содан соң оларды бәйгеге қосып, жеңісін, же­місін көргім келеді. Ол жарыстардан ұтқан көлікке мініп, тапқан қаражатқа жаңа үй сатып алсам деймін. Бұйырса, бұл м­е­жеге күйеуіміз екеулеп жетеміз. Сол үшін шамамыз келгеннің бәрін жасап, тырысып жатырмыз. 

Жазып алған 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары